Жаңалықтар

Басқа емес, “басқаға” бұйырған бір сом

Бұрынғы Жезқазған облыстық “Жезқазған туы” газеті редакторының орынбасары марқұм Сапабек Мырзатов қаламдас інілері есінде “қадалған жерінен қан алатын” қаталдығымен қалғаны анық. Сондағы талап ететіні – темірдей тәртіп. Алайда, аңғалдықтан да ада емес еді…

Жалындаған жиырманы артқа тастап, қайран жиырма бестің жалына қашан қолым жетеді деп жүрген кезім. Шашты бұйралап, иыққа асып тастайтынмын. Кезекті түнгі “жорықтан” кейін шытынаған шекенің “шипасын” іздеп сыртқа сытылып шығып бара жатқанмын, дәлізде Сапкең бірер жігітпен “қысыр” әңгімені гөйітіп тұр екен. Елеусіздеу өте бергенімде:

– Әй, Әлібек, тоқта! – деді Сапкең.

– Осы сен шашыңнан арқан есейін деп жүрсің бе, әлде бастыруға ақшаң жоқ па?

– Авансқа әлі ерте ғой, — дедім, ойым – тезірек кету. “Қайда барасың?” деп, қадалмағыныңа шүкір” деймін іштей.

– Қанша керек?

– Бір сом! – дедім, бетім бүлк етпей. Шындығы – 70 тиын.

– Мә, шашыңды бастыр! – деген ол қалтасынан бір “сарышұнақ” шығарды.

“Өлмегенге – өлі балық” деген осы. Сыртқа шығысымен шаштаразға емес, өзіміз “Тасқора” атап кеткен сыраханаға қарай қасқайып тарттым. Бір стакан шарап пен екі саптыаяқ сыраға бір тал кәуапты “тіскебасар” қылып қайтып келсем, манағы жігіттер жұбын жазбай әлі тұр екен.

– Шашыңды неге бастырмадың? – деді Сапкең салған жерден.

– Бір сом жетпей қалды, қызмет ақысы қымбаттап кетіпті, – деп міңгірледім.

Ол жөпелдемеде жауап қатқанша, мен “сарышұнағы” есіне тұспей тұрғанда бөлмеме зып бердім…

Басқа материалдар

Back to top button