АймақАқтоғай

Бектау ата – келер ұрпаққа аманат

Ақтоғай ауданындағы Бектау ата елдімекенінде «Бектау ата шатқалы: тарихы, бүгінгі жағдайы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. «Балқашым – алтын бесігім» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ұйымдастырылған жиында өңірдің табиғи байлығын сақтау, экологиялық ахуалын жақсарту және ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін беру мәселелері кеңінен талқыланды.

Сурет автордан

Жиынға Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Айдос Қуанышбаев, «Балқашым – алтын бесігім» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, заңгер Құсайын Игембаев, бірлестік төрағасы Рымкүл Машурбекова, бірлестік мүшесі Гүлчира Хузина, Балқаш қалалық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Дәулет Қожақов, экологтар, орман шаруашылығының мамандары, «Қазгидромет» өкілдері, кәсіпкерлер, еріктілер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және Бектау ата елдімекенінің тұрғындары қатысты. Дөңгелек үстелді қоғамдық бірлестік төрайымы Рымкүл Машурбекова жүргізіп, қатысушыларды «Бектау ата қорығы» жобасының мақсат-міндеттерімен, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстармен таныстырды. Ол өңірдегі экологиялық мәселелерге тоқталып, табиғи кешенді сақтау бағытында кешенді жұмыстар жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

– «Балқашым – алтын бесігім» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен Жаһандық Грингранттар қорының Орталық Азиядағы шағын гранттар бағдарламасы аясында «Бектау ата қорығы» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – Балқаш көлінің экожүйесімен сабақтас жатқан Бектау ата табиғи кешенін қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптас­тыру және өңірге ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін беру бағытындағы жұмыстарды жүйелеу, – деді «Балқашым – алтын бесігім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рымкүл Машурбекова.

Сонымен қоса, дөңгелек үстелде Бектау атаға ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін беру мәселесі негізгі тақырыптардың біріне айналды. Қатысушылар қорғалатын аумақ көлемін шатқалды толық қамтитындай етіп 4 мың гектарға дейін ұлғайту қажеттігін көтерді.

Жиын барысында нақты ұсыныстар да айтылды. Атап айтқанда, ағаш отырғызу жұмыстарын жүйелі жүргізу, тазалық акцияларын тұрақты өткізу қажеттігі сөз болды. Сондай-ақ, бұлақтардың көзін ашу, су көздерін қалпына келтіру мәселелері де ерекше назарға алынды. Қатысушылар Бектау атаның табиғи қалпын сақтап қалудың басты жолдарының бірі – оны ұлттық парк немесе табиғи қорық деңгейіне жеткізу екенін сөз етті. Бектау ата ауылының тұрғындары Дәулет Ошақбаев, Қазыбек Әбеуов және Серікбол Ілиясұлы киелі мекенді қорғау – бүгінгі ұрпақтың басты міндеті екенін жеткізді. Олар Бектау атаның әрбір тасы мен табиғи байлығы ел үшін баға жетпес құндылық екенін айтып, туған жерді сақтап қалуға барша жұртшылық атсалысуы қажет екенін атап өтті. Қоғамдық бірлестіктің құрылтайшысы, заңгер Құсайын Игембаев табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстар заң талаптарына сәйкес мемлекеттік тапсырыс аясында жүйелі түрде жүргізілуі тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, алдағы уақытта Бектау атаның тарихын терең зерттеу, ғылыми жұмыстар ұйымдастыру, археологиялық және тарихи мұраларды зерделеу маңыз­ды. Сондай-ақ, өңірді халықаралық деңгейде таныту үшін арнайы таныстырылым материалдарын әзірлеу, деректі және танымдық бейнероликтер түсіру, туристік бағыттарды дамыту жөнінде ұсыныстар айтылды.

Айта кетейік, Бектау ата гранитті массиві республикалық маңызы бар геологиялық нысандардың бірі болып есептеледі. Оның ең биік нүктесі теңіз деңгейінен 1213 метр биіктікте орналасқан. Мұнда 300-ден астам өсімдік түрі өседі. Олардың қатарында Қазақстанның Қызыл кітабына енген және тек осы өңірде ғана кездесетін эндемикалық өсімдіктер бар.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Ақтоғай ауданы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button