Рустам БУЗЯКОВ: Жастарға жалын қажет
1 мамыр – елімізде ерекше күн. Асылы, «Бірлікте рахмет бар» деп бабаларымыз тегін толғанбаса керек. Рустам Бузяков – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Азаматтық қоғамды бірігу идеяларына, нақты істерге қалай жұмылдыруды білетін, зияда азамат. Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамындағы ғылыми сараптамалық тобы жастар клубының төрағасы. Ол сандық платформалардан бастап, еріктілік акцияларына дейінгі жаңа форматтар арқылы жас буынның санасына эмпатия мен медиа сауаттылықты қалай ұялатуға болатынын өзінше түсіндірді. Зер салып көрелік…

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік реформалар ұлтаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқаруда. Осы орайдағы Сіздің дербес пікіріңіз маңызды еді…
– Иә, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, азаматтық қоғамның рөлін күшейту, заң үстемдігін орнату және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету бағыттары бойынша Мемлекет басшысы баса белгілеген салаларда қазірдің өзінде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қасым-Жомарт Тоқаевтың байырқалы бастамасымен қабылданған конституциялық өзгерістер, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың қызметін оңтайландыру, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктерін кеңейту тұрғысында полиэтникалық қоғамның барлық өкілдерінің мемлекеттік істерге белсенді қатысуына соны мүмкіндіктер ашты. Әсіресе, жастар саясатына ерекше көңіл бөлінуде. Волонтерлік қозғалысты қолдау, мәдениетаралық диалогты цифрлық форматта дамыту арқылы Президент реформалары жастар тарабының ұлтаралық келісім мәселелеріне саналы көзқарасын қалыптастыруға тікелей оң ықпал етуде.
– Рустам мырза, жастарды ұлтаралық келісім сияқты «ересек» тақырыптарға қалайша насихат етіп жүрсіздер? Тәжірибеңізбен бөлісе отырсаңыз…
– Біз жоғары оқу орындарының, колледждердің, мектептердің жастарымен етене жұмыс істейміз. Сан түрлі келелі кездесулер, пайымды пікір алмасулар, пайдалы акциялар, мәдени іс-шаралар ұйымдастырып жатамыз. Жастар бүгінде белсенді. Әредік әрнеге күмәнмен де қарайды. Күнбе-күн олар «Мұны неге мен істеуім керек?» деген сынды сауалмен бетпе-бет келеді. Біз өз кезегімізде практикалық артықшылықтар легін ұсынамыз. Мәселен, «жұмсақ» дағдыларды дамытқыңыз келе ме? Диалогты жеңілдетуге тырысыңыз. Мемлекеттік сектордағы немесе үкіметтік емес ұйымдардағы мансапты армандайсыз ба? ҚХА-дағы тәжірибе біле білгенге нақты түйіндеме әрі мұқым ел бойынша байланыс желісі. Бұған сарқылмас эмоцияны қосып қоялық. Бір сәтке елестетіп көріңіз, сіз ұлттық мәдениеттер фестивалінде татардың қазақ биін билеп жатқанын, ал, орыс жігіті ұйғыр тілінде ән айтып жатқанын көргенде бөлек күйге бөленетініңізді әсте жасыра алмайсыз. Жастарға жалын қажет. Жігер қажет. Біз сол жалын мен жігерді ынтымақ жолында сарп етеміз!

– Қазыналы Қарағанды – бай тарихы бар полиэтникалық аймақ. Ал, бүгінгі күні қоғамдық келісімді сақтауда әлдебір қиындықтар кезіге ме? Жастар көзқарасы қандай?
– Қиыншылық – бір мектеп. Әлбетте, әрдайым белең алып тұратын бөгесіндер бар. Әл-әзіргі әлем тез өзгереді. Көші-қон, кей күнгі кішігірім қақтығыстар, мың сандаған мәселелер туындатып жататын әлеуметтік желілерді еш жерге байлап қоя алмаймыз. Жастар көзқарасы – оң. Қимылының нәтижесін көргенде тіптен арайланады. Мұндайда бір нәрсені шегінен тыс идеализацияламау маңызды. Мұрат ортақ. Келісімді сақтау керек. Сондықтан, біз бәріміз мейлінше сыни ойлауды, медиа сауаттылықты және ең бастысы, өзімізді өзгенің орнына қоюды үйретеміз.
– Сіздің қоғамдық қызметіңізде ғылым, білім және әлеуметтік қызмет қалай қиылысады?
– Сене көріңіз, қиылысады. Алдымен жас буын бойында азаматтық ұстанымды қалыптастырамыз. Жастар жағы пайдалы әңгімелерді ынты-шынтысымен тыңдағысы келеді. Көзімен көріп, қолымен істегісі келеді. Жиі-жиі мәдениетаралық коммуникациялар бойынша зейінді зерттеулер жүргіземіз. Экспедициялар, конференциялар ұйымдастырамыз. Көріп отырғанымыздай, жас азамат өзінің үлкен бизнестегі рөлін жете түсінгенде цифрландырудың сырын, экологияның өзектілігін немесе бірлік ұғымы терең мәнге ие екендігін сезінгенде көздері шырадай жанады. Бұл оның болашағына – инвестиция.
– Олай болса, мүмкіндікті мүлт жібермейік. Жастар тарабына айтар қажет кеңесіңіз болса, үміт ұялатарлық үгіт пен үндеуіңіз болса, мархабат!
– Мен бірлік категориясын әдеттегідей қабылдаудан аулақпын. Бірлік бастабында біреудің мәдениетіне деген терең құрметтен бастау алса керек. Көп дүниені дегдар диалог шешеді. Күніңізді күн ілгері кешіп өтуге даяр бола білу маңызды. Жауқазындай жас бауырларымыз бен қарындастарымызға айтарымыз аз емес. Экранға телміре бермей, концерттерге бару мәдениетін қалыптастырыңыз. Жастар, сіздер елдің ертеңі де, бүгіні де екендіктеріңізді ұмытпақ жоқ. Игілікті идеяларыңыз, сарқылмас күш-қуаттарыңыз бен ынтымақтастық ықтиярларыңыз мемлекетімізді бұдан да күшті ете алады.
– Қызғылықты әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



