Жаңалықтар

«Оқырманды биік талғамға жетелейміз»

Қазіргі қазақ кітап нарығында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген «Qasym kitap» баспасы – аз уақыт ішінде оқырман қауымының сеніміне ие болған бірегей жоба. Белгілі кәсіпкер Ерлан Әшімнің бастамасымен 2019 жылы негізі қаланған баспа бүгінде қазақ және әлем әдебиетінің 180-нен астам таңдаулы туындысын басып шығарды. Бірнеше қалада кітап дүкендері мен оқырман клубтарының желісін құрған бұл жоба оқырман мен руханият арасын жалғаған тұтас мәдени кеңістікке айналып отыр. Осы орайда баспаның редакторы Гүлдана Қуатқызымен аз-кем әңгімелескен едік.

Сурет Гүлдана Қуатқызының жеке мұрағатынан

– Гүлдана Қуатқызы, бүгінде «Qasym kitap» атауын тек баспа емес, көпшілік жиналатын мәдени орта ретінде танитындар көп. Кітап дүкенін кофеханамен, еркін оқырман кеңістігімен ұштастыру идеясы өзін қаншалықты ақтады? Жалпы, сіздер өз миссияларыңызды қалай түсіндіресіздер?

– «Qasym kitap» әуел бастан кітапты тек сөреге қойылатын тауар емес, оқырманның рухани өмірімен сабақтас құндылық деп қабылдады. Сондықтан, кітап дүкенін еркін оқырман кеңістігімен, пікір алмасу алаңымен ұштастыру идеясы өзін толық ақтады деп сеніммен айта аламыз. Бүгінде біздің дүкендерімізде оқырман клубтары жұмыс істеп, авторлармен, ақын-жазушылармен кездесулер, түрлі рухани іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Баспаның негізгі миссиясына келсек, қазақ және әлем әдебиетінің үздік классикалық туындыларын қазақ тілінде қолжетімді етіп ұсыну, ана тіліміздің байлығын насихаттау және ұлттық мәдени мұраны сақтау. Біз көркем әдебиет, балалар әдебиеті, әлем әдебиетінің таңдаулы аудармалары арқылы қоғамның зияткерлік дамуына үлес қосуды, жаңа буынның кітапқа қызығушылығын арттыруды мақсат тұтамыз. Осы жолда сапалы басылым, қолжетімді баға, оқуға ыңғайлы формат пен мазмұндық құндылықты қатар ұстанып келеміз.

– Нарық заңы қатал. Бүгінгі құбылмалы сұраныс пен коммерциялық мүдде алға шыққан заманда «Qasymkitap» үшін не бірінші орында? Кітаптың өтімділігі ме, әлде оның әдеби-көркемдік салмағы ма?

– Әрине, нарық заңын мүлде елемеуге болмайды. Кез келген баспа үшін оқырман сұранысы да, кітаптың өтімділігі де маңызды. Алайда, біз үшін бірінші орында – әдеби сапа мен мазмұндық құндылық. Өйткені, баспаның беделі де, оқырман сенімі де ең алдымен, сапалы кітап арқылы қалыптасады.
«Qasym kitap» осы жылдар ішінде өз бағытын айқындап, қазақ және әлем әдебиетінің таңдаулы туындыларын ұсынуға ден қойды. Бұл жерде біз бір сәттік сұранысқа ғана емес, ұзақмерзімді рухани қажеттілікке көбірек мән береміз. Коммерциялық табыс маңызды болғанымен, ол көркемдік деңгейден төмен тұрмауы керек деп есептейміз. Ең тиімді жол – осы екеуінің тепе-теңдігін табу, яғни, оқырманға сапалы әрі оқылатын кітап ұсыну. Біздің ұстанымымыз да осы.

– Бүгінгі қазақ оқырманының талғамы қаншалықты өсті? Қазір нарықта қай жанрлар трендте, ал, қай бағыттардың оқырманы сиреп барады?

– Иә, соңғы жылдары қазақ оқырманының талғамы айтарлықтай өсті деп сеніммен айтуға болады. Қазіргі жалпы сұраныста психология, мотивациялық әдебиет, заманауи проза, тарихи романдар алдыңғы қатарда тұр. Ал, классикалық, терең философиялық шығармаларға сұраныс салыстырмалы түрде бәсеңдеу екені байқалады. Дегенмен, бұл классикаға қызығушылық жоқ деген сөз емес. Керісінше, біздің баспадан шығатын классикалық қазақ және шетел әдебиеті туындыларының да өз тұрақты оқырман қауымы қалыптасып келеді. Бүгінгі оқырманның кітап таңдауына әлеуметтік желі, подкаст, оқырман пікірі секілді факторлар да қатты әсер етеді. Көпшілік кейде достары ұсынған, кейде желіден естіген кітаптарын арнайы іздеп келіп сатып алады.
Бүгін жеңілдеу кітаптан бастаған адам ертең әдебиет жауһарларына қарай ойысады. Сондықтан, «Qasym kitap» жылдар мен ғасырлар сүзгісінен өткен, көркемдік биігі кемелденген туындыларды іріктеп шығарып, оқырманды сол биікке жетелеуді мақсат етеді.

– Сөрелеріңізде төл әдебиет пен әлемдік жауһарлар қатар тұр. Бүгінгі жас оқырман қайсысына көбірек бүйрек бұрады. Шетелдік бестселлерлерге ме, әлде өз авторларымызға ма?

– Қазіргі оқырманды бір ғана бағытпен шектеу қиын. Бүгінгі буын екі арнаны да қатар тұтынып келеді деуге болады. Әсіресе, жастар арасында шетелдік бестселлерлердің қазақша аудармасына сұраныс жоғары. Олар әлемдік әдеби үдерістен қалыс қалмай, өзіне жақын, көп айтылып жүрген шығармаларды ана тілінде оқығысы келеді. Бұл – өте табиғи үрдіс.
Сонымен бірге, соңғы жылдары қазақ авторларына деген қызығушылықтың да айтарлықтай көбейгені байқалады. Оқырман енді тек сырттан келген танымал атауларға ғана емес, өз әдебиетіміздің көркемдік қуатына, ұлттық болмысын бедерлейтін туындыларға да ден қоя бастады.

– Қазір кітап аудару ісі жанданып келеді, бірақ, сапа мәселесі жиі сынға ұшырайды. «Qasymkitap» әлем әдебиетін қазақша сөйлетуде қандай талап қояды? Түпнұсқаға адалдық пен тіл тазалығын қалай үйлестіріп жүрсіздер?

– Аударма – өте жауапты әрі нәзік жұмыс. Біз үшін ең басты талап – түпнұсқаның мағынасы мен рухын жоғалтпау, сонымен бірге оны қазақ тілінің табиғатына сай, көркем әрі табиғи жеткізу.
«Qasymkitap» бұл бағытта бұрынғы сапалы аударма мұрасын да қадірлейді. Баспадан жарық көрген кітаптардың бірқатары өткен ғасырдың 50-80 жылдары тәржімаланған туындыларға сүйенеді. Сол кезеңде Құрманбек Сағындықов, Заманбек Әбдешов, Қайрат Жұмағалиев, Бекболат Әдетов секілді аудармашылар шетел әдебиетін қазақша сөйлетіп, үлкен мектеп қалыптастырды. Ал, баспаның қазіргі негізгі аудармашыларының бірі – жазушы, ақын, драматург Кенжебай Ахметов. Толстойдың «Өліп-тірілуі», Булгаковтың «Ит жүрегі», Гогольдің «Петербург повестері», Геродоттың «Тарихы» секілді күрделі шығармалардың қазақша сапалы жетуінде мұндай мамандардың еңбегі айрықша.
Біз бұрынғы аудармаларды жариялағанда да аудармашы қолтаңбасына құрметпен қараймыз.

– Цифрлық форматтар қағаз кітапты тықсырып бара жатқандай көрінеді. Аудиокітап пен электронды нұсқалар салтанат құрған заманда дәстүрлі кітаптың өміршеңдігіне сенесіз бе?

– Иә, бүгінде аудиокітап пен электронды форматтардың кең таралып келе жатқаны рас. Бұл – уақыттың, технологияның талабы. Адамдар қазір ақпаратты әртүрлі арна арқылы қабылдайды, сондықтан, кітаптың цифрлық форматта таралуы – заңды құбылыс. Бірақ соған қарап қағаз кітап өз құндылығын жоғалтады деуге келмейді. Кітапты қолға ұстап оқу, парағын ақтару, иісін сезіну, өзіңе керек тұсын белгілеп, қайта оралып оқу – мұның бәрін электронды формат толық алмастыра алмайды. Көп оқырман үшін кітап – сөреге жиналатын дүние ғана емес, өмірінің бір бөлшегі, рухани серігі.
Сондықтан, болашақта бұл форматтар бір-біріне қарсы емес, қатар дамиды деп ойлаймын.

– Елімізде кітап оқу мәдениетін жаппай көтеру үшін мемлекет, мектеп, кітапхана және баспа қай тұстан бірлесуі керек? Сіздіңше, біздің ең осал тұсымыз қайсы?

– Егер бір ғана шешім қабылдау мүмкіндігі берілсе, мен ең алдымен, мектептен бастар едім. Өйткені, оқу мәдениеті адамның бойында ең әуелі балалық шақта қалыптасады.
Біздіңше, ең маңыздысы – балалар мен жасөспірімдерге заманауи, қызықты, тартымды оқу ортасын ұсыну. Кітапты міндет, тапсырма, бақылау құралы ретінде емес, еркін таңдау мен рухани ләззаттың көзі ретінде таныта білу қажет.
Егер осы ұстаным мектептен бастап, жүйелі түрде орнықса, кітапхана да, баспа да, мемлекет те соған сай өз міндетін тиімді атқара алады. Сонда ғана біз кітап оқуды науқандық шара емес, күнделікті мәдени дағдыға айналдыра аламыз. Бұл – кітап оқу мәдениетін көтерудегі ең басты бағыт деп есептеймін.

– Көптен-көп рақмет. Баспа ісі ілгерілей берсін!

Сұхбаттасқан Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button