Бүгін Абай ауданы әкімдігінің ғимаратында Ұлттық кітап және Кітапханашылар күні салтанатты түрде аталып өтіп, онда аудан бойынша кітапты көп оқитын әулеттер мен өз саласында озық кітапханашыларға құрмет көрсетілді.

Мерекелік салтанатты Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Еркебұлан Асқаров құттықтау сөзбен ашып:
– Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында Ұлттық кітап күнін бекітуді ұсынып, “Озық ойлы ұлт болудың төте жолы–кітап оқу” деп атап өтті. Бұл–халықтың мол мұрасы кітапқа көрсетілген құрмет. Ал осы асыл қазынаны сақтап, оқырмандарға жол тартқызатын жандар–кітапханашылар. Олардың еңбегі – тыныш көрінгенімен, маңызы зор. Биыл ел Президентінің бастамасымен еліміздің үш өңірінде “Кітап оқитын ұлт” пилоттық жобасы бастау алды. Осы жобаға Қарағанды облысы, соның ішінде Абай ауданының кітапсүйер қауымы да белсене қатысуда, – дей келе, марапаттау рәсіміне көшті.

Жоғарыдағы жоба бойынша аудандық бәсекеде топ жарған кітапсүйер әулеттер қазақ және орыс лигасына бөлініп, оларға тиісті сый-сияпаттар жасалды.

Атап айтқанда, осындай жүлдегерлер арасынан Оңғарған мен Мальцевтар әулетіне 3-дәрежелі диплом мен 100 мың теңгенің ақша сертификаттары табыс етілді. Келесі орындағы Манат және Бердогин әулеттеріне 2-дәрежелі диплом мен 200 мың теңгенің ақша сертификаттары берілсе, 1-дәрежелі диплом мен 300 мың теңгенің ақша сертификаттары Болыс және Балтабаевтар әулеттеріне бұйырды.

Бұдан кейін аудандағы кітапхана ісінің майталмандарына аудан әкімінің Алғыс хаттары мен 30 мың теңгеден ақша сертификаттары тапсырылды. Олардың арасында аудан кітапханаларының озат қызметкерлері Гүлмира Бейсенбекова, Майгүл Қасенова, Светлана Сүлейменова, Төлтай Әділбекова, Сағыныш Әбішева, Алтын Жұмабекова, Ольга Хасенова, Бақыт Бейсенбекова, Ольга Усачева, Татьяна Ушакова, Әсемгүл Нысанова, Майра Аймағанбетова, Айнагүл Хуаныш бар.

Салтанат соңында жергілікті өнерпаздар олардың құрметіне ән салып, құшақтары гүлге толы марапат иелері ескерткіш суретке түсті.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы



