Жанкешті жапон қызы
Күншығыс елінің Осака қаласының Ұлттық мұражайында ұйымдастырылған қазақ көрмесінде өзіміздің Бұқар жырау ауданындағы Үміткер ауылында тұрған марқұм Ұрқия әжеміздің қарсақ ішігі де ілулі тұр. Бұл мәліметті маған жуырда жолыққанымда, осы ауылда бірге туып-өскен жерлесім, Ұрқия әжеміздің немересі Закария Әшімханов айтып, сол мұражайдан түсірілген суреттерді көрсеткен еді.

Оның айтуынша, әжесі атақты жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романының бас кейіпкері, өзі де жазықсыз жаланың құрбаны болған Қартқожа Жананұлы Тоғанбаевтың (…1896-28.02.1938 ж.ж.) туған қарындасы екен де, атасы кезінде Семей мұғалімдер семинариясын бітіріп, соғыс жылдарында Үміткер ауылының жеті жылдық мектебінде директор болып, кейін осында еңбек пәнінен сабақ берген Әшімхан Жүнісұлы болып келеді. Әшекең марқұм 5,6-сыныптарда осы пәннен бізге де ұстаздық еткен.
Бұл екі кісінің ісмерлігі мен шеберлігін ел әлі күнге жыр қылады. Әшекең ағаштан түйін түйіп, ертоқым, атшана, ыдыс-аяқтың неше атасын жасап, теріні баппен илесе, Ұрқия анамыз одан ішік, тон тігіп, сырмақ сырып, текемет илеп, алаша да тоқыған. Сондағы қарсақ терісінен тіккен ішігін өзі қайтыс болғанда абысыны Зәбира көзіндей көріп жүру үшін алып, ол дүниеден көшкенде көршілес Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Теңдік (қазір Мұса Шорманұлы) ауылында тұратын бауыры Саяттың келіншегі Жұмакүл ие болады. Кейін оны жаңа ғасырдың басында осы өңірде қазақ халқының салт-дәстүрін зерттеуге келген жапондық ғалым қыз Токо Фудзиото ат-түйедей қалап алып, өз еліндегі Ұлттық мұражайға апарып қойыпты.

Токоның бұл жаққа келуінің өзі бір хикая. Ол 1975 жылдың 20 қыркүйегінде Жапонияның Миаги префектурасында (бізше – облыс) туып-өсіп, Киото университетінің этнография факультетін бітіріп, соның аспирантурасына түседі. Консерватория бітірген шешесі Суоко студенттерге пианино да ойнауды үйретіп, 2003 жылы қайтыс болса, қазір 81 жастағы әкесі, экономика ғылымдарының профессоры Туоши Фудзиомото Акото университетінде жұмыс істейтін көрінеді.
Отбасындағы жалғыз бала болса да Токо еркелікке бой алдырмай, ғылымға ден қойып, аспирантурада «Қазақ халқының салт-дәстүрлерін» ғылыми жұмысының тақырыбы қылып, енді соның соңына түсу үшін Қазақстанға баруға бел байлайды. Мұндағы талап бойынша зерттеуші сол барған елінде кемінде бір жарым-екі жыл тұруы керек екен.
«Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» демекші, 2002 жылы Алматыдағы Шығыстану ғылыми-зерттеу университетіне алғаш келгеннен оның сол кездегі директоры, тарих ғылымдарының докторы Меруерт Әбусейітова жақсы қарсы алып, ғылыми жұмысына өзі жетекшілік ететін болып, бұған Павлодар облысына, соның ішінде, қаймағы бұзылмаған қазақы өңір Баянауыл ауданына баруға кеңес беріп, жолбасшылыққа жанына ғалым Айтжан Нұрманованы қосады.

Содан бұл екеуі Павлодар қаласында әулие Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің немересі, жазушы, ғалым марқұм Қуандық ағамыздың үйінде болып, оның ғалым балалары Гүлназ, Ертай, Нартай, Естай мен танысып, одан әрі Баянауылдың бұрынғы Жаңажол (қазір Мәшһүр Жүсіп) ауылындағы Мәшекең кесенесіне соғып, аудандық әкімдікке барады. Онда сапарларының мақсатын білген әкімдік қызметкерлері бұларды жиналысқа келген Теңдік орта мектебінің директорына ертіп, ілестіріп жібереді.
Міне, сол жолы ауыл мектебінде болған кездесуде тарих пәнінің мұғалімі Жұмакүл Ахметова мұны үйінде тұрғызуға келісім беріп, Айтжан Нұрманова кері қайтып, әуелде бұл да келіп-кетіп жүріп, ақыры 2003 жылдан 2005 жылға дейін сол шаңырақта уақытша тұрақтайды. Жұмакүл жеңгеміз бен жұбайы Саят ағамыз біршама мезгілден кейін мұны өз баласындай көріп, әбден бауыр басып кетеді.
– Токо бізге алғаш келгенде қазақша мүлдем білмейтін. Келе-келе, ол бар ынтасымен қазақ тілін үйрене бастады. Оның «Токо» деген есімі жапон тілінен қазақшаға аударғанда «Мөлдір» болып шықты. Осыдан кейін ауыл адамдары да оны «Мөлдір» деп кетті. Осы бізде болған уақытының бәрінде мен оны өзіміздің халқымыздың салт-дәстүріне қатысты мерекелер мен той-томалақ, рәсімдерге ертіп апарып отырдым. Көрші ауылдарға да барып тұрдық. Аз мезгілде елмен араласып, қазақ тілін тәп-тәуір меңгеріп алған ол 2005 жылы кандидаттық диссертациясын да сәтті қорғап, еліне кетсе де, бізді ұмытпай, 2019 жылы Ковид басталғанша келіп-кетіп жүрді. Осы жақында Жапониядан хабарласып, Мөлдіріміз бізді Наурыз мерекесімен құттықтады, – дейді қазір зейнет демалысындағы Жұмакүл апай.
«Жақсыны көрмек үшін» дегендей, осыдан кейін мен де Токо Фудзиомотоның телефон номерін алып, тікелей Жапониядағы өзімен бейнебайланыс арқылы хабарластым. Сонда ол менімен еш мүлтіксіз, таза қазақша сөйлесті. Қазір жоғарыдағы Осака қаласындағы Ұлттық мұражайда доцент болып істейтін ол мұнда келетін студенттерге дәріс оқып, ғылыми жұмыстарына жетекшілік ететін көрінеді. Мұндағы мұражайда 1980 жылы ашылған Орта Азия бөлімінің қорында қазақ халқының тұрмысы мен салт-дәстүріне байланысты 450 экспонат болса, соның 80-і қазақ көрмесі қойылса, ішінде біз айтқан Ұрқия әжеміздің қарсақ ішігі де бар. Осында тұрған самаурын, сырмақ, алаша, тұскиіз, кезінде Саят ағамыз бен балалары жатқан бесікке дейін Токоның өзі сонау қияндағы Теңдік ауылынан Жапонияға алып келіпті.
– Маған бұл артефактілерді жинауға Жұмакүл тәте мен Саят аға, ауыл тұрғындары көмектесіп, жүк машинасымен Алматыға дейін жеткізіп салып, әрі қарай еліме ұшақпен әкеттім.
Жалпы, сіздің қазақ халқы қонақжай, меймандос ел екеніне көзім жетіп, әсіресе, жатқан-тұрғаным мен ішкен-жегеніме бір тиын да талап етпеген Жұмакүл тәтем мен Саят ағатайыма шексіз ризамын. Олар менің туған әке-шешемдей болып кеткен жандар. Тіпті, 2003 жылы шешем қайтыс болғанда, менімен бірге қайғырып, жұбатқан да солар. Амандық болса, осы жаз сіздер жаққа барып қайтпақ ойдамын. Қазір ептеп ауырыңқырап, ем алып жүрмін, – деді Токо сөзінің соңында қазақшасынан жаңылмай.
Мен де оның сауығып кетуін тілеп, «Ұшығынан сақтасын!» дегенім сол, ол осы сөзімді қайталап айтып айтқызып, оның мағынасын жазып алды. Міне, осыдан кейін сонау қиыр шығыста жүріп халқымыздың салт-дәстүрін дәріптеп, тілімізді құрметтеген жапон қызына қалай разы болмасқа?!
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Қарағанды-Бұқар жырау-Баянауыл-Қарағанды



