БІЗ ОСЫДАН ҚОРҚАМЫЗ

БІЗ ОСЫДАН ҚОРҚАМЫЗ

замандасым «Шортанбай жырауға қарсымын» деп өзеуреп жүр

Мына опыр-топырға толы, мына аждаһадай аузын ашқан жаһандану заманынан да сәл бұрын, қаншама ұлыс пен ұлт әлем картасынан сызылып, аты өшті. Ол халықтың ұлдарын да, қыздарын да бейжайлық басып, ыржаңдап-ырбаңдап, өз ұлтының тағдырына деген немқұрайдылық басып, ақыры құрдымға кетіп тынғанына сеніңіз. Қазына байлығы шектен асқан, жан-жағын жау торыған, ширек ғасырда ең болмаса тіліне ие бола алмаған, қаракөк аспанға сыймай – жерге түсіп, теледидардан ол үшін қажетті хабарларға орын бермей жыпырлаған әңгүдіктеу «жұлдыздарға» мәз болған біз қайтеміз деп көңіл дітті.

Иә, біздің де ұлттық намысымыз өткеннің сексенінші жылдары өрттен кейінгі жаңбыр соңынан шыққан көктей қаулап өсіп келе жатқан. Қазақшадан мақұрым қалған қазақ қақалып-шашалып жүріп ұлтының тілін үйренген. Орысша оқып жүрген баласын мектебінен жұлып алып, қазақша оқытуға апарған-тын. Қазір соның бәрі тоқтап қалды. Автобус толы қазақтың қыз-қатыны орысша шүлдірлесіп, кемпірдің немересіне, «о, мой хороший!» деп отырғанын көресің.

Иә, сол бір қаулап өсіп келе жатқан, ұзақ жылдар бойы қазақтың ұлттық партиясы «жазушылар одағы» дайындаған ұлттық патриотизм «бәрің де бай болыңдар» деген жалған ұранның міз бақпас қара жартасына соғылып, қирамаса да қайрылып тоқтады. Бұрын адамның анықтамасы – адамдық қасиет еді, енді адамдық белгің ақша болды. Ақша – қаруың, ақша – беделің, ақшаң үшін сыйлысың. Сен ақымақ бола бер, ақшаң болса сенен дана адам жоқ. Ақша кімге жете береді, оны таппаған, аз тапқанның күні қараң. Шортанбай жыраудың

«Мініп көрер күші жоқ,

Сауып ішер сүті жоқ.

Ақша деген мал шығып,

Жеткізе алмай онысын

Қалтыраумен жан шығар» дегенінің үстінде теңселген халық.

Салтанат Қанатова деген қыз фейсбукте «Көкжалдың, көкбөрінің ұрпағымыз деп қашанғы өтірік мақтана бересіздер? Онан да иттің баласымыз деп неге айтпайсыздар?» деп жазған екен. Оқыдым да риза болдым. Осындай қыздың барлығына қуандым. Сол қыз бүгінгі біздің ұлттық рухымыздың соншама төмендігіне жаны қынжылып, бос мақтан, өтірік кеуде керген, бәрінен де озып, асып кеттік деген жалған ұранға деген жан ауруын осылай білдірген екен.

Иә, біздің осыншама кенжелеуіміздің бір негізі – «бәрің бай бол» деген жалған ұранмен қоса жүргізілген тоқсаныншы жылдардағы мемлекеттің байлығын жаппай тонаумен жалғасып, кім не боларын білмей тыраштанған тұста «колонизатор комунистердің» өкілі партия, совет басшыларының жігі сөгілмей отыруы еді. Олар ескі әдіспен ұлтын сүйген патриоттардың бетін қайтарып отырды. Жер-жерде босқа тыраштанбаңдар, оларыңнан түк шықпайды дегенді ашық айтты. Бұлардың дені ұлтым бар деп ойлап көрмегендер еді. Оларда ұлтсыздану шектен асқантын, көбі паспортына ұлтын көрсетпеуге, не орыс деп (әсіресе қатыны орыстар) жазуға дайын еді. Бізде өз ұлтына жирене қарайтын осындай номенклатураның адамдарын тәуелсіздік алғаннан кейін де билік басында ұстау тым ұзаққа созылып кетті. Солардың көбі – кешегі КГБ деген жалмауыздың құлақ кесті құлдары. Өздерін тегіс пенсияға дейін құрметтеп ұстап, құрметті пенсияға шығарып салып жатырмыз. Қит етсе, тілге де, дінге де қарсы шығатын да сол «құрметтілер». «Құрметтілердің» «игі» әсерімен тіліміз – шұбар, дініміз – ала-құла, өнер атаулымыз – елпең-желпең. Фейсбуктегі Салтанат қарындасымды да ашындырған осы жағдай болар.

Елді асқынған коррупцияға салып жіберген де солар дер едім. Қолында билік тұрғанда жекешелендіру деген тонау заманында бәрін басып қалды. Жеген үстіне аждаһадай тәбеті ашылып басқаға бас салды. Сонан бері тоймай келеді. Шаһәріміздегі оқу бөлімінің бастығы мен қызметкері істі боп қалды. Біреуі үш жыл алса, екінішісі пәленбай миллион (түсіңе кірсе шошисың) төлейтін болды. Сол мекеменің бюджетінен пәлен теңгені әкімдікке қарай апара жатқан жерінен финпол қолға түсірген. Кім кінәлі? Кімге апара жатты? Әкім мекемесін күзететін күзетшіге емес шығар. Бәрі белгісіз. Әйтеуір, гу-гу сөз. Әйтеуір, жемқорлық жолы. Әйтеуір біреу сотталады, біреу ізін жасырады.

Еркіндік ауылындағы бір азамат тендерге түссе де, бар құжаты дайын болса да өзіне бұйырар жерді ала алмай жүр. Есесіне сол күні төбесін де көрсетпеген, сол тендерге қатынаспаған, құжатын тапсырмаған басқа біреу жерге ие. Өйткені, оған билік басындағы мүдделі. Мәселені прокурор тексергенде, тендердің құжатын толтырушы келіншек өтірік жазғанын мойындаса да, сот «мықтының» сөзін сөйлейді. Мәселеге облыс әкімі кірісіп, дұрысына барыңдар десе де, қисайған іс әрі қарай құлауы бар, түзелмейді. Қазақ көне заманнан бері елге бай емес, әділін айтар би керек, ел бірлігі биде деп түсінген. Біздегі би-соттардың амалы осындай. Ел енді қайда барады?

Сөзге тұрмайтындық, тайғанақтық, әкімнен сый күтіп жер-көкке сыйғызбай мақтау да сол өткен «қызыл империяның» мықтысы, бүгінде қазақтың ақсақалдығы бойына қонбай жүрген шалдардың үлесінде. Сол заманның парткомы әкім дайындатқан бір кішірек жиында «мен Шортанбай жырауға қарсымын» деп өзеуреді. Сол бейшара он шақты жыл бұрын өткен Шортекеңнің мерейтойына теледидардан «ұлы жырауға, бабамызға өткен де, қазіргі ұрпақ мәңгі қарыздар» деп сайраған еді (сол таспа біздің қолда әлі сақтаулы тұр). Енді қайтсін, жалт бермеске амалы жоқ-ты, соның алдында әкімге «алақаныңды сағынып жүрміз-ау» деп кіріп шыққан-тын. Директор болған бір шал «маған ақын-жырау атаулының керегі жоқ» деп сілкінді. Надандық не дегізбейді? Мал маманы еді. Бұқаның бұты мен сиырдың артынан басқаны ойлатпады, өзінің де ойлағысы келмеді.

Осындай кері кеткендік дерт болып жабысып, іштарлыққа, «неге мен емес!» деген қызғанышқа, көреалмаушылыққа әкеліп соғатыны жасырын емес. Мына жұрт ата-ата боп айтысып, тартысып кете ме деп те кейде қам жейсің. Он жеті жасымда Ұлытауға Едіге батырды іздеп барғанымда, сол елдің қариясы «Е, Қарағанды жақтан екенсің ғой. Арғын аға баласы, күнде келіп осы үйден ас-су, қымыз ішіп тұр» деген еді. Бір күн бармай қалсам, ұрсатын. Қазақ бауырмал еді-ау. Сол бауырмалдық қанымызға сіңді. Сонау бір ауыр жылдары саяси лагерьде Махмет Құлмағанбетұлымен тағдыр кездестірді. Сен кімсің? Руың кім деп сұраған емеспіз. Күні бүгінге дейін қай атаның баласы екенін білмеймін. Қостанай жағынан еді. Қазір кейбіреулер «ол арғын ба, алшын ба?» деп сұрағанда, айтар сөзім жоқ. Біздер «біз қазақ баласымыз» деп өзімізді әйгілеп күреске шықтық. Қай жүзден, қай тайпадансың деп сұрау түсімізге де кірген жоқ. Біз «ЕСЕП» деген ұйым құрдық. Ол иен далада жаумен жалғыз өзі сайысқа шыққан қазақтың батыры еді. Ол – менің туысым, ол – менің бауырым, ол – менің мәңгі досым. Ол – маған қақ сойылын көлденең ұстап иен даланы жалғыз өзі дүркіретіп шауып бара жатқандай елес береді. Иә, сонымен тағдыр қайта көрісуге жазбағанына көкірек қарс айрылады.

«Тіл, тіл» деп зарлап тұрғанымыз да, рухымызды биіктете алмай сорлап тұрғанымыз да – жер-жерде, облыс онан жоғарғы жерде орысша оқығандардың билік тізгінін қолына ұстағандықтың салдары. Ауызекі сөзі әжептәуір, қазақша газет-журнал, кітап оқығанда дым түсінбейтінін өздері мойындайды. Ең сұмдығы, солар балаларын тағы орыс мектептеріне беруде. Ол деген – олар қазақ мемлекетінің болашағына сенбейді деген сөз. Біздің болашағымызға сенбейтіндер неге мемлекеттік жүйеде отыр? Осыған жауап іздеген біреу бар ма? Президент Н.Назарбаев «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген еді. Үкімет жиналыстарындағы министр атаулы – көзі жаудыраған өзіміздің қара көз. Ал, жиналыс орысша жүреді. Әлде, әлгі министрлер қазақ емес пе? Әлде, олар қазақты менсінбей ме? Қазақты менсінбейтін министр неге қазақ елінің биік шаңырағында отыруға тиіс.

Осындайда атақты биші Мая Плисецкаяның ғаламтор парақшасына «Қазақтың орысқа құлай берілгендігі, орысша акцентсіз сөйлеуге тырысып, маймылдай құбылғаны – қандай жиренішті, қандай өкінішті опасыздық» деп жазғаны еске түседі. Өткенде Наурыз мерекесінде бір азаматтың «Казаки» деген өлеңді қоймай-қоймай айтқаны – тап сол бейшаралық. Казак дегендердің он алтыншы жылы Қарқара көтерілісінде қазақ ауылдарын жаппай шауып, бесіктегі перзенттерді істікке шаншып мәз болып, мақтана рапорт жазғанынан хабарсыздық. Сондай әнші қазақтың надандығы ішіміздегі казактардың бүгінгі күнде де қылышын жалаңдатып, парад өткізіп құтыруы – орысқа бас ұрған бейшаралықтың салдары.

Қазақ дүниеге келіп жатқан шақалақтың кіндігін кесер кіндік шешені өзі таңдаған.

Кіндік шешенің мінез-құлқының оң болуын, жүріс-тұрысында артық-ауыс сөзге ұшырамаған адам болуына аса көңіл бөлген. Өйткені, баланы жерден алғаш көтеріп алған адамның қасиеттері сәбиге беріледі деп есептеген. Ғылым да соны мойындайды. Баланың өмірге қалыптасу кезеңі оның тағдырын шешеді. Қалыптасу кезеңінің шешуші тұсы – мектеп қабырғасындағы жасы. Ұлтын сүю, ұлтын мақтан ету, ұлттық рухтың бойына сіңуі – ұлттық тілде оқуға байланысты. Қабырғасы қатпай жатып өзге тілде оқып-үйренген бала өз ұлтына жат болып өсетінін өмір дәлелдеп баққан. Сол себептен де әлемнің ең озық елі жапондар бала 12-13-ке келгенше шет тілін оқытпайды. Ал, біз бейшара қазақ баласына эксперименттен соң эксперимент жасап жатырмыз. Ағылшын тілі жаппай қазаққа керек пе? Керек адам өздері-ақ игеріп әкететінін неге ескермейміз?! Біз орыс тілінің өзін мұғалім жоқтықтан тоғызыншы кластан бастап оқыдық. Бірінші, екінші тоқсанда білгеніміз орыс тілінде «корень», «окончание» дегендер болады екен. Жаңа жылдан бастап орысша кітап алып «коренін»тауып, орысша-қазақша сөздікпен аударып оқып, бес-алты айдың ішінде орыс тілін толық игеріп алдым. Кейін «саяси сенімсіз» болған соң орыс мектебінде ғана істеп, соны басқаруға жетіп, орыс тілі мұғалімдерінің өзін тіл жөнінде шыжғырдық.

Қазір мектеп бағдарламасының ауырлығы сондай, ата-анасыз бала оны игеруден қалған. Біз баладан робот жасап жатырмыз. Жеті тілді білетін, қай есепті болмасын роботша сарт-сұрт шешетін, бірақ өмірге икемі жоқ, тауға өз бетімен шыға алмайтын, жүріп келе жатып бір жерге тастап кетсең, адасып кететін, қатын алудан қашатын, алса бала таптыра алмайтын бала кімге керек? Біз қазақ даласын осындай бейшара мүгедек балалармен толтырмақпыз ба? Қазаққа ер жүректі, парасатты, сөзге шешен, балуан тұлғалы азамат керек емес пе!

Ұлттың болашағы – отанасы Анада. Қыз – болашақ ана. Ұлттың тілін білмейтін, ұлт мәдениетін қадірлемейтін, дініне жирене қарайтын анадан туып, соның ықпалымен өскен ұл мен қыз азғын ұрпақ десе болады. Жазғыштар әйел қауымына «нәзік» деген атау тауып алыпты, ата-бабаларымыз «осал, әлсіз» деуші еді. Тұтас ұлтты аздырғысы келетін дұшпан әуелі әйел қауымын бүлдіруден бастайды. Батыстың гендерлік саясат дегені – осыны пайдаланып, 70 жыл дінсіз қауымда тәрбиеленіп, өзі де үркейін деп тұрған қыз-келіншектің қолтығына су бүркіп, әйел қауымын ұят деген сезімнен айыру. Адамның адамдық қасиеті – ұятының болуы. Ұятты аттап кеткен адамның хайуаннан айырмасы не? Соның бір көрінісі шығар, осыдан бірер жыл бұрын Лондон көшелерін анадан жаңа туғандай тыр-жаңалаш мыңдаған қыз-қатын, есуас еркек аралап шықты. Бұл Еуропаның «міне – біздегі демократия, гендерлік саясат» деп мақтанғаны шығар. Бірақ, сол тыр-жалаңаштардың ішінде англияның король отбасы мүшелері, министр, оқымысты, зиялы қауымының қыз-қатындары неге жүрмеген? Осы сойқанды – хайуани жүрісті теледидарға түсіріп, әдейі Азия мен Африканың мұсылман елдеріне көрсетті. «Неге?» – деген сұраққа өзіңіз жауап іздеп көріңіз. Әйтеуір, біздің елде бұл сорақы іс көрсетілмеді. Өйтсе, теледидарда қиқаңдап, тоңқайып бұтын көрсетуге жақын біздің «жұлдыздар» қарсы шыға қояр ма екен? Дегенмен, түнгі лыпасымен теледидарға шыға келетін әншісымақтардан жұрт шошып-ақ қалады. Осыны көрген бір кейуана кемпірдің «бісмілла, не пәле!» деп немересінің бетіне алақан тосқанын көрдік. Бізде осы қалай дейтін билік өкілі бар ма өзі? Ел азбасын, жұрт тозбасын дейтін үкіметтік комиссия деген қайда?

Қазақ халқы мына жаһандану заманында алға бассын десек, қыз-келіншектерді ата-бабаның, дін ислам түзу жолына түсіруді қадағалайтын заң қабылдау керектігі – уақыт талабы. Бізде отбасын құрғандардың ажырасуы етек алып кетті. Соңғы деректер 30 пайыздан асты дейді. Бұл көрсеткіш мұсылман елдерінде 1 не 2 пайыздан асқан емес. Қаптаған ажырасуды тыю үшін әйелдің балаға ие болу құқын да шектеу қажет. Күйеуінің анық әйел шыдамастай қателігі болмаса, қазақ жолымен баланы әкесінде қалдыру қажет. Әйтпесе, бір-екі бала тауып алып, соған алимент алып, «қыдырыстап» жүруді мақсат тұтқан әйелдердің жөнсіз отбасын бұзуы – мұнан әрі де өрістей береді.

Мәселе, тәрбиеге тірелгендіктен, себепсіз айрылысқан әйелдерді бала тәрбиелейтін орындарға, жасөспірім қыздар өсіп келе жатқан оқу орындарына, мектепке жұмысқа алу да ерекше зерттеуді қажет етеді. Отбасы, адамдық қасиет бұзылудың шегіне жеткен батыстың үлгісі, бізде ата-енені, күйеуін сыйламау боп әйелдердің кейпін бүтіндей өзгертіп бара жатыр. Ерінің жай ғана бірер ескертуіне шошына тулап, төркініне телефон соғып, тұра жөнелетіндер жеткілікті. Сол телефонның соңынан біздің елде ағасы не апасы келіп, келінді қайта алып кетіп, қайта алып келіп жатқан да жай бар. Сол келіншекті төртінші рет алып кеткен соң ері енді үйіне жолатпай отыр. Жыл өтті: Келіншектің ағасы «алып кет» деп зар. Міне, гендерлік саясаттың ауылда салған лаңы. Не обал, не сауап?

Қала мешітінің имамымен имани тәрбие жөнінде біраз сұхбаттасқан едік. Имам: «бізді жас кезімізде әкеміз «кімнің құлысың? Алланың құлымын» дегенді құлағымызға сіңіріп, тәрбиені осылай бастайтын еді дегенді айтты. Иә, адамның емес, әр пенде тек Алланың құлы екенін санасына құйып өссе, біз мынау толып жатқан келеңсіздіктен арылар едік. Қыздың да, ұлдың да ел алдындағы жауапкершілігі артар еді. Қазақтың ғасырлар бойы өзін-өзі тану, ұстау жолы анықтала түсер еді. Қазақ ішкі дүниесін «міне көр» деп еш уақытта жарқыратып ашып тастамаған. Соның ғажайып мысалы – Мұхаңның (М. Әуезов) Абайдың немересі Кәмилаға ғашықтығын жеткізуі. Бар-жоғы «тең көрдім орыныңа орынымды» деп жазған екен. Ал, біздің қазіргі ақындар «өліп-өшіп», «күйіп-жанып» әкетіп бара жатыр. Кейде осы күнгі елпең-желпеңдіктің жастарды билеуіне осындай жалаң сезімдерді алға тарту да себеп пе деген ой келеді.

Қазақ жастарының арасында бұрыннан келе жатқан бір-біріне орамал сыйлау дәстүрі бар еді. Өзінің ішкі сезімін білдірудің қандай ұстамды, сыпайы жолы десейші?! Сол орамалға жас жүрегін орағандай күй кешетін. Ол соны мәңгі сақтауға тырысатын. Қазір бұл дәстүр де ұмыт қалған.

Рухани құндылықтың бастауы – дінде. Тәуелсіздікпен бірге ислам діні де қайта оралды. Қаншама мешіттер ашылды. Мешіттер жастарға толды, олардың жүрегіне исламның ізгі қасиеттері нұр болып енді. Қарқындап келе жатқан бұл үлгі де бүгінде тосқауылға тап болғандай. Талай мешіттердің діни ұстанымды білім алған имамдары күнкөрісінің таза жоқтығынан ізгі жұмысын тастап кетуге мәжбүр болды. Мен білетін бір мешіттің имамы өзі үй сыпырушы, өзі кочегар. Имам болғаны үшін көк тиын алып отырған жоқ. Оны осы мешітте тек мұсылман дінінің нұры, қанына сіңген мұсылмандық ізгілік ұстап отыр. Апырмай, дейсің іштей, осы үкімет миллион түгілі миллиардтап жеп жатқандардан, әкесі байлық тастап кетпесе де, миллионер боп шыға келгендерден мешіт үшін қосымша салық неге салмайды деп. Оның үстіне, бізде ата-бабамыз ұстаған діни жолды тастап, сойқан жат ағымдардың ұрпақ санасын улап бара жатқаны тағы бар. Мешіттерде имам жоқ, мектептерде діни сабақ жүрмейді, осыған алаңдайтынымызды немен түсіндіруге болады.

Ал, әлгі аты өшкір суицид дегеннен әлемде алдыңғы орындамыз. Оны тыюдың жолы не ислам дініне сүйену, не әдебиетпен жастың көңіліне тіршіліктің сәулесін құю. Жапон елінде бір кезде өзіне қол жұмсаушылардың көптігінен мәйітханаларда орын болмай, билік дағдарысқа ұшыраған. Жапон елі мұны тыю үшін әдебиетке сүйенген. Ақын-жазушыларды саралап, олардың шығармаларының ішінен жанды рахат сезімге бөлейтін, жүрекке тыныштық сыйлайтын, ұлттың мүддесін ғана қорғайтын өлеңдерді, хикаяттарды таңдап, көптеп шығарып, елге сыйлаған. Іштей тұйықталған азамат, тоңтеріс күйге түсіп, өмірден үмітін үзе бастағандар әдебиеттің арқасында қайта есін жиып, суицид деген пәледен құтылған. Ал, біз не ислам, не әдебиеттің озық үлгісін алға тарпай әлі дәрменсіз жағдайда жүрміз.

Біз өткен тарихқа да, бүгінгі күнге де, ұлттық көзқараспен қарап, тануымыз керек. Ол жеке патриялардың, не топтардың мүддесіне байланысты болмауға тиіс. Франция президенті генерал Шарль де Голль «Өз жерінде француздар алда тұрмаса, ондай елдің маған қажеті жоқ. Жергілікті халықтың мүддесі шешілмесе, басқа ұлттың мүддесі шешілмейді» деген.

Бүгінгі күнде әлемнің қай елі болмасын адами капиталдың өсуіне ерекше көңіл бөлуде. Мемлекеттің беріктігі адамның саяси, мәдени санасының байлығымен, мықтылығымен өлшенеді. Сол себепті Америкада адам капиталы 76, Еуропада 74, Қытайда 74 пайызды құрайды. Біздің елде 13-15 пайызға зорға жетеді екен. Тіпті, Ресейдің өзінде адамды зерттеу орталығы жұмыс істейді екен. Олар орыс адамын ары қарай жетілдіру бағдарламасын қабылдаған. Санамыз жетілмей, біз сияқты әрі-сәрі күй кешіп жүрсек қайда бармыз?

М.Тынышбаев дінін сатып, «православиені қабылдаудан бас тартқаны үшін қазақ қызының басына құрсау салып қинағанын» жазып кеткен. Қызымыздың өзі күрескер халық едік.

Кешегі ұр да жық, көрсоқыр белсенділердің заманында ұлы Абайдың ұрпақтары жоспарлы түрде қуғын-сүргінге түсіп, неше түрлі айламен қырғынға ұшыратылды. Абайдан бізге жеткен екі-ақ адам екен. Елінің зарын төккен Шортанбай жыраудан тірі ұрпақ қалдырмады. Әлгі жоғарыдағының бірі шәйтани теріс оқу қанына сіңіп, музейден ұлы жыраудың атын өшіріп, есесіне туған баласымен соттасса, біреуі «мен Шортанбайға қарсымын» деп көкісе, сиырдан басқаны танымағаны «мен ақын-жазушылар атаулыға қарсымын» деп адыраяды. Біз осы Тәуелсіздікті жөнімен тани алып жүрміз бе? Біз осыдан қорқамыз.

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,

жазушы, «Құрмет» орденінің иегері.

1 thought on “БІЗ ОСЫДАН ҚОРҚАМЫЗ

  1. Аға, шындықты шыңғыртып, санасының саңлауы бардың жүзіне шыжғырып таңба басқандай етіп анық әрі шынайы жазыпсыз. Осы мақала кеңінен таралса екен…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.