Қазақстан халқының бірлігі күні

Балконда берілген концерт

Елдегі күрделі эпидемиологиялық ахуалға байланысты Қарағанды қаласында Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне арналған концерттік бағдарламалар тұрғын үйлердің балконында қойылды. Бүгін Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің ұйымдастыруымен осындай үш мерекелік шара өтті. Толығырақ тарқатсақ…

Алғашқы концерт  Көгілдір тоғандар ықшамауданындағы №13 үйдің ауласында ұйымдастырылды. Оған концерттік бірлестіктің басшылары қатысып, жергілікті телеарналар таспаға түсірді. Талантты әншілер Ербол Алшынбай, Қуат Дүйсенов, Тәттімбет атындағы оркестрдің домбырашысы Сәлім Ізтілеуов өз өнерлерін көрсетті. Концертті өнер ордасының әртісі Ғалымбек Сағитов тізгіндеп, әннен шашу шашты. «Қазақстан», «Осылай бола ма?», «Ерке қыз», «Армандастар», «Сырғаңның сыңары», «Просто подари», «Милый друг» әндері тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.  

Концертті тұрғындар  ыстық ықыласпан қабылдап, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.  

Осыдан соң, мерекелік концерт  Оңтүстік-Шығыс ауданындағы Тәттімбет көшесі  №13 үйде жалғасты. Оған «Бал керей» дуэті, Айнұр Сұлтан, Нұрбол Темірғалиев сынды  өнерпаздар қатысты. Құрманғазының «Сарыарқа» және «Наурыз» күйлері күмбірлеп, халық әні «Халқым-ай» «Көкайдай», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әні шырқалды.   

Үшінші концерт  Университет көшесі №25 үйдің ауласында өтті. Онда Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арай» ансамблінің өнерпаздары – Ершат Қонақбаев, Төлеген Сармутдинов, Медет Осатаевтар өз өнерлерін ортаға салды. Олар да ел көңіліне қонымды әндерді әуелете шырқады. Мерекелік концерт жоғары деңгейде өтіп, тұрғындар ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.  

Татулық пен бірлікті ұлықтайтын мерекенің құрметіне ұйымдастырылған шара тұрғындардың көңілін сергітіп, елдегі күрделі эпидемиологиялық ахуалды бір сәтте ұмыттырғандай әсер қалдырды. 

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button