Облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде 28 жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, биыл Қарағанды облысының агроөнеркәсіптік кешенінде жалпы құны 63 млрд теңгеден асатын 28 жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар инфрақұрылымды кеңейтумен қатар, саланы сапалық тұрғыдан жаңғыртуға бағытталған. Атап айтқанда, заманауи көкөніс қоймалары мен 1200 басқа арналған сүт-тауар фермасы салынбақ.

Өткен жылы агроөнеркәсіптік кешенге салынған инвестициялар 2,6 есеге өсіп, 78,2 млрд теңгеге жетті. Жол картасы аясында 30-дан астам жоба іске асырылып, 287 жұмыс орны ашылды. Жобалардың басым бөлігі өсімдік шаруашылығына тиесілі болса, мал шаруашылығы мен өңдеу салаларында да бірқатар бастамалар жүзеге асырылды.
Ірі инвесторлардың бірі – Евразия Инвест ЛТД. Компания өңірде қуаттылығы 2,5 және 12 мың тонналық көкөніс қоймаларын іске қосқан. Қазіргі таңда инвестор мал шаруашылығына басымдық беріп, 1200 басқа арналған заманауи сүт-тауар фермасын салуды қолға алған. Жоба жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы арқылы жүзеге асырылуда.
Мемлекеттік қолдау да саланың дамуына серпін беріп отыр. Өткен жылы екі мыңнан астам ауыл шаруашылығы өндірушісіне көмек көрсетілді. «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 132 несие беріліп, 172 жаңа жұмыс орны құрылды. Бағдарлама шеңберінде жеке қосалқы шаруашылықтар мен кооперативтерге қолдау көрсетіліп, шағын бизнесті дамытуға мүмкіндік жасалуда.
Мысал ретінде «Мади-Агро 7» кооперативін атауға болады. Кәсіпорын ірі өнеркәсіптік тұтынушыларға ет жеткізу жүйесін жолға қойған. Ал 2026 жылы «Ауыл Аманаты» бағдарламасын қаржыландыруды екі еседен астам арттыру көзделіп отыр.
Жалпы, өткен жылы өңірдің агроөнеркәсіптік кешені жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Облыста 1 млн тоннадан астам астық, 385 мың тонна картоп, 75 мың тонна көкөніс және 82,7 мың тонна майлы дақыл жиналды. Суармалы жер көлемі 46,5 мың гектарға дейін ұлғайды. Мал шаруашылығында да өсім бар: ет өндірісі 5,2%-ға, сүт 3,2%-ға, жұмыртқа 0,5%-ға артты.
Сонымен қатар, жер қатынастары саласында цифрландыру мен ғарыштық мониторинг нәтижесінде 146 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
2026 жылы өңірде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 559,6 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Негізгі басымдық егіс алқаптарын кеңейтуге, майлы дақылдар мен картоп өндірісін арттыруға, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібін дамытуға берілмек.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



