Қарқаралының Матақ батыр ауылында дүниеге келген, бүгінде қазақ сөз өнерінің өрісін кеңейтіп, поэзия көгінде қанат қағып жүрген танымал ақын, қаламы қарымды, ойы терең журналист, Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Алиф» пен «Сағыныш басқан» жыр жинақтарының авторы Ерқанат Кеңесбекұлымен тағылымды рухани жүздесу өтті. М. Әуезов атындағы қалалық орталық кітапхананың төрінде ұйымдастырылған «Бақыт деген Сіз бен Біз» атты әсерлі кеш арқалы сөздің қадірін білетін оқырман қауым мен ел зиялыларының басын қосып, рухани шөлді қандырған салиқалы жиынға айналды.

Хакім Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы» деген ұлы қағиданы ұстанып, кеш барысында ақынның жүрек түкпірінен шыққан, адамгершілік пен рухани құндылықтарды өзегіне өрген отты да сырлы жырлары оқылды. Абайдың «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» дегеніндей, ақынның сырлы сөздері тыңдарман көкірегіне жол тауып, жастарға тағылымды тәрбие берерлік салмақты ой-пікірлер ортаға салынды. Рухани кештің көрігін қыздырған Ә. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының белсенді оқушылары мен №61 жалпы білім беретін мектептің шәкірттері ақынның өлеңдерін нақышына келтіре жатқа оқып, күмбірлеген күй тартып, жиналған жұртшылықты тәнті етті. Сондай-ақ, жас ақындар аға буынға арнау өлеңдерін арнап, өз шығармашылықтарынан да шашу шашты.
Ақынның «Сағыныш басқан…» жыр жинағына уақытында Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев:
«Менің “Көзін көрдік жақсыменен жайсаңның” атты естелік кітабыма жылы лебіз білдіргеніңе рақмет айтам. Қазір сексендегі қарт үшін кейінгі жас толқынның пікірі аса маңызды. Мұнымен қоса, өз жырларыңды назарыма ұсынған екенсің, айтайын. “Түн көлеңкесінің ұйыған кезі…” атты туынды сенің талантты қаламгер екендігіңді айғақтайды. Ең қатал сыншы – уақыт…» – деп ақ батасын берген екен.
Халықтың алып жазушысынан бата алған ақын алғашында дүйім жұртқа «Керімсал» есімімен танымал болған.
– Марқұм Қайрат Асқаров ағамыз мүшайраның біріне бүркеншік есіммен қатысу керек болғанда қайрыламыз ғой. Сонда маған айтып еді: «Ерқанат, сен бір өзің бір керімсал жігіт екенсің, сенің бүркеншік атың – Керімсал болсын», – деп. Содан жаңағы Керімсал деген атпен екі-үш мүшайрада жүлделі орындар алған екенбіз. Кейін бұл «Керімсал Кеңесбекұлы» деп танылдық ол кезде. «Жастар әлемінде» Гүлнар Махан деген досымыз бар және Мағжан деген бауырымыз сол есімді өздері сұхбат бойынша тірілтіп, қайтадан жазып шықты, – дейді Кеңесбекұлы.
Ақынның мерейін үстем етіп, шығармашылық кешке арнайы қолдау көрсетіп келген мәртебелі қонақтардың қатары қалың. Рухани майдандас бауырлары, замандас әріптес ақындар – Ерболат Қуатбек, Жәлел Шалқар, Қасымхан Ғалым өлеңнен өріп, достық пейілдерін жеткізсе, ақынның өмірлік серігі, жары Салтанат Смағұлтегі де кештің жоғары деңгейде өтуіне аяулы үлесін қосты. Шараға ақынның асыл ұстазы Ғазиза Ғабдоллақызының қатысуы кештің қадірін арттырып, ұстаз бен шәкірт арасындағы сабақтастықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Арқаның ақындары әлімсақтан азулы, сөзі семсер, жыры отты келетіні, олардың қаламынан туған дүниелер қуатты екені айқын. Ерқанат Кеңесбекұлының қанаты Арқа жерінің алақанында Алаш жұртының аспанында биіктейді.
Нұрасыл АМАНЖОЛ
Е. Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті





