Жігер жеңіске жетелейді
2004 жылы Қарағандыда есту қабілеті шектеулі жандардан құралған «Пантера» футзал командасы құрылған. Уақыт өте келе, команда тек өңірлік деңгеймен шектелмей, ел чемпионатына қатысып, өз тарихында тұңғыш рет Қазақстан чемпионы да атанды. Содан бері ұжымның құрамы сақталып, команда тұрақтылық пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп келеді. «Пантера» ойыншылары бүгінгі күнге дейін облыстық және республикалық турнирлерде жоғары деңгейде өнер көрсетуде. Бүгінде Қарағанды облыстық футбол ассоциациясы клубқа қолдау білдіріп, команда ойыншыларына жаңа спорттық форма табыстады.

Аталған клубтың ойыншыларының бірі – Береке Мәукенов. Бұл спортшы команданың негізгі ойыншысы болып бірден қатарға қосылмаған. 2010 жылы өткен ел чемпионатында қосалқы құрамнан шығып, сол жылдан бастап команда сапында.
– Футбол – бала күнімнен бергі ең сүйікті спортым. Бұл спорт маған керемет эмоция сыйлап, алға ұмтылуға күш береді. Алғашқы кездері алаңға жиі шыға алмадым. Көбіне қосалқы құрамда отырдым. Бірақ, еш мойымай, керісінше, тәжірибе жинап, өзімді дамытуға тырыстым. Одан кейін жаттығуларға белсенді қатысып, бапкердің сеніміне ие болдым. 16 жасымда негізгі құрамға қабылданып, Өскеменде өткен ел чемпионатында чемпион атандық. Бұл – менің алғашқы медалім еді. Сол сәттегі қуанышымды сөзбен жеткізе алмаймын, – деді Береке Мәукенов.
Айта кетейік, «Пантера» футзал командасы 2019-2020 жылғы футбол маусымында Қарағанды әуесқой футбол лигасында «С» тобында чемпион атанған. Одан бөлек, команданың төрт ойыншысы ұлттық құрама сапында да сәтті өнер көрсетіп жүр. Атап айтсақ, былтырғы әлем чемпионатында Ұлттық құрамамен нәтижелі ойын көрсетіп, үздік 10 құраманың қатарына енген. Бүгінде тарихы бай клубқа жан-жақты қолдау көрсетіп, демеушілік таныту – спорттағы тең мүмкіндіктер қағидатын дәріптеу деген сөз. Олай болса, өз жетістігімен өзгелерге үлгі болып жүрген қайсар да болашағы зор ұжымға қашан да қолдау бар.
Дарина САМЕН,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ IV курс студенті



