Қарағандыда «Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздары марапатталды
Қарағанды облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасының марапаттау кезеңі өтіп, тоғыз ай бойы жалғасқан рухани бастаманың қорытындысы шығарылды. Салтанатты жиында жүзден жүйрік шыққан қатысушылар марапатқа ие болды.

Іс-шараның ашылуында жоба аясында атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижесін танытатын арнайы деректі фильм көрсетілді. Оның авторы – облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Қарағанды өңірі бұл бастаманы республикада алғашқылардың бірі болып пилоттық форматта қолға алған аймақтардың бірі. Жоба қысқа уақыт ішінде ел ішінде үлкен қызығушылық туғызып, кітап оқуды жеке әдет қана емес, қоғамдық құндылық деңгейіне көтере алған маңызды мәдени-ағартушылық алаңға айналды.
Салтанатты жиында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жобаның мәні мен маңызына айрықша тоқталды.

– Былтыр республикада бірінші болып осы жобаны қолға алып, пилоттық форматта бастадық. Шынын айтсам, алғашқы кездері күмән болды. Сананы тұрмыс, тіршілікті технология билеп-төстеген заманда кітап оқитындардың саны азайғанын білеміз. Әйтсе де, тәуекелге бардық. Себебі бүгін бұл істі қолға алмасақ, ертең саналы қоғам туралы сөзіміз бос ұран болып қалуы мүмкін. Қазіргі дәуірде адамзат алдына мүлде жаңа талап қойылса да, білім мен даналықтың кілті бәрібір – кітапта, – деді өңір басшысы.
Жобаның ауқымы да кең. Қарағанды облысында жоба алты бағыт бойынша жүзеге асты. Атап айтқанда, «Оқитын мектеп» бағытына 30 534 адам қатысса, «Оқитын педагог» бағыты бойынша 17 002 қатысушы тіркелді. «Оқитын әулет» санатында 10 987 адам бақ сынады. Сонымен қатар, «Оқитын колледж» бағытына 4 788, «Оқитын университетке» 3 074, ал «Оқитын мемлекеттік қызметші» бағытына 1 439 адам қатысты.

Мектеп оқушылары мен студенттер, ұстаздар мен мемлекеттік қызметшілер, ата-аналар мен тұтас әулеттер кітап оқу арқылы бір арнаға тоғысып, білім мен парасатты ортақ құндылық ретінде танытты.
Қатысушылар белгіленген 15 шығарманы оқып қана қоймай, электронды оқырман күнделігін жүргізді, оқыған кітаптары бойынша пікір жазып, жеке талдау жасады. Одан кейін іріктеу кезеңдерінде тестілеуден өтіп, үздіктер облыстық кезеңге жолдама алды. Соңғы сында әдебиетті терең меңгеру деңгейі зияткерлік квиз арқылы сараланды.

– Өңіріміздің, жалпы, еліміздің жетістігі экономикалық көрсеткіштермен ғана өлшенбейді. Дамудың алғышарты – ойлай білетін, әрдайым ізденіс үстінде жүретін, білімге ынталы адам. Сол себепті, біз зияткерлік жобаларға айрықша мән береміз және алдағы уақытта да жандандырып, ілгерілетеміз, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Жиын барысында кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастамалардың өңірде жалғаса беретіні де айтылды. Бұл ретте кітапхана инфрақұрылымын кеңейту, жаңа кітап ордаларын ашу және тұрғындарға заманауи рухани орта қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылып отыр.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда, І орын иегерлеріне 1 000 000 теңге, ІІ орынға 600 000 теңге, ІІІ орынға 400 000 теңге табысталды. Осылайша, жоба рухани бәсекені нақты қолдаумен ұштастырып, кітап оқуға деген ынтаны арттырудың тиімді үлгісін көрсетті.

Ең қызығы, І орын иегерлерін бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов марапаттап жатыр.
Жоба аяқталғанымен, оның қалыптастырған рухани серпіні тоқтамайды. Бұл баянды бастама қоғамда кітап оқуды өмір салтына айналдыратын жаңа мәдениеттің іргетасын қалағаны сөзсіз.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы нөмірінен оқи аласыздар.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



