Балдағым – Ақсораң, Ардағым – Әлихан!

Мәңгі Тәңірінің күшімен, Қарақорымнан тоғыз шашақты қызыл ту көтеріп, Тұраннан түрегелген ер түріктің әулие ханы – ұлы Шыңғыс қаһанның тұтас рухы осыдан тура бір жарым ғасыр, яғни жүз елу жыл бұрын Арқаның алтын балдағы – Ақсораң-Қызыларайға түнеп, қазақтың қастерлі хандарының лайықты ізбасары, садағын сағымға ілген сонау сайыпқыран Боданшардан бері ақсүйек, тоғыз баулы төре тұқымы, салтына тартқан бекзада, жілігінен май, жеті атасынан хандық үзілмеген текті шонжар, атаулы хан ұрпағы – Әз Жәнібектің Жәдік сұлтанынан туатын Шығай ханның жұрағаты, ұзын оқты Ондан сұлтанның Қайнаркөшегінен тарайтын текті тұқым – Бөкей сұлтан, Бөкейден Құдайменде ханзада, одан Тұрсын сұлтан болып жалғасатын Алтын Орданың аруағын арқалаған қырықсан Барақтың төртінші баласы, Орта жүздің соңғы ханы – ұлыстың құты, Бөкейханның зәузаты, шын мәніндегі Алаштың ақ туын көтерген ұлт көсемі – Әлихан БӨКЕЙХАН дүниеге келіпті!

Әлемдік деңгейде ұлықталуы керек ұлы қайраткердің тойына сауын айтып, сүйінші сұрар шақ – осы!

Күн Нұрынан жаратылған Алтын Әулеттің айбынды асыл перзенті Әлихандай дара тұлғаның тойына көштің басын бұрайық, ендеше! Алаштың алтын бесігі – Ақтоғайдың қара жерінің ақ тозаңын көк аспанға көтеріп кетейік!

Замананың залым пиғылы үлкен таққа жеткізбек түгілі, қайран да туған жер, ата қоныстан топырақты өлім бұйыртпаған қайран боздаққа торқалы той бұйыртсақ, артық па!..

Өмір дегеніміздің өзі – ирония. Қызықты қараңыз: «тау баласымын» деген Сталин қайда, «қыр баласымын» деген Әлиханымыз қайда? Мәселе – төмен болу емес, терең болуда екен ғой!.. Сол мұртты көсеміңіз Хан әкеміздің аруағымен ойнап, 1937 жылы 27-ші қыркүйек күні Бутырка түрмесінде есіл ерді аяусыз ату жазасына кеседі…

Құдай көріп тұр емес пе, кейін сол Сталиніңіз біздің Әлекеңнің туған күні, яғни наурыз айының тура 5-ші жұлдызында ажалдың қанжағал құрығына тап болады. Тағдыр қалай-қалай әжуалайды, ә?

Сондықтан, төреміздің тереңдігін бүркемелейміз деп, өреміздің төмендігін біз де байқатып алмайық…

Әуелде, Алаш арыстары алғаш ақталғанда – «Алты арыс» деп еді. Кейін «Бес арыс» қылды. Сөздің экспрессивті-эмоционалды бояуы күшейіп, ашық дауыстылар тұтас дыбыстанып, ой-сезімнің әсерлілігі артық тұрған сөздің табиғатын неге бұздық, сонда? Адамзаттың алыбы Абай хакімді әлемге алғаш танытқан, аударма ісінде көрсеткен үлгісі озық, тұңғыш кәсіби журналист ретінде алдына жан салмас көсемсөздің хас шебері, ұлы қайраткер, кемеңгер тұлға – Әлихан Бөкейханды мектеп бағдарламасына неге кіргізбедік? Жас ұрпаққа Алаш идеясын Әлихансыз ұғындырып алмай, егемен елімізді қай ұшпаққа шығармақпыз дедік екен? Ойланатын кез.

Бәріне көне келе, түгелін ысырып қойған күннің өзінде Ақсораңдай асқақ, Тоқырауындай тұнық тұлға – Алашорданың алтын қазығы Әлихан Бөкейханға ертеңнен қалдырмай қалаңыздан аудан, қолаңыздан ескерткіш орнатсаңыз, нұр үстіне нұр болар еді, ұлық ағзам!

Хош!

Мирас АСАН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.