Аймақтағы жаз мезгілі Балқаш жағасында тізеден су кешіп жүрген демалушылар санымен, айдын бетінде зуылдаған моторлы қайықтардың үнімен ерекшеленуде. Жаз шыға жұрттың дені су жағасына қарай ағылатыны аян. Сондықтан, судағы қауіпсіздік туралы әңгіме өзектілігін жоймайды.

Өңірдегі шомылу маусымының қауіпсіздігін төтенше жағдайлар департаментінің алты құтқару бөлімшесі қамтамасыз етеді. Олар Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Приозерск қалаларында, сондай-ақ, Абай және Қарқаралыда орналасқан. Барлығы да ірі су айдындарының маңында қызмет атқарады. Күнделікті кезекшілікке 120 құтқарушы жұмылдырылған. Олардың иелігінде 34 арнайы техника, екі әуе кемесі, 29 жүзу құралы, 30 сүңгуір жабдықтарының жиынтығы, 50 құтқару шеңбері және 75 құтқару кеудешесі бар. Арнайы жүргізілген рейдтер қорытындысы бойынша бүгінгі күнге дейін әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 33 хаттама толтырылған. Көбіне кеме иелері жолаушыларды құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етпестен суға шыққан.
Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Нұржан Жақатаев су көлігінің пайдаланылуына мүлде жол берілмейтін техникалық ақауларды қоса атап өтті. Мұның қатарында қайықтың тесіліп, су өткізуі, қозғалтқышты қашықтан басқару жүйесінің істен шығуы секілді қауіпті кемшіліктер де жоқ емес. Қағаз жүзінде мұндай жайттар жөнекей техникалық талаптар болып көрінгенімен, әр тармақтың ар жағында нақты бір қайық, оны қолданатын адамдар бар екендігін қаперге салды спикер.
– Балқаш қаласында құтқару бөлімшесінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, жергілікті әуежайда Eurocopter H-145-D3 тікұшағына арналған ангар аумағы оңдалып, толықтай дайындық күйіне келтірілді. Ал, Шұбартүбек жағалауында модульдік құтқару бекеттері салынуда. Соның бірі – Торанғалықтағы станса пайдалануға беріліп, қалыпты режимде қызмет көрсетіп жатыр, – деді Нұржан Тоқсанұлы.
Ескере кетер болсақ, су айдындарындағы түрлі қауіптің алдын алу шаралары кең көлемде ұйымдастырылды. Жыл басынан бері 2765 рейд амалдары іске асырылды. Соның нәтижесінде 169 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 364-бабы бойынша 135 ескерту жасалса, 412-бап бойынша жалпы сомасы 1,99 миллион теңгені құрайтын 133 айыппұл, ал 440-бап бойынша 291,9 мың теңге көлемінде тағы 29 айыппұл салынған. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында 57 брифинг пен кездесу ұйымдастырылып, радиоэфирінде 1001 рет түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік желілерде 489 ақпараттық жарияланым жарық көрген. Жалпы, түсіндіру шараларымен 269 мыңнан астам адам қамтылды. Оның 140 мыңнан астамы – мектеп оқушылары, 130 мыңға жуығы – ата-аналар. Олар үшін арнаулы сынып сағаттары, ашық сабақтар, тәжірибелік жаттығулар өткізіліп, ондаған мың жадынама таратылды.
Өкініштісі, жыл басынан бері облыстың су айдындарында 10 адам, оның ішінде екі бала жазатайым оқиғаға ұшырап, қаза тапқан. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өзгеріссіз қалған көрсеткіш. Алайда, тек шомылу маусымын есепке алғанда жағдай біршама жақсарған. Қазіргі таңда аймақта ресми түрде шомылуға рұқсат етілген 149 орын белгіленген. Оның 133-і – жеке жағажай, 15-і – коммуналдық нысан, біреуі – мемлекеттік жағажай. Қалған 246 орында суға түсуге қатаң тыйым салынған. Қауіпті аймақтардың барлығы арнайы ескерту белгілерімен таңбаланған.
Биылғы адам өлімінің негізгі себептері де белгілі болды. Мәселен, екі адам жүзе алмауы салдарынан қаза тапса, тағы екі адам өз мүмкіндігін асыра бағалаған. Қос бірдей оқиға балық аулау кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан болған. Бір адам көктемде табан астындағы мұз қабаты ойылып кетіп көз жұмса, тағы бір жағдайда шағын көлемді су көлігін пайдалану қағидаларының бұзылуы қайғылы жағдайға әкелген. Суға батып бара жатқан адамдарды құтқаруға ұмтылған екі азаматтың өздері де ажал құшты.
Мамандар облыс тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік қағидаларын еске салды. Олар арнайы жабдықталмаған жерлерде шомылмауға, балаларды қараусыз қалдырмауға, мас күйінде суға түспеуге, белгіленген қалқыма белгілерден аспауға, қолдан жасалған жүзу құралдарын пайдаланбауға, қайықпен немесе катамаранмен жүргенде міндетті түрде құтқару кеудешесін киюге, ауа райын бақылап, дауыл кезінде су айдынына шықпауға үндеді.
Мұнан кейін сөз алған Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Әсет Әшімов 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Конституцияға сәйкес заңнамалық актілерді жетілдіруге бағытталған заңның күшіне енуіне байланысты шағын көлемді кемелер мен олардың тұрақ базаларына мемлекеттік бақылау және қадағалау жүргізу функциялары Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне берілгенін еске салды.
– Көлік министрлігінің құзырында мемлекеттік қызмет көрсету мен нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу сияқты реттеушілік функциялар сақталды. Ал, бізге қауіпсіз пайдалану талаптарына сәйкестігін тексеру, талаптарға сай келмейтін кемелерді анықтау, адамдардың өміріне қауіп төнген жағдайда олардың қозғалысын тоқтату сияқты бақылау-қадағалау өкілеттіктері берілді, – деді Әсет Талғатбекұлы.
Спикер келтірген мәліметтер жаңа міндеттердің ауқымын аңғартады. Айталық, аймақта жалпы саны 217 су шаруашылығы нысаны бар. Оның ішінде кеме қатынасы мен су көлігі ең белсенді пайдаланылатын бес ірі су айдыны – Балқаш көлі, Самарқанд, Шерубай-Нұра және Федоров су қоймалары, сондай-ақ, Қарағанды қаласының Орталық саябағындағы көл де барлығы мәлім. Бүгінде облыста ресми түрде 938 шағын көлемді су көлігі тіркелген. Олардың қатарын катерлер, моторлы қайықтар мен гидроциклдер толықтырып тұр. Жыл басынан бері осы көлік түрлерінің қатысуымен төтенше оқиғалар тіркелмеген. Дегенмен, бұл босаңсуға себеп емес. Шілде айынан бастап мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп су айдындарында профилактикалық рейдтер жүргізіліп жатыр. Әсіресе, өңірдегі шағын флоттың басым бөлігі шоғырланған Балқаш көліне ерекше назар аударылуда. Әлбетте, бұл қағидалардың ешқайсысы жалпы жұртқа тосын жаңалық емес. Су жағасына бір рет болса да барған адам мұның бәрінен хабары бар. Не дегенмен, дәл осы қарапайым талаптарды елемеу жылдан-жылға қайталанатын қайғылы статистиканың негізгі көңілсіз себебіне айналып отыр.
Су көзі – тіршіліктің бастауы. Бірақ, оған алданып, қауіпсіздік қағидаларын елемеу бір сәтте орны толмас өкінішке ұрындыруы кәдік. Құтқарушылардың күн сайынғы еңбегі мен жүргізіліп жатқан алдын алу шараларының түпкі мақсаты – адам өмірін сақтау. Сондықтан, әрбір демалушы қарапайым қауіпсіздік талаптарын орындауды өз жауапкершілігі деп қабылдағанда ғана жаздың қызығы қайғыға ұласпайды. Жаздың аптабында су жағасы жұртқа сая, көңілге медеу. Тұмса табиғаттың осы сыйқырлы сыйы адамнан бір ғана қабілетті талап ететіндей. Ол – сақтық.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



