Білім

«Заң мен тәртіп»: жолдағы мәдениет бала кезден қалыптасады

Баланы кітап оқуға, велосипед тебуге немесе жүзуге үйреткендей, қауіпсіз өмір сүру дағдыларына да ерте жастан баулу қажет. Бүгінде балалар тек көшеде ғана емес, үйде, мектепте және цифрлық ортада да түрлі қауіп-қатерге тап болуы мүмкін. Сондықтан олардың төтенше жағдайда дұрыс шешім қабылдай алу қабілетін қалыптастыру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің біріне айналып отыр.

Суреттерді түсірген автор

Осы мақсатта «Заң мен тәртіп» қағидаттарын іске асыру аясында Қарағанды облысының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы БАҚ өкілдерінің қатысуымен балалардың қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға арналған іс-шара өткізді. Кездесудің негізгі тақырыбы – өңірде пилоттық түрде қолға алынған «Балалық шақ қауіпсіздігі мектебі» жобасы болды.

– 2026 жылы облыста Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылды. Қазіргі таңда басқарма «Қауіпсіз балалық шақ» бағдарламасын іске асырып жатыр. Бүгінгі «Қауіпсіз драйв» іс-шарасы – осы бағдарламаның бір бөлігі. Оның мақсаты – балаларға велосипед, самокат және өзге де жеңіл көлік құралдарын қауіпсіз пайдалану мәдениетін қалыптастыру. Бұл жоба дәстүрлі қауіпсіздік сабақтарынан түбегейлі ерекшеленбейді. Алайда басты назар балалардың қауіпсіз қозғалыс дағдыларын қалыптастыруға, жолдағы өзара құрмет пен жауапкершілікті арттыруға аударылады. Соңғы жылдары велосипед тебуге қызығушылық айтарлықтай артты. Сондықтан балаларға жолда өзін дұрыс ұстауды, қорғаныс құралдарын – шлем, тізелік және шынтаққапты міндетті түрде пайдалануды үйрету маңызды. Сонымен қатар веложолақты пайдаланатын барлық адамның бір-біріне құрметпен қарауы қажет. Өйткені онда велосипедшілер ғана емес, жаяу жүргіншілер мен балалар арбасын итеріп жүрген ата-аналар да жүреді. «Қауіпсіз драйв» жобасы жалғасады. Болашақта жобаны мектептерде өткізу мүмкіндігі де қарастырылмақ, – деді облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының әдіскері Қайрат Әшімханов.

Жобаның ерекшелігі – балаларға қауіпсіздік ережелерін жай ғана түсіндіру емес, оларды өмірде қолдануға үйрету. Бағдарлама барысында оқушылар үйде, көшеде, мектепте және интернет кеңістігінде туындауы мүмкін қауіп-қатерлер кезінде дұрыс әрекет ету алгоритмдерін тәжірибе жүзінде меңгереді. Бұл тәсіл балалардың қауіпсіздік туралы білімін ғана емес, нақты дағдыларын да қалыптастыруға бағытталған.

Шара барысында мамандар балалар жарақатының алдын алудың заманауи тәсілдерін, қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастырудың өзекті мәселелерін және практикалық жаттығулардың тиімділігін талқылады. Сондай-ақ ата-аналар мен педагогтердің бұл бағыттағы жауапкершілігіне ерекше назар аударылды. Қауіпсіздік мәдениеті мектеп қабырғасымен шектелмей, ең алдымен отбасыда қалыптасуы тиіс.

Бағдарламаның практикалық бөлімінде фитнес-жаттықтырушы Эдуард Гроссулдың қатысуымен велосипедті қауіпсіз басқару бойынша шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Қатысушылар велосипедпен жүру кезіндегі негізгі қауіпсіздік талаптарын, қорғаныс құралдарын дұрыс пайдалануды және жол қозғалысы ережелерін сақтау жолдарын тәжірибе жүзінде үйренді.

– Бүгінгі іс-шарада паравелоспортқа да ерекше назар аудардық. Көру қабілеті бұзылған спортшыларға арналған арнайы тандем-велосипедтер бар. Онда екі адам бірге жүреді: бірі – велосипедті басқаратын пилот, екіншісі – спортшы. Олар жарыстар мен түрлі қашықтықтарды бірлесіп бағындырады. Мұндай спорт түрі ерекше қажеттілігі бар жандардың да белсенді өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді. Бүгінгі шара біз үшін де тәжірибелік жоба болды. Ең бастысы – қоғамда жол қозғалысына қатысушылардың бір-біріне деген құрмет мәдениетін қалыптастыру. Қазір жаяу жүргіншілер, велосипедшілер, самокат мінушілер мен көлік жүргізушілері арасында түсініспеушіліктер кездесіп жатады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін әркім өзара сыйластық танытуы керек. Мәселен, веложолақта алдыңызда балалы ана келе жатса, оған қысым көрсетпей, түсіністікпен қараған жөн. Сол сияқты велосипедшілер мен самокат мінушілер де жаяу жүргіншілер өткелінен өткенде міндетті түрде көліктерінен түсіп өтуі қажет. Бұл – жол қозғалысы ережесін сақтаудың ғана емес, өзгені құрметтеудің де белгісі. Егер әрқайсымыз жолда бір-бірімізге түсіністікпен қарап, қарапайым мәдениетті сақтай білсек, қаламыз әлдеқайда қауіпсіз әрі жайлы бола түседі, – деді фитнес-жаттықтырушы Эдуард Гроссул.          

Мамандардың айтуынша, балалар арасындағы жазатайым оқиғалардың басым бөлігі қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан болады. Сондықтан мұндай жобалар балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға ғана емес, жауапкершілігі жоғары, қауіпсіздік мәдениеті қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеуге де ықпал етеді. Өңірде балалардың құқықтарын қорғау мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.  

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button