Дәстүрлі ән өнерінің болашағы

Қазақ даласы жусанын жел тербесе де, қурайына шымшық қонса да ән мен күй төгіліп қоя беретін ғажайып ерекшелігімен белгілі. Мыңдаған жылдар бойы ен даланы тербеп келе жатқан ұлттың осынау саф өнері ешқашан көмескі тартпақ емес. Оған халқымыздың өткенінің ұлағаты – куә, бүгінгі жасампаз болмысы – кепіл.

Дәстүрлі ән өнерін шырқау шыңға шығарған дүлдүл деріміз де баршылық. Кешегі Ақан сері, Біржан сал, Иманжүсіп, Мұхит, Мәди, Нартай, Жүсіпбек Елебеков пен Ғарифолла Құрманғалиевтен бері түсер болсақ, тіл ұшына Игілік Омаров, Қайрат Байбосынов,  Жәнібек Кәрменов,  Мейірхан Адамбеков, Қатимолла Бердіғалиев, Ғалым Мұхамедин, Жақсыкелді Кемалов, Сәуле Жампейісова, Айгүл Қосанова және басқаларының есімдері оралары анық. Олардан бері тізбелесек, Еркін Шүкіман, Сержан Мұсайын, Айгүл Елшібаева, Клара Төленбаева, Дәуренбек Аркенов, Ерлан Рысқали, Ербол Айтбаев, Ардақ Исатаева, міне, осылай кете береді. Оларды санамалап шығу, әсте, мүмкін емес шаруа. Бұлардың барлығы аға буын өкіліне жатады.

Қазіргі жас буынның арасында да атадан балаға мұра болып келе жатқан киелі өнерді жанына серік етіп жүргендер аз емес. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» демекші, олардың ішінен қара үзіп шыққандары бар ма? Тыңдарман қауым атын тосылмай айтатын әншілердің қатарында кімдер бар? Осы сауалды біз дәстүрлі әнді дәріптеп жүрген  ағаларымызға қойған едік.

Мейірхан АДАМБЕКОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (марқұмның көзі тірі кезіндегі әңгімеден):

– Өзімізден кейінгі жастардан Айтбек Нығызбаев, Ербол Айтбаев, Жанат Айтбаев, Медіғат Манаповты айтар едім. Жалпы, қай өңірде болсын, бар ғой талантты жастар. Мен өзіміздің Қарағанды облысындағы жас буын жайлы айтайын. Арқада жақсы әншілер көп. Өз басым сырым Хордин, Медет Осатаев, Гүлмира Тапайдан үлкен үміт күтемін.

Ерлан РЫСҚАЛИ, Қазақстанның еңбек сіңірген қай раткері:

– Жер-жерде, әр аймақта дәстүрлі әншілерді өзара тайталастыратын конкурстар өтіп жатады. Бірде мына бала жақсы өнер көрсетсе, бірде ана бала таң қалдырады. Дегенмен, Асқар Мұқият, Медет Осатаев, Жасұлан Сақаев сынды жастардан күтерім көп. Бұлар – үнемі ізденісте жүретін әншілер.

Ғалым МҰХАМЕДИН, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Т.Қалмағамбетов атын дағы Жезқазған филармо ниясының әншісі:

– Мен еркін Шүкіманның қатарластарының өкшесін басып келе жатқан буыннан Ардақ Мұқышев, Арайлым Омарбекова,  Дулат Ақановтың аттарын атар едім. Жақсы әншілер бар негізі. Бірақ, солардың жолдарының ашылуы қиын бо лып тұр ғой. Ал, 25-30 жас шамасын дағы әншілердің арасында Алматы жақтағы Мерей Кәрімов, елордада Президент оркестрінде қызмет атқарып жүрген Қайыркелді Омарбеков, осы маңайдағы  Еркебұлан Ахметов, Қасиет Қамиев, Жаннұр Мұсылманбек және Медет Осатаевтың өнеріне көңілім толады.

Ағаларымыздың әңгімесінен байқағанымыз – бізден кейінгі ұрпаққа қазақы нақыштағы ән өнерін жеткізуші алтын көпірдің бар екендігі. Әрине, сұрақ аяқасты қойылып, жауабы бір демде берілген соң бәзбір дарын иелерінің есімдері аталмай қалуы да заңдылық. Сондықтан, бұл тізімге біз өз жанымыздан Перизат Тұрарова, Сырым Мұхамеджанов, Өзгеріс Шерікбай, Ідірбай Байбақты, Әзімхан Қамысбай, Диас Мұратхан, Азат Әбдіғалым, Аяулым Қамажан сынды жастарды қоса кетуді жөн санадық.

Қазіргі таңда «Домбыраның заманы өтті. Дәстүрлі әндерге насихат жоқ» деген мазмұндағы сыңаржақ пікірлерді жиі естіп қаламыз. Дегенмен, елімізде бұл мәселелерге қатысты біршама тындырымды шаруалар атқарылуда. Мәселен Тұңғыш Президенттің Жарлығымен бекітілген «Домбыра күнінің» аталып өтуінің өзі көп жайтты аңғартуы тиіс.

Бұдан бөлек, әр аймақта облыстық, республикалық деңгейдегі конкурстардың өткізілуі көңілге қуаныш ұялатады. Мәселен, Жүсіпбек елебеков атындағы, Мәди Бапиұлы атындағы, Әсет атындағы, Естай атындағы, Тайжан Қалмағамбетов атындағы, Майра атындағы конкурстар – жас буынның әнші ретінде қалыптасуына игі ықпалын тигізетін шаралар. Сөз басында атап өткен сержан Мұсайын, Дәуренбек Аркенов, Ерлан Рысқали, Еркін Шүкіман, Ардақ Исатаева сынды қазіргі «сен тұр, мен атайын» әншілер – сол конкурстардың алғашқы жемістері. «Мен Қазақпын» телевизиялық жобасы да кезінде орын алған олқылықтардың орнын толтыру үшін жасалынғаны күмәнсіз. Тек, жалғасын табуын тілейік.

Қысқасы, осының бәрін саралай келе, төл өнеріміздің жетімсіремесіне сеніммен қарауымыз керек.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.