Жаңалықтар

Зауалға жетелеген дропперлік

Колледж залында орнаған сілтідей тынған тыныштық жайдан-жай емес. Залдың іші суық, ауасы ауыр. Сахнадағы үлкен экраннан заңның қатал да әділ үні ызғар шашады. Төрелік етуші судьяның сабырлы, бірақ суық дауысы айыпталушының анкеттік деректерін оқып жатыр. Бұл – кино түсірілімі немесе театрландырылған қойылым емес. Бұл – Instagram-дағы жылтырауық жарнамаға алданып, банк картасын өзгеге бере салған ересек азаматтың дәл қазір, дәл осы сәтте сотталып жатқан шынайы қасіреті, өкініштен өртенген өмірі еді.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

«Оңай ақша» тұзағы

Қарағанды облысы прокуратурасының ұйытқы болуымен, «Заң мен тәртіп» жобасы аясында Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің қабырғасында өткен бұл қылмыстық істің ашық, көрнекі сот процесі залдағы 200-ден астам студенттің төбесінен жай түскендей әсер қалдырды. Аймақтың өзге білім ордаларының шәкірттері де бұл ғибратты сәтті тікелей эфирде үрей мен қызығушылық араласқан сезіммен, демін ішіне тарта тамашалады.

Таразы басына түскен мәселе – бүгінгі қоғамды іштен шалып жатқан қатерлі дерт, жастарды зауалға жетелеген дропперлік еді. Студенттер айыпталушының «оңай ақша» үшін қалай қас-қағым сәтте қылмыскерге айналғанын және заңның құрығы оған қалай лезде жеткенін өз көздерімен көрді.
Сот отырысы Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің барлық нормаларын қатаң сақтай отырып, шынайы тәртіпте өтті. Бұл – құрғақ баяндама емес, айыптаушы тарап пен қорғаушы жақтың уәждері бетпе-бет келген, мемлекеттік прокурор мен судьяның қатысуымен жүргізілген нақты құқықтық процесс.

Сотталушыға мемлекет атынан өте ауыр қылмыстық айып тағылды. Нақтырақ айтсақ, оның әрекеті интернет-алаяқтардың қылмыстық схемасына тікелей жәрдемдесу ретінде бағаланды. Ол заңсыз жолмен келген қаржылық ағындарды легализациялауға, яғни, жылыстатуға көмектескен. Бүгінде мұндай заңсыз әрекеттер үшін заң аясында ешқандай жеңілдік қарастырылмаған.

Құлқынның құны – 8 пайыз

Қылмыстық істің ақ қағазға жазылған суық жолдарына үңілсек, 1992 жылы туған Қарағанды тұрғыны, азамат Л. тұрақты жұмысының жоқтығынан материалдық тығырыққа тіреледі. Өкінішке қарай, ол тығырықтан шығар жолды маңдай тер ақысымен келетін адал еңбекпен емес, виртуалды әлемнің қалтарыстарынан іздеген. Instagram әлеуметтік желісіндегі «онлайн-табыс» туралы тартымды, жалтырақ жарнама оның көзін арбайды. Сілтеме арқылы WhatsApp мессенджеріне өткен оған бейтаныс жандар психологиялық айла-тәсілдерді қолдана отырып, «тиімді» схема ұсынады.

Шарт қарапайым әрі жеңіл көрінген еді: айыпталушы өзінің банк картасы мен жеке деректерін үшінші тұлғаларға, яғни заңсыз қаржылық операциялар үшін беруі тиіс болатын. Шотқа белгісіз адамдардан ақша түседі, алайда, ол бұл қаражатты басқа реквизиттерге аударып отырады. Осы «техникалық» қызметі үшін оған әр соманың 8 пайызын өзіне қалдыру уәде етіледі.

Көзді шел басқан сәтте нәпсі мен құқықтық сауатсыздық жеңіп, ол бірнеше күн ішінде миллиондаған заңсыз ақша ағынын өткізетін дропперге, яғни, қылмыстық шот иесіне айналады. Олардың шотына түскен ақша – қарапайым азаматтардан, зейнеткерлер мен аңғал жандардан алаяқтық жолмен ұрланған халықтың соңғы тиын-тебені, көз жасы еді.

Сауатсыздық жауапкершіліктен құтқармайды

Сот залында айыпталушы өзінің бұл әрекеттің соңы қылмысқа соқтыратынын мүлдем бағамдамағанын айтты. Ол банк картасын ақшалай сыйақы үшін өзгеге беруге болмайтынын шынымен білмегенін алға тартып, істеген ісіне өкініп, кінәсін толық мойындады. Алайда, сот залында тағы бір мәрте жаңғырған ең басты қағида өзгеріссіз қалды: заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды.

Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасының бөлім прокуроры Фарида Сәдуова мұндай ашық соттардың қоғам үшін мәні зор екенін айтады.

– «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында бізде осындай ашық сот процестерін өткізу тәжірибесі жүзеге асырылуда. Бұл адамдардың сот процесінің іс жүзінде қалай өтетінін көру үшін ұйымдастырылады. Сондай-ақ, олар жаза мөлшерін, бап санкцияларын және қандай жауапкершілік көзделгенін білу үшін өткізіледі. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, яғни, профилактика мақсатында жүргізілуде, – деді ол.

Дропперлік – дербес қылмыс

Бұған дейін дропперлер «Мен тек картамды бердім, ақшаны ұрлаған мен емес, заңсыз ештеңе істеген жоқпын» деген уәжбен қылмыстық жауапкершіліктен сытылып кетіп жүрсе, қазір заңнамалық вакуум толық жойылды. Технология дамыған сайын заң да заман талабына сай қаталдануда.

Прокурор Фарида Сәдуованың айтуынша, дропперлік – бұл интернет-алаяқтық схемаларында ұрланған ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыру және шетелге шығару үшін қолданылатын негізгі қылмыс­тық элемент болып табылады.

Құрылымдық құқықтық факт:
Қазақстан Республикасының Қылмыс­тық кодексіне жаңадан енгізілген 232-1-бап (Төлем карточкаларын және өзге де төлем құралдарын заңсыз беру) күшіне енгеннен бері бұл әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік түбегейлі күшейтілді. Енді қаржылық құралдарды заңсыз беру, тарату немесе саудалау – дербес, ауыр құқық бұзушылық ретінде сараланады.
Оңай олжаға қызығатын студенттер бұл қылмыстық қадамға жиі баратындықтан, мұндай көрсеткіштік процестер жастарға жазалау шарасын нақты көрсету және қылмыстың алдын алу (превенция) үшін ауадай қажет.

Сот үкімі

Қазыбек би аудандық сотының судьясы Ақмарал Жамангараева қылмыстық істің мән-жайын, тараптар келтірген дәлелдерді жан-жақты зерделеп, екіжақты процессуалдық келісімді қарастыра келе, айыпталушыны кінәлі деп танып, үкім шығарды. Сотталушы бұрын сотталмағаны және кінәсін толық мойындап, өкініш білдіргені үшін оған заң шеңберіндегі жаза қолданылды. Алайда, бұл жазаның өзі – адам өмірін толық пробациялық бақылауға алатын қатал шектеулер жиынтығы.

Сот үкіміне сәйкес, айыпталушыға 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Осы мерзім ішінде ол пробациялық бақылауда болады. Сондай-ақ, тұрақты жұмысының жоқтығына байланысты ол жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке жегіліп, Қылмыстық-процестік кодексінің талаптарына сай жәбірленушілердің өтеу қорына 58 980 теңге көлемінде мәжбүрлі төлем төлеуге міндеттелді.

Пробациялық бақылаудың ережелері өте қатал сипатқа ие. Енді сотталған азаматқа кешкі сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін жұмыс пен оқудан тыс уақытта үйден шығуға мүлдем тыйым салынады. Оның спирттік ішімдіктер сатылатын түнгі клубтар, барлар, мейрамханалар мен көңіл көтеру орындарына баруға құқығы жоқ. Сонымен қатар, пробация қызметінің рұқсатынсыз тұрғылықты мекенжайын ауыстыруға және аймақтан шығып кетуіне шектеу қойылды.

Судья өз сөзінде Қылмыстық кодекстің 44-бабына сәйкес, егер сотталған азамат осы міндеттемелерді бұзып, бақылаудан қасақана жалтарса, бас бостандығын шектеудің өтелмеген мерзімі бірден түрмеге жабылу жазасына (бас бостандығынан айыруға) ауыстырылатынын қатаң ескертті.

Құрыққа түсірген құқықтық нигилизм

Бұл процестің колледж қабырғасында өтуінің философиялық әрі құқықтық мәні терең. Жастар арасындағы құқықтық нигилизмді, яғни, заңдарды елемеу немесе оған немқұрайлы қарау үрдісін тек осындай көрнекі шаралар мен шынайы өмірдің ащы сабақтары арқылы ғана жоюға болады. Құқықтық сауаттылықты көтерудің басты мәні – жастарды жазалау емес, оларды қылмыстық ортаның айла-шарғыларынан қорғау, саналы құқықтық мәдениетті қалыптастыру.

Киберқылмыскерлердің басты нысаны – заңдық әрі қаржылық сауаты әлі толық қалыптасып үлгермеген жастар. Халық­аралық сарапшылар бұл тәсілді «әлеуметтік инженерия» деп атайды, яғни, сенімге кіру және психологиялық айла-шарғылар арқылы адамды қылмысқа итеру. Сот процесін тамашалаған студенттер үшін бұл шара құрғақ лекциялардан жүз есе артық әсер етті.

Соттан кейін өз әсерімен бөліскен ІҮ курс студенті Дәуір Дәулетжанов достарының арасында «картаңды бере тұршы, ақша берем» дейтін күмәнді ұсыныстардың жиі кездесетінін жасырмады.

– Біз бұған дейін мұны жай ғана таныстарға көмек немесе зиянсыз жеңіл табыс деп ойлап келдік. Ашық сот біздің көзімізді нақты ашты. Дәл қазір бір азаматтың қалай сотты болғанын көргеннен кейін, бейтаныс адамдар түгіл, ең жақын таныстарға да өзіңнің жеке шотың мен картаңды беруге болмайтынын, оның арты үлкен қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ұғындық, – деді ол.

Тәртіпсіз ел болмайды

«Заң мен тәртіп» – бұл жай ғана ұран емес, бұл – әрбір азаматтың қауіпсіздігін қорғайтын құқықтық қалқан. Бүгінгі цифрлық әлемде өз картаңды өзгеге бере салу – қылмыстық әлемнің есігін өз қолыңмен ашып, алаяқтарға серіктес болумен тең. Айыпталушының еркіндігі қалай шектелгенін, өміріне қалай дақ түскенін көрген жүздеген студент үйіне мүлдем басқа, кемел құқықтық санамен қайтты. Саналы жастар бар жерде ешқандай алаяқ тор құра алмайды.

Аяулым ЖАНАТОВА

Басқа материалдар

Back to top button