Жаңалықтар

Еңлікгүл

Егіндібұлақта еңлікгүл өсе ме?

«Балқантау, ол да – біздің барған тау» демекші, Балқантауда да, Едірейде де, Үшқарада да болғанбыз. Осы үшеуінің арасынан Үшқара биігіне шықтық. Бірақ, Балқантаудың басына шыға алмай, Едірейдің етегінен қайтқанбыз. Мәди бабамыз әнге қосқан Үшқара биігінен еңлікгүлді кездестіре алмадық.

Сөйтсек, Егіндібұлақтың еңлікгүлі Қарағандыда жайқалып, қалаға сән беріп, шәкірттеріне нәр беріп жүр екен. Ол – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті журналистика кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, замандасымыз Жанар Сембекқызы Рамазанова.

«Орталықта» қызмет ететін жас журналистердің дені – Жанар Сембекқызының шәкірттері. Жансая Омарбек, Аяулым Совет, Жансая Амантай, Ербол Ерболат, Аида Рахимқұлова… Республикалық басылымдар мен телеарналарда жемісті еңбек етіп, ұстаз мерейін тасытып жүрген шәкірттері қаншама?! Осы шәкірттерінің барлығы Жанар апайларын аузынан тастамайды. Біздің буын «Қарағанды журналистерінің атасы» атанған Зарқын ағайға деген пейіліміз қандай болса, жастардың Жанар апайына деген ықыласы да – сондай. Бұл – ұстаз бақыты!

Сонымен, жастардың Жанар апайы кім?

Жанар Сембекқызы – ғалым, ұстаз, ана, жаңа медианың жілігін шағып, майын ішкен маман, қазақтың қайсар қызы, тіл жанашыры, ұлт жоқшысы…

Сурет:автордан

***

Жанар замандасымыз Егіндібұлақ ауылындағы №2 орта мектептің орыс сыныбын бітіргенін білмейді екенбіз. Негізгі мамандығы да – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастаған.

…Жанар Сембекқызының 4-сынып оқитын кезі. Бастауыш мектепті енді бітіріп келген бүлдіршіндерге әр пәннен әр мұғалім сабақ береді. Бір күні қазақ тілі пәнінің мұғалімі оқушылардан:

– Балалар, сендердің ана тілдерің қай тіл? – деп сұрады. Төртінші сынып оқушылары мұндай сұрақты тұңғыш рет естіп отыр. Жанар ойланып үлгермеді. Ішкі ойы «Менің ана тілім – қазақ тілі» болуы керек дейді. Бірақ, «Онда біз орыс мектебінде неге оқып жүрміз?» деген көлденең сауал көңілінде тұрып алсын. Сөйтіп, ойын жинақтап, өз пікірін айтамын дегенше, бүкіл сыныптастары:

– Наш родной язык – великий русский язык! – деп ду ете қалды.

Ұлтжанды қыздың көкейіне тура сол күні орнығып алған «Неге?» деген сауал әлі күнге жауабын таппаған секілді… Сол сәттен бастап Жанардың жүрегіне Ұлтты сүю, тілді қастерлеу деген аяулы сезім ұя салған. Сол сезім уақыт өте келе, алапат күшке айналып, бойында ерекше бір қайсар рух бұлқынған. Періште пейіліне қонақтай қалған балаң рух бүгінде азаматтық ұстанымға айналған-ды. Сол күні үйге жылап келген.

– Мама, біздің ана тіліміз орыс тілі ме? Сыныптастарым мұғалімнің сұрағына солай жауап берді. Қазақ тілінің қадірі неге төмен? – деді солқылдап жылап. Құйтақандай құлыншағының бойына ана сүтімен дарыған қасиетті тілінің мәртебесі үшін осынша намыстанып келгеніне бір жағынан сүйсінген, екінші жағынан жүрегі езілген анасы:

– Жоқ, құлыншағым. Біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Балалар жаңылысқан ғой. Әлі ана тіліміздің күні туады. Біз сендерді ертеңгі күні жүрген ортасында ойын ашық жеткізсін, қиналмасын деп, орыс мектебіне бердік. Бәрі – уақытша, ботам. Туған халқыңның ең басты құндылығы тілін сүйген кішкене ғана жүрегіңнен айналайын! – деді еміреніп. Үш жарым ғасыр бодандық қамытын киіп, империялық жүйенің шылауынан құтыла алмаған, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың тағдырына анасының да қос жанарына жас үйірілген еді. Жанар оны да байқады.

Ұлтқа, тілге деген сол сүйіспеншілік, сол сезімнің тигізген септігі болар, мектепті орыс сыныбында бітіріп, университетте орыс тобында оқыған Жанар Сембекқызы кейін кандидаттық диссертациясын қазақ тілінде қорғады. Қазір қазақ аудиториясында мемлекеттік тілде дәріс оқып жүр. Тіпті, жаңашылдыққа кешеуілдеп келетін қазақ жастарын жігерлендіріп, жаңа медианың жай-жапсарын, әдіс-тәсілін меңгертуге бағытталған семинар-тренингтерде қазақ тілінде дәріс оқитын саусақпен санарлықтай медиа-тренердің бірі.

Студент кезінде қазақ тобында оқитындар орыс тобының студенттерін «Сендер – не қазақ емес, не басқа емес, дүбәрасыңдар!» деп, кемсітетін үрдіс қалыптасты. Бұл пікірдің айтылуы да – заңдылық. Өйткені, Қазақстан ғасырлар бойы бабалар арманы болған азаттыққа қол жеткізіп, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілген еді. Қазақ тобының студенттері ұлттық намысты ұран етіп, кеуделерін шалқақ ұстай бастаған кез… Мектепте орысша оқығанымен, отбасында қазақы тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен Жанар бұл кемсітушілікке де төзбеді. Профессор Қаби Лекеровтің лекциясы үстінде қолын көтеріп, ұстазына базына айтты.

– Ағай, қазақ тобында оқитындар бізді «Дүбәрасыңдар!» деп кемсітеді. Шынымен біз дүбәрамыз ба? – деп, сұрақты төтесінен қойды.

– Айналайын, аты-жөнің кім? Өзің бір қазақтың намысты қызы екенсің! Жоқ, мүлде олай емес. Керісінше, сендерде мүмкіндік көп. Орыс әдебиетінің классиктерін түпнұсқадан оқисыңдар. Әлем әдебиетінің жауһарлары әуелі орыс тіліне аударылады. Соны оқисыңдар. Сондықтан, сендердің мүмкіндіктеріңе ешкім шәк келтіруі тиіс емес. Бірақ, ана тілімізді қастерлеуді, орысша оқысақ та, қазақша ойлауды естен шығармаңдар, – деді профессор Қаби Кәкенұлы.

…Профессор Лекеровпен екеуінің жолы ғылым әлемінде 2000 жылдары қайта түйісті. Кандидаттық диссертациясының тақырыбы «Қазақ поэзиясындағы балладалар (қалыптасу, даму ерекшеліктері)» болып бекіген. Жетекшісі – азуын айға білеген түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Егеубаев. Тың тақырып. Бірақ, дәл осы тақырыпты 1930-1960 жылдары өз ұстазы Қаби Лекеровтің қаузағанын жақсы білетін. Ғылыми жұмысын жазу барысында Қаби ағасымен көп кеңесті. Алғаш барғанында, өзінен дәріс алған шәкіртін бірден таныған Қаби Кәкенұлы:

– Сен баяғы «Біз дүбәрамыз ба?» дейтін қыз емессің бе? Әй, сенен бірдеңе шығатынын сол кезде біліп едім. Міне, өзіңнің дүбәра еместігіңді іспен дәлелдеп отырсың. Орыс тілінің маманы қазақ тілінде диссертация қорғайды! Ғажап емес пе?! Жарайсың, қызым! – деп, таңдаған тақырыбына да ризашылығын білдірді. Ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдарын берді.

…Кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, іргетасын Зарқын Тайшыбай қалаған журналистика кафедрасына келді. Филологқа болашақ журналистерге дәріс оқу оңайға түскен жоқ. Ізденді. Үйренді. Білмегенін сұрауға намыстанған жоқ. Табандылық танытты. Сонда да, кафедрадағы кейбір әріптестері «Филолог журналистерге не үйретер дейсің?» деген пікірлерін сыбырлап айтып жүрген. Оны да құлағы шалады. Бала күнінен намысқой қыз оған да мойымады. Керісінше, сол пікірді айтып жүргендерден кеңес сұрап, солардың ақылын тыңдады. Ал, студенттер аудиториясы Жанар апайларын керемет жылы қабылдаған. Гүлдей нәзік жаратылысы мен жібектей мінезі, терең білімі мен қазақ қыздарына тән мейірімі аудиторияны баурап алды. Алғашқы лекциясынан-ақ жастардың Жанар апайына айналды. Сонда да, елдің сөзіне тоқтам жасау мақсатында өзі қызмет ететін университетті журналистика мамандығы бойынша сырттай оқып, екінші жоғары білімді де игеріп алды. Өзі дәріс беретін аудитория орындығына шәкірт болып отыруға, өз әріптестерінен сабақ алуға еш намыстанбады. Осы мақсатшылдығы мен табандылығы Жанар Сембекқызын абырой биігіне, құрмет алаңына бастап келе жатты. Ақыры, мақсатына жетті.

…Кафедра тізгінін ұстағанына да бес жыл болып қалыпты. Мансапты сұрап алған жоқ. Лауазым өзі келді Жанарға. Қазір Жанар Рамазанованың мойнында бір ғана кафедра меңгерушілігі ғана емес, қоғамдық негізде атқаратын бірнеше жауапкершілігі зор міндеттер бар. Ол – филология факультеті бойынша сапаны бақылау комиссиясының төрағасы. Ол – Қарағанды университетінің Академиялық Кеңесінің, Ғылыми Кеңестің мүшесі. Ол – Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жанындағы республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің мүшесі. Ол – филология факультетінің тәуекел менеджері. Ол – Қарағанды қаласындағы «Жаңа FM» радиосының штаттан тыс тілшісі. Ол – «Журналистік зерттеу» және «Журналистік этика» тақырыптары бойынша медиа-тренер. Ал, өмірде – Ана, Әже, асыл жар.

Жолдасы Бектұрсын Қалиев – Қарағанды университеті қазақ тіл білімі кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты. Ғалымдар отбасында саналы ұрпақ, тәтті немере өсіп келеді.

***

Қар көбесі сөгілер-сөгілместен, тоңды жарып шығатын көктемнің алғашқы гүлі – жауқазын. Кей өңірлерде бәйшешек деп те атайды. Жанар замандасымыз да – көгілдір көктемнің алғашқы күнінде дүние есігін ашып, қар жамылып, мұз құрсанған Арқа даласына алғашқы жылылық лебін алып келген шуақты жан. Бірақ, біз кейіпкерімізді Еңлікгүлге теңедік. Өйткені, жауқазынның ғұмыры ұзақ болмайды. Ал, Еңлікгүл – тауда, ешкімнің қолы жетпейтін қияда өсетін, әсем гүл.

Егіндібұлақта Еңлікгүл өседі екен…

Ерсін МҰСАБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button