Спорт

Сақа сілтеген саңлақтар

Өңірде ұлттық спорт түрі – асық ату дамып келеді. Жуырда республикалық чемпионатқа іріктеу кезеңі ретінде облыс біріншілігі өтті. Бүгінде Қарағандыда алғаш рет ел чемпионаты ұйымдастырылды. Жарыс бағдарламасына 2010-2012 жылы туған ұлдар арасында асық атудан, қыздар арасында бес асықтан командалық сайыс енгізілді. Чемпионатқа Астана, Шымкент қаласынан бөлек, 13 облыстан жүзге жуық спортшы қатысты. Турнирдің ашылу салтанатына облыстық мәслихат депутаты Ерден Халилин мен Асық ату спортынан халықаралық федерацияның вице-президенті Жомарт Сабыржанов қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Сурет ұйымдастырушылардан

Асық ату ұлттық спорт түрі ретінде 2011 жылдан бастап жүйелі түрде қалыптаса бастады. Дәл осы кезеңде ойынның бірыңғай ережесі әзірленіп, спорттық стандарттар бекітілген. Соның нәтижесінде спортшылар ресми талаптарға сай жарыстарға қатыса бастады. Аталған ережені әзірлеуге атсалысқандардың қатарында Жомарт Сабыржанов та бар. Осы бастамадан кейін асық ату ұлттық спорт ретінде жаңа деңгейге көтеріліп, кеңінен дамып, жүйелі түрде насихаттала бастады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорт түрлерін олимпиадалық деңгейдегі спортпен қатар дамыту міндетін айқындап отыр. Бүгінде елімізде асық атумен кәсіби түрде айналысушылар қатары артып келеді. Осы чемпионатқа кіл мықтылар қатысып отыр. Әрі осы чемпионатта бірқатар спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады. Алдағы уақытта ең епті де мерген спортшыларымыз ел намысын халықаралық аренада қорғайды, – деді Жомарт Сабыржанов.

Чемпионат айналмалы жүйе бойынша ұйымдастырылды. Барлық командалар жеребе тарту арқылы топтарға бөлініп, кейін әр топ ішінде өзара айналмалы форматта бақ сынасты. Жарыс барысында ойын барысы қатаң тәртіппен, төрешілердің бақылауымен өтті. Барлық кездесулер асық ату спортының бекітілген ресми ережелеріне сәйкес өтіп, әділ бәсеке қағидаттары сақталған.

Бес асық сайысында Қарағанды облысының құрамасы сапында Шет ауданынан келген Айым Мәжит те өнер көрсетті. Бұл жас спортшының мұндай деңгейдегі бәсекелерге қатысуы алғаш рет емес. Бұған дейін ол Қарағанды облысының намысын Семей мен Тараз қаласында өткен жарыстарда қорғаған болатын. Алайда, бұл жолы барын салғанымен, Айымның командасы жүлдегерлер қатарынан көріне алмады.

– Бұл – мен қатысып отырған үшінші республикалық жарыс. Облыстық додаларда үнемі І орын алып жүрдім. Дегенмен, бұл – командалық сайыс. Бір спортшының жіберген қателігі тұтас команданың нәтижесіне әсер етеді. Өкінішке қарай, бұл жолы командамызға сәттілік жетіспеді. VIII орынмен шектелдік. Алдағы уақытта кемшіліктерімізбен жүйелі жұмыс істеп, жеңіс үшін барымызды саламыз, – дейді Айым Мәжит.

Турнир қорытындысы бойынша асық атудан жалпыкомандалық есепте Алматы облысының командасы жеңімпаз атанды. Түркістан облысының құрамасы күміс жүлдеге ие болса, Астана қаласының командасы үздік үштікті түйіндеді. Бес асық сайысында Астана қаласының қыздар командасы қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды. Түркістан облысының спортшылары ІІ орынды иеленсе, Қызылорда облысының командасы ел чемпионатының қола жүлдегерлері атанды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button