Facebook –тегі фәни жалған
«БІРЕУДЕН БІРЕУ
АРТЫЛСА…»
Абай заманында «Көр-жерді өлең қылып, жоқты қармап, Қобыз бен домбыра алып, топта сарнап; Әр елден өлеңімен қайыр тілеп, Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап» (Абай) дейтін «ақылсыз, надан ақындар» (Абай) көп болған. Мұндайлар, тіпті, біздің нарық заманымызда күн сайын күшіктеп, көбейіп барады. Әсеттің шығармаларын қолға шырақ алып, тінтіп оқығанда «Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап, Мал үшін біреуді алдап, біреуді арбаған» (Абай) бір өлеңін іздеп таба алмадым! Әсет Абайдың «Біреуден біреу артылса» атты өлеңіндегідей өлермен пенде болып, ұлы ақынның қаһарына іліксе, жарық дүниемен қоштасарында «Абайдай арт жағына сөз қалдырып, Жақсы еді-ау, әттеген-ай, өлу деген!» демес еді ғой! Абайдың бұл өлеңі өнерпаз Әсетке емес, өлермен бір пендеге арналған!
ИММАНИУЛ КАНТТЫҢ
БІР ЛЕБІЗІ
Мына бір қызық дерек назар аударарлық: Кант дипломына өз қолымен арабша “Бисмилләһир-рахманир-рахим” деп жазыпты.
Зерттеу керек мұны…
ҚАРҚАРАЛЫ-АБЫРАЛЫ-СЕМЕЙ ЖОЛЫ
Қарқаралы – Абыралы – Семейдің айдау жолымен Қасым көкем Алатау асса, Әсет көкем Аякөзден Құлжаға бұрылып кетіпті. Сол бұраң жолға түспегенде тірі қалып, ел ішінде сайран салып жүрер ме еді, қайтер еді? Әлде, отыз жетінің ойранында «халық жауы» болып ұсталып кетер ме еді? Мұны тірі жан білмейді, бір білсе – Алла ғана біледі…
Бірақ, бір ғажабы, менің осы екі көкемнің екеуі де Ақсораңнан Алашқа баратын сүрлеу жол салып кетті. Сол жолмен қиянды бетке алып, сапарға біз де шыққанбыз. Сонымен қаншама жас ұрпақ қолына жүрегін ұстап, осы Ақсораңнан Алаш Анасына қарай бет алады әлі…
КОММУНИЗМ МЕН АТЕИЗМ
Құдайға қарсы қоғам құрған атеистік совет өкіметі кезінің өзінде Тәңірі өзінің құлақ кесті құлдарын талай мәрте тезге салған. 1941 жылы неміс-фашист басқыншылары Совет одағына баса көктеп кіріп, ел басына екі талай күн туғанда, коммунист Сталиннің өзі Мәскеу храмына жасырын кіріп, құдайға құлшылық жасаған. Діни семинарияда оқып жүргенде Михаил әкенің «Құрдымға кеткің келмесе, құдайсыздарға қарсы сүрен сал!» деген сөзі сол күні есіне түсті ме?! Кім біледі…
Содан бастап Лениннің кезінде қалың шеру тартқан атеистік қызыл қырғын кілт тоқтап, 1942 жылы дін өкілдерін жаппай түрмеден босата бастайды. 1945 жылы Патриарх Всей Руси сайланады! Сол дүниежүзілік екінші қырғынның кезінде Англияның премьер-министрі Уинстон Черчиль Сталинді ұлы қолбасшы деп атайды. Сонда Сталин былай деген: «Менің атыма айтылған мадақ орыс халқына лайық қой!». «Барлық мақтау мен мадақ құдайға ғана тән» дегені — бұл…
Қыршын жасынан Британия парламентінде ақсүйектік тәрбие алған Черчиль оның алдында тектен-текке ыңғайсызданбаса керек…
ӘКЕМНІҢ ӨСИЕТІ
«Сен кедейді бай қыла алмайсың» деп еді әкем дүниеден озар жылы, – Оңбаған мен қағылған-соғылғанды да қатарға қоса алмайсың! Жаманды жақсы қыла алмайсың! Бұл Совет өкіметінің де қолынан келмеді! Тек, жақсының жағасынан алмасаң болды…»
Әкемнің көп сөзін көңіліме тоқи алмай қалып едім. Осы сөзі ойымда қалды. Өмірлік ұстанымыма айналған. Менің поэзиямның да түбі осы сөзден төркіндейді.
Жаманға айтар сөзім жоқ. Жақсыны көрсем, жаным қалмайды…
«Я ПОЭТ.
ЭТИМ И ИНТЕРЕСЕН…»
Адам баласын адам да, заман да өзгерте алмайды! Мен елдің көзін ашу үшін туған ағартушы ғалым, ұлағатты ұстаз да емен; Алаш жұрты ағартушыдан кенде емес (Абай, Ыбырай, Шоқан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, тағы басқа), солардың бізге айтпаған ақылы, төкпеген шері қалды ма? Әлі өзгергеніміз шамалы ғой?! Бір ұлттан, бір жұрттан туса, осындай-ақ тусын!
Тәңірінің біздің маңдайға жазғанын Маяковский айтқан: «Я — поэт. Этим и интересен».
ГОГОЛЬДІҢ ЕСКЕРТКІШІ
Қарағандыда Гогольдің ескерткіші тұр. Мен соның салтанатты ашылуында көсіле бір сөйлеп едім. Көне қолжазбаларымның арасынан соның бір эскиздерін тауып алып, көзайым болып отырған жайым бар.
«…Ресей оны жанындай жақсы көре қойған жоқ. Орыс қоғамының оңбағандығын оңдырмай суреттеген осы жазушыны тірідей жерлеген деген қауесет әлі күнге дейін өртше қаулап жүр. Оның қаламына тиек болған тоғышарлық пен аярлық, өтірік пен өсек, жамандық пен надандық сынды антиадамзаттық жегі құрт жалғыз осы орман жұртының ғана емес, қазақтың да етінен өтіп, сүйегіне шауып барады! Бұл боздақ орыстың саясынан сайғақ құрлы сая таппай бізге келген екен, тұрсын төрімізде; тек осы мұңлықтың қасынан өткенде досқа күлкі, дұшпанға таба болмай, абайлап, қисаңдамай, жөндеп жүрсек жарар еді…»
АБАЙ
Абай – Алаштың Алып Рентгені! Біздің бәріміз де кеудемізді ашып, Соның алдында тұрмыз; ішімізде нендей өрт, кеудемізде қандай дерт – барлығы сол Рентгеннен көрініп тұр!
АЛЛА МЕН АҚЫН
Ақын болсам дейтін адам ең әуелі Пушкиннің «Ақын мен тобыр» деген жырын жатқа оқу керек. Поэзия – Құдаймен сөйлесу! Дантенің «Тәңірінің тәлкегі» жұмыр басты пенде мен Алланың арасындағы диалог. Тобырға Дәлдүріш қандай керек болса, Халық та Ақынға сондай зәру! Дәлдүріш Тәңірімен сөйлесе алмайды. Пендемен сөйлеседі… Пенденің тілін тауып, пендені Тәңірге теңеп, марапаттайды, өзінің хайуандығына өзі мәз болып, өзге хайуанды соған тәнті етеді…
Олжас, ел не десе о десін, біздің заманымыздың ұлы ақыны: «Поэт красивым должен быть как Бог, Кто видел Бога? Тот, кто видел Пушкина!» – деген! Мұқағали Пушкиннің Мәскеудегі ескерткішіне қарап тұрып: «Ақынның ақындығы атақта емес, Ақынның ақындығы арда ғана!» дейді!
АЛТЫН АЙДАРЛЫ ҰЛДАР-АЙ!
Екінші дүниежүзілік қырғын тәмамдалар тұста Сталин Черчиль мен Рузвельтке неміс интеллегенциясының бетке ұстарының бәрін қырып тастауды ұсынған.
– Неге?! – Уинстон Черчиль зәресі ұшып.
– Немістер сонда елу жыл бойы бас көтере алмайтын болады!
Ұлтты тұқыртып, оның түбіне жетудің бірден-бір жолы – сол елдің зиялыларының көзін жою екен! Қазақ ол өткелектен де өтті. Отыз жетінің репрессиясында қазақ халқының жақсысы мен жайсаңы қырылып қалды!
Қайран, алтын айдарлы ұлдар-ай!
…Ел боламыз десек, қазақтың алтын айдарлы ұлдарын төбемізге көтеруіміз керек!
ҚАРА ӨЛЕҢНІҢ ТАРИХИ МИССИЯСЫ
Қазір қазақ жырында қара жолда туғандар мен тас жолда туғандардың ара жігі ашылып, ақ пен қарадай, бір-бірінен ажырап, алшақтап барады. Дүниеге жалмауыздай қасқая қарап тұрған жаһандану кезеңі қазақ руханиятына қара пәледей бас салғалы тұр. Кейінгі буында азаматтық лирикадан ат-тонын ала қашып, біздің ұлтқа мүлде жат абстракциялы дүниенің аламанына ат қосып, сөзбен ойнау ойыны басталып кетті. Қазақтың мақсат-мүддесі далада қалды! Қазақ өркениет өріне жетіп, адамзат қауымдастығы ортасынан ойып орын ала ма, жоқ, әлде, Ібір-Сібір жұрттары сынды адамзаттың жадынан із-түзсіз құрып кете ме деген қатал сауал алдымыздан адырая қарап тұр. Қазақ жыры, қазақ әдебиеті осынау алмағайып заманда осы сұраққа жауап беруге тиіс-ті. Оның тарихи миссиясы — осы! Осы ғана!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ