Поэзия

Кең дала төсі, Замана көші…

БАБАЛАР СӨЗІ

Уһ, артта қалды айырып ерік-жігерден,

түпкі мұраттан жаңылтқан дойыр ғасырлар.

Қара бұлттарды қумақ боп төніп-түнерген,

бұйырған сынға бәрің де бой ұрғансыңдар.

Тойшыл масылдар күйттесе күйкі тірлікті,

халықтың қамын толғады ойшыл асылдар.

Бейқамдау жүрген Алаштың жұрты дүрлікті,

ойнады көкте жарқылдап жойқын жасындар.

КЕҢ ДАЛА ТӨСІ –

ЗАМАНА КӨШІ.

БАБАМНЫҢ КӨЗІ –

СӨЗДЕРІ ОСЫ.

Елім мен жерім дін аман, менікі деймін,

өзімдікі деп сеніммен сезініп келем.

Күдік-күмәнға өзімді еш жеңдірмеймін,

ақылым кемел, ИншАлла, сезімім кенен.

Әлімсақтан біз осынау ғаламда бармыз,

Жаратқан ием қолдаса, Тәңірім дерміз.

Қағанат құрып, ордалы шаһар салармыз,

әрқашан жасап, жаңғырған Мәңгілік Елміз.

ЕЛ ЖАДЫ, ЕСІ,

АЙБЫНЫ, СЕСІ.

БІЗДЕРГЕ ЖЕТКЕН

БАБАЛАР СӨЗІ.

Көптің елеусіз бірі емес, дара екенбіз,

ұлттық сана мен зердені дүр сілкіндірдік.

Ата-бабаны ардақтап, дана дегенбіз,

асырып Дала айдынын, нұрды сіңдірдік…

Базарлы болған елміз біз бағзы заманда,

ажарлы болу – бүгінде асыл мұратым.

Зор болған кеше ақберен батыр бабам да,

нар боламын деп туды ғой жас ұмтылатын.

ШЕЖІРЕ ЕСТЕ –

ТОҚЫЛҒАН КЕСТЕ.

ЖҮЗ ТОМДЫҚ МЫНАУ – ӘДЕБИ ДЕСТЕ.

Ғасырлар бойы сарқылмас ұлы төзімдей,

Ару жүректен жолдаған сұлу сезімдей.

Асқақ та әсем әнім боп әуелейтінім,

ұзағынан сүйіндір деп тәубе дейтінім,

күмбірлеген күйім боп төгілетінім,

үкілеген жырым боп өрілетінім –

АМАНАТ БОЛЫП БІЗДЕРГЕ ЖЕТКЕН

БАБАЛАР СӨЗІ!

КӨК ТҮРІК КӨКТЕМІ

Көркем қандай,

Көк түріктің көктемі?!

Шуақты нұр, сәулелі нұр төккені.

Қырдың төсін қыздырады күн ұзақ,

Қыздың төсін қытықтайды от демі…

Көк Тәңірдің шатырындай көк аспан,

Он сегіз мың ғаламменен жалғасқан.

Мұзарт шыңы көк найзаның ұшындай,

Асқар тауым сол аспанмен таласқан.

Күн нұрымен шағылысып мұз-қары,

Сұстанғанда сезілгендей ызғары.

Шартарапқа паң қарайды асқақтап,

Сайрандайды тау тағысы, құстары.

Төңірекке көз тастайды Көк бөрі,

Көкірегін тырмалайды көп шері.

Дәтке қуат – көздің жауын алады,

Көк кестелі, гүл дестелі бөктері.

Мен мұндалап шақырады ақ боз үй,

Өн бойыңды билеп кетер шандоз күй.

Жан жадырап жасыл жайлау төсінде,

Кетсе шіркін, жыр төкпелеп, ән шалқи!

Ойнақ салып асыр салар тай-құлын,

Сездіргендей сайран шақтың айбынын.

Жат көздерден жалтақтамай, жасымай,

Кешсек шіркін, шалқар дала айдынын?!

Тұлпар мініп келіп тұр ғой немерем,

Кеңіп салды шалқып-тасып кенерем:

Сендей таза пейілді жас көп болса,

Мен елімнің ертеңіне сенер ем?!..

ОТАНЫМ БАР, ОШАҒЫМ БАР

ОТЫ СӨНБЕЙ ЛАУЛАҒАН…

Отаным бар опынса да опасыз

бұл жалғаннан,

Ойып тұрып орнын алған

Он сегіз мың ғаламнан.

Ортекелер орғып жүрген айналайын

тауымнан,

Ақ бөкендер желіп жүрген айналайын

даламнан!

Ошағым бар оты сөнбей лаулап

жанып тұратын,

Ордалы ой мен сұлу сезім – менің

асыл мұратым.

Ордаңдамай, кердеңдемей еңбек

еттім ерінбей,

Оңайлықпен соғылған жоқ

Жансарайым – шұратым.

Маңдай терін сүмектетіп бір адамдай

төктім мен,

Әрбір жылым тұрады әсте жалын-күннен, от-күннен.

Табан ақы дегенді сен білесің бе, ант ұрған,

Түптің түбі бір жылайды ойсыз-қамсыз

көп күлген…

Көксегем жоқ жатыпішер, арамтамақ

болғанды,

Күлкісіз күн, ұйқысыз түн кес-кестеген

жол қалды.

Отансыздар ортамызда ойнақтаса

ойран сап,

Сабыр сақтап салмақтадым ойларымды толғамды.

Жүрек байғұс қалай шыдар, ауырады шымшылап,

Дір-дір етіп дірілдейді, солқ-солқ етіп

тұр жылап.

Бөрі арығын білдірмес деп

күжірейем кәдімгі,

Біткен жоқ қой, алдымыздан күтеді

әлі сын-сынақ.

Отансыздар – жүрексіздер, халықсыздар,

ұлтсыздар,

Атажұрттың қасиетін, құнын білмес

құнсыздар,

Жақсылықтың, игіліктің білмей

өткен қадірін,

Ортақ іске бір кісідей жұмылмайтын

қырсыздар.

Отаным бар опынса да опасыз

көп сатқыннан,

Отыз озық ел легіне қосылам деп

талпынған.

Отансыздар көткеншектеп артқа

тартып бағады,

Ондайларды мәу демейтін айналдым

өр халқымнан.

Отаным бар, ошағым бар оты сөнбей

лаулаған,

Орманым бар, бау-бақшам бар гүлдері

өсіп қаулаған.

Күш-қайратты жұмсап бағам, жүрек

соғып тұрғанша,

Ұрпағыма қалсыншы деп өзен-көлім,

тау-далам!

ШЫНАЙЫЛЫҚ ПЕН

ЖАЛҒАНДЫҚ

Айналамыз толы үміт, күдікке,

Қара жүрек пенделерден нұр күтпе.

Сені күткен жандар бар ғой жалғанда,

Ал күтпейтін жерге, достым, үздікпе.

Барма онда, сән-салтанат құрса да,

Қақпа есікті, тіпті жабық тұрса да.

Мейлі олар жайлап жасыл жайлауды,

Ғимаратты салса дағы үр жаңа.

Дос туралы болар бәлкім бөсуге,

Тіпті оның қасына да көшуге?!

Шынайылар өздері іздеп келеді,

Жымысқылар тиіс жадтан өшуге!

Кештік тірлік айналаға алаңдай,

Сабылған жұрт тірнек іздеп жалаңдай.

Айғайлама – керек қылған түсінер.

Олар үшін сыбырың да жанайқай.

Жол түссе де, сөз тисе де – жамырау,

Серке бастап, қойша қостап маңырау.

Кімге қымбат болсаң, іздеп табады,

Қалған қулар мақау, мылқау, саңырау!

Шақырмаған жерге барма, емінбе,

Мафияның арбасына жегілме!

Қастық қылған қолын берсе, қуанба,

Жазықсыздан жапа шексең, егілме!

Жалғаншылар болмас серік, қанаттас,

Жерді басып жүргеніңді жаратпас.

Шынайылар қалдырмайды ұятқа,

Шынайылар сені жерге қаратпас!

Жанашырды ешқашан да ұмытпа,

Жүрегіңді ізгі жанға суытпа!

Қалғандарды айналаңа жинама!

Жалғандарды маңайыңа жуытпа!

ЖАРАТҚАН ИЕМ ЖАҚСЫЛЫҚ НҰРЫН ЖАУДЫРҒАН

Жарық жалғанның жарқын жүзіне

жанарым

Жасаурағанша жаутаңдап ұзақ қарадым.

Жан-жүрегіммен жадырап, шалқып көңілім,

Тынысым кеңіп, тыңайып, түлеп жарадым.

Жалықпай жазып жаһан, жаһаннам

хақында,

Шаршады білем, ғалым да бүгін, ақын да.

Жылға жыл жуық, жылдамдатып кеп жылжыса,

Ұшқыр уақыттан қалыспай сен де тақымда.

Дәуір мен дәуір жатқанда мынау алмасып,

Жазыма жазым, жасыма жасым жалғасып,

Жалғызсырамай, жүдеп-жадамай

жабырқап,

Иншалла, келем асудан асып, бел асып.

Ұзында өшім, қысқада кегім жоқ менің,

Керегі қанша жосықсыз реніш, өкпенің.

Адамның бәрін өзімдей көріп тұрамын,

Қиянат жасап, жазықсыз жанды сөкпедім.

Өткен күндерге қарайласам да тез өткен,

Аулақпын дәйім пәле-жаладан, өсектен.

Бағымның қонып, қонбағанын да,

жағымның

Жалпайғанын да, жұқарғанын да сөз етпен.

Шуағым шашып жарқылдап Күндей

күлсем кең,

Қуатым тасып жампоздай жортып

жүрсем мен –

Жаратқан ием жақсылық нұрын жаудырған,

Шапағатымен желеп-жебеген деп сенгем.

Ніл көкте самғап қанатын қақса сұңқарым,

Төсінде қырдың жөнелсе жүйткіп тұлпарым,

Көк-Тәңіріне ризашылықпен жолдарым –

Мың да бір алғыс, жүректен шыққан

жырларым!..

Сәбит БЕКСЕЙІТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button