Қара жол қателікті кешірмейді
Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту жөніндегі тапсырмасы аясында Қарағанды облысында республикалық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Жаз мезгілінде өңір арқылы күн сайын мыңдаған көлік транзитпен өтетіндіктен, полиция жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында күшейтілген бақылау жұмыстарын жүргізуде.

Полиция департаментінің мәліметінше, өткен демалыс күндері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 576 дерегі тіркелген. Оның ішінде, ең қауіпті құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылған.
Атап айтқанда, 12 жүргізуші мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұсталды, 17 жүргізуші қарсы бағытқа заңсыз шыққан, 2 адам жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан көлік тізгіндеген, 10 көлік заңсыз қайта жабдықталғаны анықталды. Сонымен бірге, жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 5 фактісі тіркелген.
Бұдан бөлек, жолдардағы орташа жылдамдықты бақылайтын автоматтандырылған жүйелер 102 жүргізушінің жылдамдық режимін өрескел бұзғандығы анықталды.
Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Қакимовтың айтуынша, «Қауіпсіз жол» іс-шарасының негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алып, адам өмірін сақтау.
Бұл деректер жолдағы тәртіптің әлі де өзекті мәселе екенін көрсетеді. Әсіресе, мас күйінде көлік жүргізу, қарсы жолаққа шығу және жылдамдықты шектен тыс асыру сияқты өрескел құқық бұзушылықтар ауыр апаттарға әкелуі мүмкін. Сондықтан, әр жүргізуші жол қозғалысы ережелерін сақтап, өз қауіпсіздігімен қатар өзгенің өміріне де жауапкершілікпен қарауы қажет.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жолда мұқият болып, қауіпті тәуекелдерден бас тартуға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



