БрифингРесми

Індет қысса да, іркіліс жоқ

Пандемия кезеңінде Қарағанды облысы айтарлықтай жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Биыл облыста 1349,9 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 3,6 пайызға өсті. Қара металлургияда – 15,7 пайызға, түсті металлургия – 3,2 пайызға өсім бар. Қазір аймақта жалпы құны 2 трлн. теңгені құрайтын 40 жоба жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін экономиканы дамытуға кем дегенде 810 млрд. теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл және өзге де жетістіктер туралы кеше облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК Орталық коммуникациялар қызметін өткен брифингте айтып берді. Аймақ басшысы Президент тапсырмалары аясында Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді.

Вакцинация науқаны – қарқынды

Қарағанды облысында коронавирусқа қарсы вакцинация науқаны қарқынмен жалғасуда. Қазір 84 472 адам толық егілді. 150 525 тұрғын бірінші компонентті алды. Облыста 4 899 инфекциялық төсек орын бар. Олардың толымдылығы 36%- дан аспайды. Облыстың стационарлары мен емханаларында дәрі-дәрмектер мен ЖҚҚ-ның үш айлық қоры қамтылған.

– Барлық қажетті медициналық жабдықтар, оның ішінде, 26 компьютерлік томограф бар. Жан басына шаққандағы томографтар саны бойынша облыс республикада жетекші орындардың бірін алады, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Өңірдің барлық қалалары мен аудандарында мамандандырылған тоңазытқыш жабдықтарымен жабдықталған 115 иммундау кабинеті жұмыс істейді. Сондай-ақ, сегіз ірі сауда орталығында егу кабинеттері қызмет көрсетеді. Қызметкерлерді иммундау үшін өндірістік кәсіпорындарға егу бригадалары баруда.

Облыста медицинаны дамытуға айтарлықтай көңіл бөлінеді. Биыл бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Мәселен, екі жаңа жедел көмек подстанциясы ашылмақ. Маусым айында операциялық-реанимациялық блоктың және онкологиялық диспансер жанындағы ядролық медицина орталығы ғимаратының құрылысы басталады. Сондай-ақ, облыстық балалар клиникалық ауруханасының құрылысы аяқталуы тиіс. Ал, ауылдық жерлерде үш жыл ішінде 32 ФАП салынады.

14 өндіріс іске қосылады

– Биыл жалпы құны 285 млрд. теңгеден асатын 14 жаңа өндіріс іске қосылады. Жұмыспен кемінде 2,5 мың адам қамтамасыз етіледі, – деді облыс әкімі. – Мамыр айында QazCarbon компаниясының жаңа байыту фабрикасы пайдалануға берілді. Кәсіпорын күлділігі төмен жоғары сапалы көмір өндіреді. Жәйрем ТКБК жаңа байыту фабрикасында іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. Маусым айында компания өндірістік бағдарламаға кіріседі. Балқашта қуаты 50 МВт күн электр станциясын іске қосу жоспарлануда, ал жалпы екі жыл ішінде өңірде «жасыл» электр энергиясын өндіру 77%-ға өсті.

Жеңіс Қасымбек Саран қаласындағы бұрынғы РТБ зауыты аумағындағы жаңа индустриялық аймақтың даму әлеуеттерін атап өтті. Сәуірде мұнда ресейлік «Татнефть» компаниясының қатысуымен шина зауытының құрылысы басталды. Өнімнің бірінші партиясын шығару 2022 жылдың соңына жоспарланып отыр. 2020 жылдың желтоқсан айында жұмыс істей бастаған «ҚазТехна» автобус зауыты маусым айында екінші кезеңге – ұсақ торапты құрастыруға шығуы тиіс.

– Жалпы қазір өңірде бір мезгілде жалпы құны 2 трлн. теңгені құрайтын 40 жоба жүзеге асырылуда, – деді Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, биылғы жылы экономиканы дамытуға кем дегенде 810 млрд. теңге инвестиция тарту міндеті қойылған. Бұл көлемнің 80%-дан астамы – жеке қаражат. Төрт айдың ішінде нәтиже 211 млрд. теңгеден асты.

Осы кезеңде облыста 1349,9 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Өңдеу өнеркәсібінде 3,6%-ға өсім байқалды. Болат пен мыс өндірісі артты.

Аймақ басшысының айтуынша, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, фармацевтика, резеңке және пластмасса бұйымдарының өндірісі, химия өнеркәсібі ең жоғарғы өсу көрсеткішіне ие болып отыр.

Ет және сүт фермалары ашылады

Биыл аграрлық салада 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Өңірде мал шаруашылығын дамытуға баса назар аударылды. Ет және сүт өндіретін жаңа фермалар ашылады деп күтілуде.

– Ауыл шаруашылығының тұрақты өсімі 4,5% деңгейінде байқалады. Салаға салынған инвестициялар артты. Биыл былтырғы көлемге қарағанда 12,3% өсіммен шамамен 29 млрд. теңге тартуды жоспарлап отырмыз. 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылады, – деді аймақ басшысы.

Жаңа өндірістердің ашылуы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға да ықпал етеді. Облыста үш сүт-тауар фермасы мен қой шаруашылығы мегафермасын ашу жоспарлануда.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша 10 мың бас ірі қара және 20 мың ұсақ мал сатып алынады деп күтілуде. Ауыл шаруашылығы жануарларына арналған азық құнын арзандатуға 714 млн. теңге бөлінді.

Азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін картоп пен көкөніс көбірек өсіріледі.

Өңірде егіс науқаны жүріп жатыр. Науқанды мамыр айының соңына қарай аяқтау жоспарланып отыр. Биыл облыста астық алқаптары 40 мың гектарға ұлғайды. Жазғы егіс 1057,7 мың гектарды құрайды. Картоп 11 мың гектарға, көкөніс 1,8 мың гектарға отырғызылады.

Ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілеріне мемлекеттік қолдау көрсетуге қаражат қарастырылған. «Кең Дала» және «Егінжай» бағдарламалары бойынша 104 шаруашылық көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген несие алды.

Кезекте тұрғандарға – 2866 пәтер

Тұрғын үй құрылысы қарқынды. Кезекте тұрғандарды баспанамен қамтуға назар аударылып отыр.

 – Желтоқсанға қарай 700 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда ширек есе көп. Ал, алдағы үш жылға жылына бір миллион шаршы метр көрсеткішке шығу міндеті қойылды, – деді облыс әкімі. – Осы жылдың соңына дейін кезекте тұрған 2 866 отбасын бюджеттік тұрғын үймен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Оның 600-і – көпбалалы отбасылар.

Төрт айда облыста 160 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға өсті.

Өңірде жаңа өнеркәсіп нысандары іске қосылды. Жалпы құрылыс көлемі 2,8%-ға ұлғайды.

Су сапасы артып, газ беріледі

Биыл Жезқазған мен Сәтбаев тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ететін Есқұла су тартқышын қайта жаңартуды аяқтау жоспарлануда. Бүгінгі таңда жұмыстардың үштен екі бөлігі орындалды.

Су мәселесін шешуден басқа, бірден алты өңірде кәріздік тазарту құрылыстарын салу және қайта қалыпқа келтіру жүргізілуде.

«Нұрлы жол», «Моноқалаларды дамыту» және «ЖҚЖК» мемлекеттік бағдарламалары аясында 30 жобаны іске асыру жалғасады. Олар аяқталғаннан кейін қала халқының 98%-ы және ауыл халқының 90%-ы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар, биыл Қарағанды, Теміртау және Жезқазғандағы 3 мың үйді газбен жабдықтауға қосу жоспарлануда. Газ беру осы жылдың үшінші тоқсанында тариф бекітілгеннен кейін басталады. Газбен жабдықтау желілерін тағы 4 мың үйге жеткізу бойынша қосымша жұмыстар жүргізілуде.

Жаңа жылыту маусымына дайындық басталды. Жөндеу жұмыстарына 69 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның 50%-ы – жеке инвестициялар. ЖЭО-2, ЖТЭЦ, ЖЭО-1, ҚарГРЭС-1 және ГРЭС-Топар станцияларында негізгі және қосалқы жабдықтарда жоспарлы күрделі жөндеу жүргізілуде.

Жұмыссыздық деңгейі – 4,5 пайыз

Жұмыспен қамту шараларымен 76 мыңнан астам адам қамтылады. Жыл басынан бері өңірдің 14 мыңға жуық тұрғыны Жұмыспен қамту орталықтарына жүгінген. Олардың 10 мыңнан астамы жұмысқа орналастырылды.

– Қарағанды облысында жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрайды. Бұл ел бойынша орташа көрсеткіштен 0,4%-ға төмен, – деп атап өтті аймақ басшысы. – Еңбек нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін мемлекеттік бағдарламалардың барлық әлеуеті пайдаланылады. «Еңбек» бағдарламасына 2020 жылы 5,6 млрд. теңге бөлінді. Жұмыспен қамту жол картасы бойынша 19 ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылатын болады.

Шағын және орта бизнес саласында күрделі жағдайға қарамастан, осы секторда жұмыспен қамтылғандар саны 245 мың адамды (бұл облыстың экономикалық белсенді халқының 35%-дан астамы) құрайтын көрсеткіш сақталып қалды.

Мемлекеттің қолдауымен облыстың ШОБ өнім шығарудың 7,1%-ға өсуін қамтамасыз етті. Жалпы, жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5%-ға артты.

Шағын және орта бизнестегі пандемияға байланысты сауда, қызмет көрсету және қоғамдық көлік секторлары қиын жағдайға тап болды. Бірақ Ashyq пилоттық жобасына қатысудың арқасында өңірдің 547 кәсіпорны жұмысын қайта бастады.

«Бизнестің жол картасы», «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламалары және ШОБ-ты жеңілдікпен несиелеу шеңберінде 1 016 ШОБ жобасы іске асырылуда. Бұл облыс экономикасына 67 млрд. теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Сан түрлі сауал – тұщымды жауап

Журналистер қауымын облыстағы экологиялық ахуал қызықтарды. Сауалдардың басым бөлігі де осы мазмұнда өрбіді. Оның ішінде, моноқалалардағы жағдайға алаңдаушылық білдірді. Облыс әкімі бұл орайда нақты шаруалар қолға алынғанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы өткен жылдың 23 қарашасында біздің өңірге сапары барысында Теміртау, Балқаш, Жезқазған қалаларының экологиясы мәселелеріне назар аударды. Өткен жылы Экология министрлігімен бірлесіп Жол картасы бекітілді. Оны іске асыру таяу үш жылда шығарындыларды 30%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Облыстағы бірқатар ірі кәсіпорындарды газдандыру тиімді шешімдердің бірі болып табылады, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыста 9 моноқаланы жаңғырту бойынша жұмыс жүргізілуде. Мұндағы проблема бірдей. Басты проблема инфрақұрылымның тозуы. Кәріз, су желісі ескірген. Бүгінде қаржының басым бөлігі инфрақұрылымды жақсартуға жұмсалуда. Бұлардың қатарында Саран қаласы, Шахан кентіндегі қазандықтар құрылысын, Приозерск қаласындағы кәріз жүйесін ауыстыру, Жезқазған, Сәтбаев қалаларын ауыз сумен қамту мәселелерін айтуға болады.

Қарағанды – Балқаш арасындағы жол құрылысы, жалпы облыстағы жол құрылысы тілшілер сауалында көрініс тапты. Бұл ретте облыс әкімі биыл жол жөндеу жұмыстары шамамен 1335 шақырымды қамтитынын атап өтті.

– «Нұрлы жол» және «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламалары аясында 700 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды, сондай-ақ, қалалар мен ауылдардың көшелерін жөндеу басталды. Мақсат – 2025 жылға қарай жергілікті жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізу, – деді облыс әкімі. – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауды қамтамасыз ету шаралары күшейтілді. Барлық нысандарда бақылауды жол активтері сапасының ұлттық орталығы жүзеге асырады. Сондай-ақ, авторлық және техникалық қадағалау жүргізіледі.

Жол жұмыстарына 5 мыңға жуық адам мен 3 мыңнан астам мамандандырылған техника жұмылдырылады.

Негізгі жоба «Орталық – Оңтүстік» көлік дәлізі болып қала береді. Жыл соңына дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қарағанды – Балқаш және Балқаш – Бурылбайтал автобандарының төрт жолағы бойынша қозғалыс ашуды жоспарлап отыр.

Биыл Жезқазған – Қызылорда автожолын қайта жаңартуды бастау жоспарланып отыр. Ұзындығы 208 шақырым учаскені жаңарту қажет. Бұл үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді.

Қоқыс полигондарының өртену оқиғасы да жиі тіркеліп тұратыны жасырын емес. Мәселен, жақында Бұқар жырау ауданында қоқыс алаңы өртеніп, тұрғындар түтін құрсауында қалған еді. Тілшілер де бұл мәселеге назар аударды. Әкім өз кезегінде тиісті құзырлы департаменттер тарапынан тиісті шаруалар қолға алынғанына тоқталды.

Сондай-ақ, облыс орталығындағы құрылысы кешеуілдеп тұрған үйлер назардан тыс қалмады. Әкім бұл бағытта нақты жұмыс басталып, жыл соңына дейін пәтер кілттері табысталатынын мәлімдеді.

Биыл «Сарыарқа» АЭА 945 гектарға ұлғайтылмақ. Аймақта оннан астам жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Бұлардың басым көпшілігі металлургия, өңдеу өнеркәсібіне қатысты. Әкім осылардың арасында маңызды деген бірнешеуін атап өтті. Яғни, биыл техникалық жарылғыш зат, қоқыс өңдеу кешені, байыту фабрикасы, темір балқыту зауыты, жылу орталығын салу көзделуде. Және тамыз айында 27 млрд. теңгеге құс, мал, балық азығын дайындайтын фабрика құрылысы басталмақ. Жобаны Израиль бизнесмендері қаржыландырып отыр.

Бұдан бөлек, брифингте өндірістік кәсіпорындар, нақты айтқанда, Сарандағы шина зауытын қаржыландыру, Қарағандының Майқұдығындағы Карл Маркс-Магнитогорск көшесінің құрылысы, композитор Ілия Жақановтың 85 жылдық мерейтойына орай Қарағанды қаласында кеш өткізу, Жезқазған қаласындағы дәстүрлі «Жезкиік» фестивалі бағдарламасына күйші Жанғали Жүзбайдың шығармашылық кешін енгізу туралы мәселелерді көтерді. Облыс әкімі барлық сауалдар бойынша қажетті шаралар жүзеге асырылатынына уәде берді.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button