Цифрлық технология шалғайдағы ауыл тіршілігіне де дендеп еніп келеді. Кеше ғана малдың ізін жерден шалған шаруа бүгінде кең жайылымды көктен бақылайды. Ақтоғай ауданының Қызыларай ауылында тұратын фермер Сұлтан Сәбит үшін дрон – күнделікті жұмысты жеңілдететін сенімді құрал ғана емес, туған өлкенің көркін көпшілікке танытатын да жаңа медианың мүмкіндігі болып тұр.

Заман өзгерген сайын ауыл еңбегінің де сипаты жаңарып келеді. Бұрын мал соңында атпен немесе жаяу жүріп ұлан-ғайыр жайылымды күнұзақ аралау қалыпты жағдай саналса, қазір оның бір бөлігін шағын ғана ұшқышсыз аппарат атқара алады. Биіктен көз салған дрон малдың қайда жүргенін, жайылымның жағдайын, алқаптағы өзгерістерді қысқа уақытта анық көрсетеді.
Осындай заманауи мүмкіндікті шаруашылығында тиімді пайдаланып жүрген азаматтың бірі – Қызыларай ауылының тұрғыны Сұлтан Сәбит. Отбасылық фермерлік шаруашылықты жүргізетін ол алғашында дронды қызығушылықпен сатып алған. Алайда, уақыт өте келе құрылғының ауыл адамы үшін жай ғана әуесқой техника емес, нақты пайдасы бар жұмыс құралы екеніне көз жеткізген.
– Оның мал бағуға осыншалықты көмектесетінін өзім де ойлаған жоқпын. Бұрын біреу «отырып-ақ табыныңды қадағалайсың» десе, сене қоймас едім. Қазір кең даланы түгел аралап, малдың соңынан күнұзақ жүрудің қажеті азайды. Дронды көтеріп, табынның қай маңда жүргенін, бағытының қалай өзгергенін қашықтан-ақ көріп отырамын. Бұл уақытты ғана емес, күш-қуатты да үнемдейді. Соның арқасында шаруашылықтағы өзге жұмыстарға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік туды, – дейді фермер.

Сұлтанның жаңашылдығы ауылдастарының да назарын аударған. Алғашында көкке көтерілген шағын құрылғыға таңырқай қараған жұрт кейін оның күнделікті тірлікке тигізер пайдасын түсіне бастаған.
– Менің дронды қалай пайдаланып жүргенімді көрген ауылдастарым да қызығушылық танытты. Әуелде оны тек сурет пен бейне түсіретін құрылғы деп қабылдағандар болды. Кейін малды қадағалауға, алыс аумақты тексеруге қаншалықты қолайлы екенін байқады. Қазір ауылдағы кейбір азаматтар өздеріне дрон сатып алып, шаруашылықтарына пайдаланып жүр. Жаңа технологияның игілігін бір адам ғана емес, тұтас ауыл көре бастағаны қуантады, – деді Сұлтан Сәбит.
Бұл – ауылдағы қым-қуыт тірлікті цифрландырудың қарапайым әрі нақты көрінісі. Цифрлық технология дегенде көбіне күрделі бағдарламалар мен ірі өндіріс орындары ойға оралады. Алайда оның шынайы пайдасы күнделікті тірлікті жеңілдетіп, қарапайым адамның уақытын үнемдеген кезде айқын сезіледі. Қызыларайлық фермердің тәжірибесі де технологияны дұрыс қолдана білген жағдайда оның ауыл еңбегіне оң өзгеріс әкелетінін көрсетеді.
Сұлтан Сәбит дронды тек шаруашылық қажетіне пайдаланумен шектелмейді. Қолы қалт еткен сәтте Қызыларайдың табиғатын әуеден түсіреді. Асқақ тау сілемдері, кең жазиралы дала, айнадай жарқыраған көлдер мен ауыл маңындағы көркем көріністер оның объективінен өзгеше сипатта көрінеді.
Жерден қарағанда тұтас қамтылмайтын табиғат бедері биіктен мүлде басқа қырынан ашылады. Таулардың ирек жотасы, сайын даланың кеңдігі мен табиғи бояулардың үйлесімі бейнекадрларда ерекше әсер қалдырады. Фермер өзі түсірген фотосуреттер мен бейнероликтерді әлеуметтік желілерге жариялап, туған жерінің сұлулығын көпшілікке таныстырып жүр.
Қазіргі медиа дәуірінде кез келген адам өзі өмір сүретін ортаның шежірешісіне айнала алады. Бұрын шалғай ауылдың көркем табиғатын көпшілікке таныту үшін арнайы шығармашылық топ пен кәсіби техника қажет болса, бүгінде шағын дрон мен әлеуметтік желінің мүмкіндігі жеткілікті. Бір адамның түсірген әсерлі бейнесі мыңдаған көрерменге тарап, бұрын көпшілік біле бермеген мекенге қызығушылық оятуы мүмкін.
Осы тұрғыдан алғанда, Сұлтанның жұмысы жеке қызығушылық шеңберінен шығып, туған жерді насихаттаудың заманауи үлгісіне айналған. Ол түсірген әрбір кадр – Қызыларай табиғатының цифрлық шежіресі. Бұл көріністер әлеуметтік желі қолданушыларына өңірдің табиғи келбетін таныстырып қана қоймай, Қарағанды облысындағы ішкі туризмнің дамуына да өзіндік үлес қосады.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



