Саран қаласының «Достық» үйінде «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы қалалық кезеңінің қорытындысы шығарылып, осы сында жеңіске жеткен отбасыларды марапаттау салтанаты өтті.

Осыған орай, қалалық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлері мұнда «Отбасылық дәстүрлер – бақытты отбасы негізі» тақырыбында кітап көрмесін ұйымдастырып, салтанатты сәтте құттықтау сөз сөйлеген Саран қаласы әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев өткен жылғы «Мерейлі отбасы» қалалық байқауының жеңімпазы облыс бойынша бас жүлдеге ие болып, республикалық деңгейде де жүлделі орын алғанын айтты.
Келесі жеңімпаздарды марапаттау рәсімі кезінде осы қалалық байқауда III орыннан көрінген Сатқанғұловтар отбасына үшінші дәрежелі диплом мен 100 мың теңгенің ақшалай сертификатын Саран қаласының ақпараттық-түсіндіру тобының жетекшісі Ғалия Төртбаева тапсырды.
Ал, II орын иегері Хаванцевтер отбасына екінші дәрежелі диплом мен 150 мың теңгенің ақшалай сертификатын Саран қалалық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Жүсіпбекова табыстады.
Байқау жеңімпазы Жашкеевтер отбасы бірінші дәрежелі диплом мен 200 мың теңгенің ақшалай сертификатын Саран қаласы әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеевтің қолынан алды.
Бас жүлде бұйырған осы отбасының отағасы Талғат Жашкеев өз қуанышын жасыра алмай:
– Бірінші орын аламыз деп ойламаған едік. Бұл – біздің отбасымыз үшін үлкен дәреже және тер төккен дайындығымыздың ақталғаны, – дейді.
«Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының қалалық кезеңіне қатысқан 9 отбасының үшеуі осылайша жеңімпаз атанса, қалғандарының да еңбегі бағаланып, түрлі аталымдарда жүлдегер болды.
Солардың бірі Манаш отбасының отағасы Әлішер өздерінің осындай байқауға алғаш қатысқанда «Жарасымды отбасы» аталымында марапатталғандарын, енді, міне, отбасындағы бірлік пен ынтымақтың арқасында тағы да сый-сияпатқа бөленгендеріне көңілі толатынын жеткізді.
«Достық» үйінде болған салтанатқа «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы қалалық кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қолдаған халық көп жиналып, жергілікті өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
САРАН



