Ертең Қарағанды қаласы әкімінің грантына өтініш қабылдау аяқталады
Ертең Қарағанды қаласы әкімінің грантына өтініш қабылдау аяқталады. Биыл қайтарымсыз грант сомасы – 1 500 000 теңге. Грант саны шектеулі.
Қарағандыда жастар кәсіпкерлігін дамытып, оларға қолдау білдіру мақсатында қала әкімдігі құлшынысы бар жастарға осылай қол ұшын созуда. 18-35 жас аралығындағылар ертең құжат тапсырып үлгере алады. Құжат қабылдау мерзімі 20 маусымда басталған.
– Бір айда 180 адам ұялы телефоныма қоңырау шалып, кеңес сұрады. Ал, 60-тан астам адам мекемеге келіп, кеңес алды. Жастар жобасының басым бөлігі – экономика саласына байланысты. Шарт бойынша барлық сала бойынша өтініш беруге. Тек, грантқа ауыл шаруашылығына байланысты жобалар қабылданбайды. Жалпы, осы уақытқа дейін келіп түскен жобалар бірінен бірі өтеді. Қызықты әрі бірегей. Ертең құжат қабылдау күні аяқталады. Одан кейін жауапты мамандар жобаларды іріктеп алады. Ал, іріктелген жоба иелері екі апталық оқу оқып, қыркүйекте комиссия мүшелері алдында жобасын қорғайды, – деді Қарағанды қаласы әкімінің гранты жобасының менеджері Аида Қайырбекова.
Қатысуға өтінімдер Қарағанды қаласы, Құрылысшылар даңғылы, 4, «Good Zone» коворкинг-орталығында қабылданады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz