Спорт

Жеңіл атлеттер бақ сынады

Қарағандыда Қ.Нұржанов атындағы жеңілатлетикалық манежде жеңіл атлетикадан Қазыбек Нұржановты еске алуға арналған 2011-2012 жылы туған кіші жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында облыстық чемпионат өз мәресіне жетті. Биылғы чемпионатқа еліміздің әр өңірінен жиналған 150-ден астам жас жеңіл атлет қатысты.

Суретті түсірген автор

Екі күнге жоспарланған жарыс бағдарламасы тартысқа толы өтті. Қатысушылар жеңіл атлетиканың негізгі түрлері бойынша сынға түсті. Атап айтсақ, биікке секіру, 50, 100, 300, 600 метрге жүгіру және кедергілер арқылы жүгіру дисциплиналарында өзара мықтыны анықтады.

Жарыстың ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Берік Досымбеков пен облыстық мәслихат депутаты Ерден Халилин қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, батырдың жиені Оралхан Нұржанов та арнайы келіп, жылы лебізін білдірді.

– Чемпионат үздіктері алдағы уақытта халықаралық аренада, әлем чемпионаттарында және Олимпиада ойындарында еліміздің намысын қорғайды. Қарағанды жеңіл атлетика мектебінің тарихы мен дәстүрі терең. Бүгін біз Кеңес одағының Батыры Қазыбек Нұржановтың құрметіне арналған турнир өткізіп отырмыз. Сондықтан, жас спортшыларға үлгі тұтар тұлғалар бар, – деді Ерден Халилин.

Жерлесіміз, облыстық жеңіл атлетика мектебіні оқушысы Ясмина Тимурова ұзындыққа секіруден сынға түсіп, чемпион атанды. Одан бөлек, 50 метр қашықтыққа жүгіруден бақ сынап, ІІ орын иеленді.

– Мен жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Бұл жарыс мен үшін аса қиын болған жоқ. Себебі, мен үнемі дайындық үстіндемін. 2025 жылы ең үздік спортшылардың бірі атандым. Әрі спринт пен ұзындыққа секіруде көбіне жүлделі орындар алып жүрмін, – дейді жас чемпион.

Сондай-ақ, турнирге қатысушылардың бірі қарағандылық – Павел Торгов. Жас спортшы бұған дейін әлем чемпионы атанған. Қытайда өткен халықаралық бәсекеден де құр қол қайтпапты. Осы турнирде ол 50 және 300 шақырым қашықтықта бақ сынаған. Өкінішке қарай, жүлдегерлердің қатарына іліне алмады.

– Мен үшін бұл турнирге қатысу – зор мәртебе, әрі жауапкершілік. Әрбір жарыс өзіңді шыңдап, жаңа белестерді бағындыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да ел намысын қорғап, жоғары нәтижелер көрсетуге бар күшімді саламын, – деді ол.

Гүлім ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ IV курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button