Жаңалықтар

Алтын қанатты Алаш қыраны

Көкке қалай тік көтерілсе, абыройы да дәл солай асқақтап, адамзат баласы бағындырған биіктің ең заңғар шыңына жеткен біртуар тұлға, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров биыл сексеннің сеңгіріне сергек көтерілді. Оның есімі – ерлік пен өрліктің, табандылық пен отаншылдықтың баламасына айналған айрықша есім. Сондықтан, ұлт мақтанышының мерейтойы – бір адамның ғана емес, тұтас елдің мерейін үстем ететін тарихи белес.

Коллажды жасаған Арайлым Көктаева

Батырдың мерейтойы қарсаңында оның кіндік қаны тамған қасиетті Қарқаралы топырағында тағылымды бастамалар қолға алынып, жерлестері ардақты перзентіне айрықша ілтипат танытуда. Бұл құрметтің астарында туған жердің толағай тұлғасына деген шексіз мақтанышы, ерлік дәстүрін кейінгі ұрпақтың санасына сіңіруге деген ізгі ниеті жатыр.

Қарқаралының аспанмен астасқан асқар тауларына қарап өскен қарадомалақ баланың көкке деген құштарлығы ерте оянған деседі. Бүлдіршін кезінде ағаштан ұшақ жасап ойнаған балаң қиял уақыт өте келе өмірлік мұратқа ұласты. Сол арман оны өндірістің қарапайым жұмысшысынан әскери ұшқышқа, әскери ұшқыштан сынақшыға, сынақшыдан ғарышкерге дейінгі қиын да қатерлі жолмен алып өтті.

Тоқтар Оңғарбайұлының тағдыры – адамды биікке көтеретін жалғыз күш табиғи қабілет қана емес, тынымсыз еңбек, темірдей тәртіп және қайсар мінез екенін дәлелдейтін ғибратты ғұмыр. Ол еңбек жолын Теміртаудағы өндіріс орнында бастап, токарь станогының қасында шыңдалды. Күндіз жұмыс істеп, кешкісін білімін жетілдірген жас жігіт парашют спортымен айналысып, көкке самғау арманына біртіндеп жақындай берді. Болат балқытқан өндірісті өлкенің мектебі оның бойындағы төзімділікті, дәлдік пен жауапкершілікті қалыптастырды.

Кейін әскери авиацияға жол түскенде осы қасиеттер оның басты тірегіне айналды. Тоқтар Әубәкіров темір тұлпарды шебер тізгіндеп қана қоймай, әуеде орындалатын аса күрделі операцияларды мүлтіксіз атқара алатын асқан кәсібилігімен танылды. Оның саналы ғұмырындағы ең жарқын әрі қауіпке толы кезеңдердің бірі – сынақшы-ұшқыш болған жылдары.

Сынақшы болу – дайын ұшақты басқару ғана емес. Бұл – әлі толық зерттелмеген техниканың мүмкіндігін анықтау, әрбір тетігін әуеде тексеру, күтпеген қатермен бетпе-бет келу деген сөз. Мұндай кәсіпте бір сәттік қателікке орын жоқ. Тоқтар Әубәкіров осы жауапкершіліктің үдесінен шығып, жаңа үлгідегі ондаған әскери ұшақты сынауға қатысты. Әлемдік авиация тарихында айрықша орны бар күрделі тәжірибелерді жүзеге асырып, ұшқыш шеберлігінің биік өлшемін көрсетті.

Оның есімі әскери-теңіз авиациясының тарихында да алтын әріппен жазылды. Құрлықтағы әуежайдан емес, теңіз төсіндегі алып кеменің қысқа палубасынан жойғыш ұшақты көкке көтеріп, қайта қондыру – ерекше дәлдікті, батылдықты және салқынқанды есепті талап ететін операция. Осындай сынақтардың бел ортасында жүрген қазақ ұлы кәсіби шеберлігімен әлем мамандарын мойындатты.

Алайда, сынақшы-ұшқыштың бар арманы ғарыш кеңістігімен сабақтасып жатты. Сол арман 1991 жылғы 2 қазанда ақиқатқа айналды. Байқоңырдан көтерілген «Союз ТМ-13» ғарыш кемесінің құрамында Тоқтар Әубәкіров көк жүзін жарып, шексіз кеңістікке бет алды. Осылайша, қазақ баласының ғасырлар бойғы аспанға деген арманын арқалап, халқымыздың тұңғыш перзенті ғарыш төріне шықты.

Бұл сапардың мәні бір адамның ғарышқа ұшуымен ғана өлшенбейді. Тоқтар Әубәкіров орбиталық стансада еліміздің ғылымына қажетті тәжірибелер жүргізіп, қазақ даласын ғарыштан бақылады. Оның сапары Қазақстанның ғарыштық зерттеулерге бет бұруына, ұлттық аэроғарыш саласының қалыптасуына рухани және ғылыми негіз қалады. Ең бастысы, бодандық құрсауынан босап, тәуелсіздік табалдырығына жақындаған халықтың рухын оятып, ел еңсесін көтерді.

Ғарыштан оралғаннан кейін де батырдың ел алдындағы қызметі толастаған жоқ. Ол жинақтаған білімі мен мол тәжірибесін Қазақстанның аэроғарыш және қорғаныс салаларының қалыптасуына жұмсады. Мемлекеттік қызметте, ғылым мен қоғамдық өмірде ел мүддесін биік қойып, азаматтық ұстанымынан айнымады. Қай істің тізгінін ұстаса да, батыл шешім қабылдап, өзіне жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқарды.

Қарқаралының қасиетті топырағы талай тұғырлы тұлғаны, сөз бастаған шешенді, қол бастаған батырды, ел қамын жеген қайраткерді дүниеге әкелген. Сол алыптар шоғырының ішінде туған жердің атын ғарыш кеңістігіне жеткізгені – Тоқтар Әубәкіров. Оның ғұмырына көз салғанда Қарқаралы табиғатының мінезін көргендей боласың: асқар таудай айбынды, көкке бойлаған қарағайдай тік, дауылға қарсы ұшқан қырандай қайсар.

Осындай қанатты ғұмыр иесінің 80 жылдық мерейтойы туған жерінде игі істермен өрнектелуде. Қарқаралы қаласындағы батырдың есімімен аталатын көше күрделі жөндеуден өткізіліп, халық игілігіне берілді. Көше бойына жүз түп қарағай көшеті егілді. Тамырын тереңге жіберіп, жыл өткен сайын бой түзейтін осы жас өскіндер ел мақтанышының өнегелі өмірін кейінгі буынмен жалғайтын тағылымды нышан іспетті.
Мерейтойға арналған рухани тартулар легі де жалғасуда. Жергілікті қаламгерлер Аян Кизкин мен Жанболат Баймұрынов батырдың ғибратты ғұмырына арнап «Ғасыр саңлағы» драмасын жазды. Қарқаралы сахнасында көрермен ықыласына бөленген тарихи туынды енді облыс орталығындағы өнерсүйер қауымға ұсынылмақ.

Газетіміздің алдағы сандарында қазақтың тұңғыш ғарышкерінің балалық шағы мен еңбек жолы, сынақшы-ұшқыш ретіндегі қайталанбас ерлігі, ғарыш сапарының ғылыми маңызы, елдік мұраты мен азаматтық ұстанымы жан-жақты сөз болмақ.

Өйткені, Тоқтар Әубәкіров – ғарышқа ұшқан тұңғыш қазақ қана емес. Ол – алынбайтын асу, бағынбайтын биік болмайтынын дәлелдеген қайсар рухтың иесі. Оның ерлігі – ұрпаққа өнеге, ұлтқа мақтаныш, ал есімі қазақ аспанында мәңгі жарқырап тұратын жарық жұлдыз.
Қарқаралының қыраны сексенге келді. Бірақ, қыранның биігі жаспен өлшенбейді.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button