Бас тақырып

Бірлікті елдің берекесі мол

«Қазақстандағы бірлік пен келісімнің бірегей үлгісі конституциялық қағидаттарға негізделген. Менің мызғымас ұстанымым – осы құндылықтарды сақтап қана қоймай, нығайта түсу қажет… Енді жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынамын», – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтай отырысында.

Коллажды жасаған Арайлым Көктаева

Бұл – уақыттың тамырын дәл басқан, ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын тарихи тұжырым. Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан қоғамдық келісім моделі енді жаңғырып, мазмұны тереңдеп, ауқымы кеңейе түспек. Ал, Қазақстан халқының бірлігі күні – осы идеяның өміршеңдігін дәлелдейтін, елдің ішкі тұтастығы мен тұрақтылығын айшықтайтын айрықша мереке. Қазақтың «Бірлік болмай, тірлік болмас», «Береке басы – бірлікте» сынды даналық сөздері бұл күннің мәнін бұрынғыдан да тереңдетіп, символдық әрі стратегиялық маңызын көрсетеді.

Қазір әлем құбылып тұр. Геосаяси текетірестер жүріп жатқан күрделі кезеңде еліміздің ішкі тұрақтылықты сақтап, бейбіт даму жолынан таймай келе жатқаны – зор жетістік әрі жауапкершілік. Бұл – ұзақ жылдар бойы жүргізілген сарабдал саясаттың нәтижесі.

Қазақ «Ынтымақты елге ешкім батпас…» деп бекер айтпайды. Ал, хакім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…» деген өсиеті бүгінгі мемлекеттік идеологияның рухани негізіне айналды. Еліміз ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, халықаралық деңгейде де бейбітшілік пен келісімді ілгерілетіп келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ алаңында, халықаралық форумдарда көтерген бастамалары – еліміздің бейбіт саясаттағы ұстанымының айқын дәлелі.

Осы тұрақтылықтың басты тірегі – Қазақстан халқы Ассамблеясы десек, артық айтқандық емес. Бұл институт тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси жүйесіне орнығып, нақты жұмыс істейтін, қоғамдағы келісім мен өзара сенімді қамтамасыз ететін бірегей құрылымға айналды. Қазақтың «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген нақылы осы институттың мәнін дәл сипаттайды.

Ассамблея жүзден астам этнос өкілдерін бір шаңырақ астына топтастырып, «Ортақ Отан – ортақ жауапкершілік!» қағидасын нақты өмірге енгізді. Этномәдени бірлестіктердің дамуына барлық жағдай жасалып, олардың мәдениеті мен тілін сақтауға кең мүмкіндік беріліп, қоғамдық келісімді нығайтудың стратегиялық бағыты белгіленді.

Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» десе, Ассамблея осы мінездің, осы жауапкершіліктің институционалдық көрінісі болды. Оның қызметі арқылы қоғамда сенім қалыптасты. Ал, сенім – кез келген реформаның табысты жүзеге асуының басты шарты. Бүгінгі тұрақтылықтың негізінде дәл осы сенім жатыр.

Кейінгі жылдары Қазақстан жаңа саяси және әлеуметтік- экономикалық даму кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған реформалар «Әділетті Қазақстан» қағидасын нақты мазмұнмен толықтырды. Бұл реформалар қоғамдағы әділеттілік пен теңдікті қамтамасыз етуге, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталды.

Конституциялық өзгерістер нәтижесінде билік тармақтарының теңгерімі күшейіп, Парламенттің ықпалы артты, Конституциялық сот қайта құрылды. Азаматтардың құқықтарын қорғау механизмдері жетілдіріліп, мемлекеттік институттардың ашықтығы артты.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қоғаммен кері байланыс орнату жаңа деңгейге көтерілді. Ұлттық құрылтай – осы диалогтың тиімді алаңы ретінде қалыптасты. Онда қоғамның өзекті мәселелері ашық талқыланып, нақты ұсыныстар жасалуда.

Президенттің жыл сайынғы Жолдауларында, мақала, сұхбат және жауапты жиындарда сөйлеген сөздерінде осы бағыттар жүйелі түрде айқындалып, нақты міндеттер белгіленіп келеді. Бұл – ел дамуының жоспарлы әрі жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демекші, Халық Кеңесін құру бастамасы да осы реформалардың заңды жалғасы. Қоғам мен билік арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеретін маңыз­ды қадам.

Қарағанды облысы аумағында Президент реформалары сәтті жүзеге асуда. Кеншілер өлкесіндегі 60-тан астам этномәдени бірлестік қоғамдық келісімді қамтамасыз етудің белсенді жүйелі тетігіне айналған. Бұл ұйымдар мәдени іс-шаралармен шектелмей, тілдерді дамыту, жастар тәрбиесі, қайырымдылық, қоғамдық диалог сияқты бағыттарда белсенді жұмыс жүргізуде.

«Ел болам десең, бесігіңді тү­зе» демекші, жастар тәрбиесі – ел болашағының негізі. Қазіргі жас­тар білімді, ашық, бәсекеге қабілетті. Олар түрлі этнос өкілдерімен бірге өсіп, бірге білім алып, бірге еңбек етуде.
«1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні» – қоғамдағы келісім мен тұрақтылықтың символы. Бұл күні біз өткенге баға бере отырып, болашаққа бағдар жасаймыз.

Өйткені, бірлік пен келісім – кез келген реформаның, дамудың негізі. Бірлік бар жерде – сенім бар, сенім жүрген жерде – тұрақтылық бар, ал, тұрақтылық салтанат құрса – өркендеу болмақ.

Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігінің берік іргетасын қалап, тарихи миссиясын абыроймен орындады. Енді, сол іргетас негізінде жаңа кезең – Халық Кеңесі арқылы жалғасады. Бұл – бірліктің жаңа сапасы, ел дамуының жаңа белесі.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button