«Әдеби аялдама» қайда қалды?
Аймақта кітап оқуды насихаттауда түрлі іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Алайда, соңғы жылдары қоғамда кеңінен талқыланған «Жылжымалы кітапхана», «Әдеби аялдама» және QR-код арқылы кітап оқу жобалары өңірде жеке жоба ретінде ресми түрде іске асырылмаған. Соған қарамастан, бұл бағыттағы жұмыстар кітапханалардың ағымдағы қызметі аясында жалғасып отыр.

Бүгінде өңірде кітапхана қызметі халыққа қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Кітапханалар тарапынан оқырмандарды тарту, олардың қызығушылығын ояту мақсатында түрлі мәдени-ағартушылық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, әдеби кездесулер, танымдық шаралар, көшпелі форматтағы акциялар арқылы кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға басымдық берілуде. Кітап оқуды заманауи форматта насихаттауға бағытталған жекелеген бастамалар да бар. Дегенмен, олар толыққанды, жүйелі жоба деңгейіне жетпеген. Бұл өз кезегінде аталған бағыттағы жұмыстардың негізінен акция немесе уақытша шара ретінде жүзеге асырылып отырғанын көрсетеді.
Бұл бағыттағы жұмыстар негізінен кітапханалардың өз мүмкіндіктері шеңберінде жүзеге асырылып отыр. Ал, басқа салалармен, әсіресе көлік және цифрлық технологиялар бағытындағы өзара іс-қимыл толық жүйеге түспеген. Мұндай үйлесімнің болмауы «Әдеби аялдама» немесе QR-код арқылы кітап оқу сияқты жобалардың кең ауқымда дамуына кедергі келтіреді. Осыған байланысты алдағы уақытта кітап оқуды насихаттау жұмыстарын жүйелеу қажеттілігі туындап отыр. Жаңа форматтағы жобаларды кезең-кезеңімен енгізу, мобильді қызмет көрсету жүйесін дамыту және цифрлық кітап ресурстарын кеңейту негізгі бағыттардың бірі ретінде қарастырылуда.
Осы мәселеге қатысты Н. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының облыс кітапханаларын дамыту бөлімінің басшысы Ақерке Рашева аталған бағыттағы жұмыстарға тоқталып өтті.

– Қарағанды облысында кітап оқуды насихаттау бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіліп келеді. Дегенмен, «Жылжымалы кітапхана», «Әдеби аялдама» және QR-код арқылы кітап оқу жобалары өңірде жеке жоба ретінде ресми түрде іске асырылған жоқ. Соған қарамастан, осы бағытта кітапхана қызметін кеңінен танытуға және оқырмандарды тартуға арналған мәдени-ағартушылық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Аталған бастамаларды жүзеге асыру барысында ірі инфрақұрылымдық қиындықтар тіркелген жоқ. Алайда, жобалардың жүйелі форматта енгізілмеуіне байланысты материалдық-техникалық база мен цифрлық ресурстарды дамыту қажеттілігі байқалады. Бұл бағыттағы іс-шараларға арнайы бюджет қарастырылмаған, олар негізінен кітапханалардың ағымдағы қызметі аясында жүзеге асырылып отыр. Жалпы алғанда, атқарылған жұмыстардың нәтижелілігі оқырмандардың қатысу белсенділігі, өткізілген іс-шаралар саны және кітапханаға келушілер көрсеткіштері арқылы бағаланады. Бүгінде халықтың кітап оқуға қызығушылығының артқаны байқалады. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеп, жаңа форматтағы жобаларды кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр, – деді маман.
«Жылжымалы кітапхана», «Әдеби аялдама» және QR-код арқылы кітап оқу секілді бастамалар да жекелеген акциялар деңгейінде іске асуда. Негізгі мәселелер қатарында арнайы қаржыландырудың болмауы, материалдық-техникалық және цифрлық мүмкіндіктердің шектеулілігі, сондай-ақ, салалар арасындағы үйлесімді жұмыстың жеткіліксіздігі бар. Соған қарамастан, халықтың кітап оқуға деген қызығушылығының артуы байқалады. Сондықтан, алдағы уақытта бұл бастамаларды жүйелеп, тұрақты жобаларға айналдыру және заманауи технологияларды тиімді пайдалану маңызды болып отыр.
Жамал Советқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»



