Аймақта Бірлік күні кең көлемде аталып өтті
Қарағанды қаласының орталық саябағында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл күн елдегі татулық пен келісімнің, түрлі этнос өкілдерінің өзара құрметі мен достығының жарқын көрінісіне айналды.

Салтанатты іс-шара барысында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұртшылықты мерекемен құттықтап, өңірдегі қоғамдық келісім мен бірліктің маңызына ерекше тоқталды. Аймақ басшысы өз сөзінде татулық пен өзара құрметтің қоғам тұрақтылығының басты негізі екенін атап өтті.

– Құрметті жерлестер! Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – ел ішіндегі татулық пен өзара құрметтің айқын көрінісі. «Береке басы – бірлік» дейді халқымыз. Шынында да, бірлік – мемлекетіміздің берік негізі, тұрақтылығымыздың басты кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік – Қазақстанның басты жетістігі әрі стратегиялық артықшылығы.Жаңадан қабылданған Конституцияда әділетті қоғам құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау қағидаттары айқын белгіленген. Бұл құндылықтар еліміздің орнықты дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Өздеріңіз білесіздер, Қарағанды облысы – көпэтносты өңір. Бүгінде түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып келеді. Бұл – бірлік пен келісімнің нақты нәтижесі. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» бастамасы – ортақ үйімізге деген жанашырлықтың айғағы. Тазалық, тәртіп және жауапкершілік – қоғамдағы бірлікті нығайтатын маңызды құндылықтар.Бірлік – біздің ең үлкен байлығымыз. Оны сақтау мен нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Мерекелік концерт «Халықтар достығы – ынтымақта» атты әсерлі прологпен басталды. Мемлекеттік «Наз» би театры сахналаған қойылым көрермендерге бірлік пен бейбітшіліктің маңызын ерекше жеткізді. Іс-шараның ресми бөлігінде жүргізушілер құттықтау сөз сөйлеп, облыс әкімінің мерекелік лебізі оқылды.

Өңірде жүзден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді, сондай-ақ 60-қа жуық этномәдени бірлестік қызмет атқаруда. Мерекелік бағдарламаның негізгі өзегі – әралуандыққа қарамастан бірліктің нығая түсуі. Сахналарда түрлі халықтардың шығармашылығынан құралған жарқын көріністер ұсынылып, бұл қазақстандық қоғамның байлығы мен бірегейлігін айшықтай түсті.
«Достық әуені» атты концерттік бағдарлама аясында еліміздің танымал өнерпаздары сахна төрінен табылды. Қазақстан эстрадасының еңбек сіңірген қайраткері Гүлнұр Оразымбетова «Мерекеңмен елім», «Сүйемін құлай», «Алға Қазақстан» әндерін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Бағдарлама барысында қазақ, өзбек, қырғыз, ұйғыр, орыс, украин және түрік халықтарының ұлттық билері ұсынылып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Әсіресе «Қара жорға», «Ақжайық» билері ұлттық нақышымен ерекшеленді.

Саябақтың орталық алаңында халық шеберлері өз жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды. Сондай-ақ көрме аясында шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Мерекелік шараның қорытынды бөлігінде Қарағанды концерттік бірлестігінің К. Байжанов атындағы джаз оркестрі өнер көрсетті. Оркестр «Қазақский сувенир», «Қамажай», «Осенние листья», «I Feel Good» сынды түрлі жанрдағы композицияларды орындап, кештің сәнін келтірді.
Бұл мереке – еліміздегі бірлік пен тұрақтылықтың символы. Қарағандылықтар үшін бұл күн тек мереке ғана емес, ортақ құндылықтарды дәріптейтін маңызды рухани оқиғаға айналды.
Жамал АКПАРОВА
Ortalyq.kz



