Бірліктің қазақстандық моделі

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясы 25 жылдығын тойлайды. Қазақстан халқының ұлттық бірегейлігін қалыптастырып, қоғамдық келісімді қолдап, түрлі этнос өкілдерінің үйлесімді қызметін жандандырып келе жатқан ҚХА-ның құрылуы дер кезінде қабылданған маңызды шешім болды.

КСРО ыдырап, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін еліміз өз мемлекеттілігін құру жолында барлық халықтардың теңдігін бекіту арқылы қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді орнатты. Бүкіл әлем үшін бірегей бейбітшілік институты – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды.

Әртүрлі ұлттар мен діндердің өкілдері үйлесімді өмір сүретін заманауи Қазақстан игілігімізге айналып, әлемдік қоғамдастыққа үлгі болды. Әлі күнге басқа елдер мемлекеттік саясаттың қазақстандық моделін бейбітшілік пен келісімнің тиімді құралы ретінде қарайды.

Тарихтағы аштық пен қуғынсүргін кезінде Қазақстан өз халқының жартысына жуығын жоғалтты. Алайда, одан кейін Отанымызға мыңдаған ұлт өкілдері қоныстанды. Бұл үдерістің екі онжылдық уақытқа созылғанына қарамастан, барлығына Отанымыздан орын табылды.

 Әртүрлі этностардың бірігуінің нәтижесінде біртұтас көпұлтты қоғам қалыптасты. Қоныс аударушылар мен бұрынғы тұтқындар қазақ мәдениеті мен тұрмысын құрметпен қабылдады. 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында жаңа мереке – Алғыс айту күні жария етілді. Қоныс аударушылар өз ұрпақтарына қайырымдылық көрсеткен және депортацияланған, көмекке мұқтаж адамдарды туған-туысқандары ретінде қабылдап, қиын уақыттың ауыртпалығын бөліскен қазақ халқына алғыс білдірді.

Қазіргі әлемде тұрақты, іргелі құндылық – Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік бар. Дәл осы фактор біздің болашақта әлемдік бәсекеге қабілеттілігімізді айғақтайды.

Әртүрлі этнос өкілдері ҚХАның көмегі арқасында ана тілін оқып, әр түрлі халықтардың мәдени дәстүрлерін дамытатын түрлі іс-шараларға қатысуда. Елімізде 15 тілде 35 басылым шығарылады, телеарналар 11 тілде хабарлар таратады, ұлттық театрлар және әр облыста Достық үйі жұмыс істейді.

 ҚХА қызметінің барлық бағыттары азаматтық қоғамның дамуына ықпал етеді. ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығы желісі бойынша шетелдік инвесторлармен экономикалық ынтымақтастықтың рөлі күшейтіліп, басқа елдермен парламентаралық байланыстарды орнату үшін депутаттық корпустың әлеуеті белсенді пайдаланылуда. Бүгінде Ассамблеяның міндеті осы тетіктердің үйлесімді және тиімді жұмысын қамтамасыз ету. Азаматтар өз өңірінің қоғамдық өміріне келісім кеңестеріндегі, медиация кабинеттеріндегі, аналар кеңестеріндегі, қайырымдылық клубындағы, этномәдени бірлестіктердегі қызмет арқылы қатыса отырып, әлсіз орындарды анықтап, қоғамдық маңызды мәселелерді шешуге көмектеседі. Осылайша ҚХА мемлекеттің тұжырымдамасын жүзеге асырады.

Гүлнара РЫСМАҒАМБЕТОВА,

заң ғылымдарының кандидаты,

ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі.