«Шахтер» үздіктер сапына көтерілді
Қарағандылық «Шахтер» футбол клубы Бірінші-Лига ойындары аясында екінші кездесуін өткізді. Бұл жолы жерлестер өз алаңында Екібастұздың «Батыр» футбол клубын қабылдап, 4:0 есебімен жеңіске жетті.
Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан
Команда маусымды жаман бастаған жоқ. Алғашқы ойында «Қайрат» жастар командасымен тең түсіп, ұпайдан қағылмады. Бұл жолы Екібастұз командасын айқын басымдықпен ұтты.
Кездесудің алғашқы минуттарында қарағандылықтар бірден лап қойып, шабуылға ұмтылған жоқ. Олар алдымен қарсыластың әлсіз тұсын аңдып, ойын ырғағын өз бақылауына алуға тырысты. Сауатты тактиканың нәтижесінде қарсылас қақпашысының осал тұсын алғаш болып шабуылшы Ален Айманов тапты. Әріптесі Артем Литоштың алаң ортасынан асырған дәл пасын Ален мүлт жібермей, допты қақпаға бағыттап есеп ашты. Осылайша Ален командадағы өзінің екінші ойынында алғашқы голын салды. Бұдан кейін екі команда да қанша тырысқанымен, таблодағы көрсеткішті өзгерте алмады.
Екінші тайм басталысымен қарағандылықтар ойын қарқынын үдетті. Соның нәтижесінде, 50-ші минутта Максим Галкиннің оң қапталдан әуелете асырған пасына Владислав Прокопенко бірінші болып жетіп, есеп айырмасын ұлғайтты. Бұл голдан кейін де «Шахтер» тоқтап қалмады. Кездесудің 62-ші минутында Рифат Нұрмұғамбеттің бұрыштамадан асырған добын Қасымжан Тайыпов дәл пайдаланып, есепті 3:0-ге жеткізді.
Кездесудегі соңғы нүктесі 83-ші минутта қойылды. Шабуылшы Марк Богачев сол қапталмен алға ұмтылып, қарсылас қорғанысын қақ жарып өтті. Шабуыл сәтін ұтымды жалғастырып, ол оң қапталдағы әріптесі Ален Пакқа дәл пас шығарған. Ален болса, өз мүмкіндігін мүлт жібермей, бос қақпаға допты оңай бағыттап, есепті 4:0-ге жеткізді.
Қазіргі таңда турнир кестесінің көш басында «Оңтүстік Академиясы» мен жетісулық «Жайық» командасы тұр. Екі ұжымның да еншісінде – 6 ұпайдан. Ал, ІІІ орында 4 ұпаймен қарағандылық «Шахтер» орналасқан.
Алдағы турда жерлестер 23 сәуірде сырт алаңда «Арыс» клубымен кездеседі.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»




