Ат үстінде жамбы атып…
Өңірде ұлттық ойын түрлері кеңінен дамып келеді. Асық ату, көкпар, садақ атудан жыл сайын түрлі деңгейдегі чемпионаттар өткізіліп келеді. Биыл жер аяғы кеңігеннен бастап, жамбы атудан ерлер мен әйелдер арасында ел чемпионаты өтті. Оған өңірден 21 жастан асқан 20-дан астам спортшы қатысып, ептілік пен мергендіктерін сынады. Жарыстың ашылуына «Қайрат» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұржан Шайхин қатысып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

Жарысқа қатысушылар қатарында Қарағанды қаласымен қатар, Қарқаралы, Ақтоғай және Бұқар жырау ауданынан келген кіл мықтылар бақ сынады. Сайыс барысында садақшылар нысананы корей, мажар, түрік және қазақ стильдерінде көздеді. Әр стильдің өзіндік техникасы мен ерекшелігі бар. Мәселен, корей стилі өзге түрлермен салыстырғанда біршама жеңілірек болып есептеледі. Себебі, мұнда нысана көлемдірек әрі қашықтығы да жақын орналасады. Түрік стилі керісінше, ең күрделі бағытының бірі. Мұнда дәстүрлі нысананың орнына жерден жеті метр биікте орналасқан кішірек табақша пайдаланылып, 90 градусқа бұрылып тұрады. Берілген 12 секунд ішінде кемінде үш оқ атып үлгеру шарт. Егер екі-ақ оқ атылса, нәтиже есепке алынбайды.
Мажар стилінде спортшыға 18 секунд уақыт беріледі. Бұл форматта басты талап, уақыт ішінде қанша оқ атсаңыз, сонша ұпай есептеледі. Ал, қазақ стилінде 12 секунд ішінде жіпке ілінген нысананы дәл көздеу міндеттеледі. Мұнда да басты қағида – берілген уақыт ішінде мүмкіндігінше көп оқ атып, нысанаға дәл тигізу.
– Бұл жарыста үздік нәтиже көрсеткен спортшылар алдағы республикалық додаларда Қарағанды облысының намысын қорғайтын болады. Сондықтан, әрбір қатысушы үшін бұл сынның маңызы зор. Әрі бәсекелестік те жоғары деңгейде. Қатысушылар бар болғаны 12 және 18 секунд ішінде ат үстінде бірнеше тапсырманы қатар орындау – спортшыдан асқан шеберлік пен ептілікті талап етеді. Осындай күрделі шарттар қатысушылардың тек мергендігін ғана емес, ат үстіндегі тепе-теңдігін, жылдамдығын және психологиялық дайындығын да сынға салады. Сондықтан, іріктеу кезеңі – тек үздіктерді анықтайтын ғана емес, ұлттық спорттың деңгейін көрсететін маңызды дода, – дейді Нұржан Шайхин.
Турнирге қатысушылар қатарында Қарқаралы ауданы, Нұркен ауылынан келген спортшы Тілеухан Нұрхан да болды. Ол жарыста корей, түрік және мажар стильдерінде жоғары нәтиже көрсетіп, үш бағытта да алтын жүлдені жеңіп алды. Тілеухан бұл спорт түрімен 2014 жылдан бері айналысады екен. Алғашқы кезеңде ат үстінде ату элементі болмаған. Сол кезде нысананы тұрып атқандығын айтады. Содан 2019 жылы алғаш рет Тараз қаласында өткен ел чемпионатына қатысып, жүлдегерлер қатарына іліне алмапты. 2024 жылы Талдықорған қаласында өткен аймақтық турнирде облыс құрамасы сапында командалық сайыста өнер көрсетіп, ІІ орынды иеленген көрінеді.
– Қазақ стилі мен үшін ең күрделі кезеңнің бірі болды. Ат үстінде шауып келе жатып, қозғалыстағы нысананы дәл көздеу оңай емес. Бір жебем нысанаға тиіп, оны тесіп өткен сәт те болды. Алайда, турнир ережесіне сәйкес, жебе нысанада тұрақтап қалуы тиіс. Сондықтан, ол ұпайға есептелмеді. Мен ауылда тұрамын. Сол себепті қалаға тұрақты түрде келіп дайындалу мүмкіндігі әрдайым бола бермейді. Негізі, садақ атудың қыр-сырын толық меңгермей тұрып, бірден атқа отырып, нысана көздеу мүмкін емес. Сол себепті, мен дайындықтың басым бөлігін жерде тұрып, нысана көздеуден бастаймын. Одан бөлек, жебені жылдам оқтау, көздеу және реакция жылдамдығын арттыруға ерекше мән беремін. Қолдың икемділігін, дәлдігін қалыптастырғаннан кейін ғана ат үстіндегі жаттығуға көшемін. Турнир алдындағы кезеңде де осы бағыттағы жаттығуларға басымдық беріп, қолдың жылдамдығын барынша жетілдіруге тырыстым, – дейді Тілеухан Нұрхан.
Турнир қорытындысы бойынша ерлер арасында Тілеухан Нұрхан үш бірдей стильде, яғни, корей, түрік және мажар бағытында алтын медаль иеленсе, қазақ стилінде Айдархан Әбдрахманов үздік атанды. Әйелдер арасындағы бәсекеде түрік стилінде Жансұлу Елеу жеңіс тұғырынан көрінді. Мажар және қазақ стилінде Шұғыла Дәурен мен Александра Вершицкая үздік атанса, корей стилінде Шұға Әбді қарсылас шақ келтірмеді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



