Алтыннан қымбат құндылық
Қарағанды дегенде, көз алдымызға алдымен, қара алтын мен қажырлы кеншілердің бейнесі келетіні заңдылық. Алайда, Арқаның төсіндегі бұл шаһардың қатпар-қатпар тарихында көмірден де терең, кеннен де құнды бір қабат бар. Ол – тағдырдың тауқыметімен, тарихтың табыстыруымен бір арнаға тоғысқан сан түрлі этнос өкілдерінің ортақ ғұмыры. Бірі бұл өлкеге өндіріс дүбірімен, бірі қуғын-сүргін қасіретімен, енді бірі бақыт іздеген үмітпен табан тіреді.

Кеңдікпен кемелденген келісім
1 мамыр мерекесінің аймақ үшін мәні де, мазмұны да бөлек. Өйткені, мұндағы бірлік құрғақ ұранмен немесе жалаң үндеулермен емес, бірге еңбек етіп, тағдыр тауқыметін бірге бөліскен жандардың өмір жолымен дәлелденген. Бүгінде кеншілер шаһарында қоғамдық келісімнің берік іргетасы қаланған. Аймақта этномәдени бірлестіктердің жұмысын үйлестіріп отырған Достық үйі тұрақты қызмет етеді. Түрлі этномәдени бірлестіктер қала тұрғындарының басын қосатын ауқымды іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастырып келеді.
Десе де, бірлік идеясы бүгінгі қала тұрғындарының, әсіресе, ертеңгі күннің иесі – жастардың санасына қаншалықты терең орнықты? Бұл сауалдардың жауабы тарихтың қатпарлы парақтарында жатыр. Қастерлі қазақ халқы тарихтың талай тар жол, тайғақ кешуінен өтіп, жұтты да, қуғын-сүргінді де, ашаршылық пен соғыстың ащы зардабын да бастан өткерді. Бірақ, сондай ауыр кезеңдердің өзінде қазақ баласы тек өз басының қамын күйттемей, тағдыр тәлкегімен жат жерге айдалған өзге ұлт өкілдеріне бауырмалдық танытып, қамқорлық көрсете білді. Бүгінде түрлі этнос өкілдерінің қазақ халқына деген шексіз алғысы мен өткен күндерді тебірене еске алуы – сол кезеңдегі кеңпейілділіктің айқын айғағы.
Әлеуметтік желілер мен деректі фильмдердегі «қазақ бізді аман алып қалды», «сол бір кеңдікті ешқашан ұмытпаймыз» деген шынайы лебіздер әрбіріміздің көңілімізді толқытпай қоймайды. «Қайырымы молдың қайтарымы мол» дейді дана халқымыз. Ел ішіндегі бүгінгі береке мен татулықты сол баяғы адамдық қайырымның заңды өтеуі десе дегендей.
Еңбек мерекесінен – елдік мұратқа
1 мамырдың тарихы – бір ғана елдің ауқымына сыймайтын, әлемдік деңгейдегі маңызы бар құбылыс. Жер шарының әр қиырында бұл күн әртүрлі сипатқа ие. Бірінде жаңару мен көктемнің жаршысы, бірінде еңбек адамының қадір-қасиетін ұлықтайтын сәт. Енді бір елдерде табиғаттың қайта түлеген мерекесі.
Советтік кезеңде бұл күн «Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастығы күні» ретінде зор сән-салтанатпен тойланғаны белгілі. Мыңдаған адамның қатысуымен өтетін шерулер, еңбек ұжымдарының жетістіктерін паш етуі және мерекенің екінші күні табиғат аясына шығып, думанды жалғастыру – сол дәуірдің бүгінгі жадында қалған айнымас дәстүрі еді. 1 мамырдың мазмұны қазақ сахарасына тек жалаң ұран түрінде келген жоқ. Ол ауыл тынысымен, ел ішіндегі берекемен және қазақы таныммен табиғи түрде астасып кетті. Мұның ең әсерлі көрінісін батыр Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабынан көреміз.
Баукең өз еңбегінде ауыл адамдарының мереке мағынасын алғаш қалай қабылдағанын шебер суреттейді. Садық Абланов елге келіп, бұл күннің мәнін тек саяси ұрандармен емес, көктемнің шуағымен, адал еңбекпен, азаттық пен достықтың құнымен байланыстыра түсіндіреді. Ел-жұрт жаңа мерекенің құрметіне көкпар тартып, кейін бұл дәстүр ел жадында «Май көкпары» деген атаумен бекіп қалды.
Уақыт керуені ілгері жылжыған сайын, мерекенің мазмұны да заман талабына сай өзгеріп, толыса түсті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл күнге мүлде жаңа қоғамдық-саяси мән берілді. Ел Президентінің 1995 жылғы 18 қазандағы Жарлығымен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні болып жарияланды.
Осы сәттен бастап, бұл мейрам тек этносаралық келісімнің ғана емес, ортақ Отанға деген шексіз құрметтің символына айналды. Кешегі еңбекшілер ынтымағын әйгілеген күн бүгінде тұтас елдің биік тұғырын, берекесі мен татулығын ұлықтайтын мемлекеттік деңгейдегі ұлы мерекеге ұласты.
Кеншілер шаһарының шежіресіне үңілсек, бұл қаланың «бірлік» ұғымымен тамырлас екенін аңғарамыз. Тарихтың тек жарқын беттерден тұрмайтыны секілді, Қарағанды өңірі – қуғын-сүргін жылдарының қасіретіне, КарЛАГ-тың ащы шындығына қанық өлке. Бүгінде осы қатпарлы шаһардың әр тасында сан түрлі ұлт өкілдерінің ізі сайрап жатыр. Кеніштер мен зауыттарда, құрылыс алаңдары мен ғылым-білім ошақтарында түрлі этнос өкілдері иық тіресе еңбек етіп, ортақ болашақтың іргесін қалады.

Шаңырақ шежіресі
Достық үйі 2015 жылғы 21 желтоқсанда ашылды. Төрт қабатты ғимарат этномәдени бірлестіктердің басын қосатын, қоғамдық келісім мен мәдениетаралық диалогты дамытатын ортақ шаңырақ ретінде бой көтерді. Мұнда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының музейі, мәжіліс залы, тіл үйрену сыныптары, шығармашылық ұжымдарға арналған дайындық бөлмелері және 430 орындық концерт залы бар. Яғни, Достық үйі – тек әкімшілік нысан емес, этностардың тілі мен дәстүрін сақтауға, жастармен жұмыс жүргізуге, мәдени жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін көпқызметті орталық.
Тағы бір қызықты дерек. Ашылғаннан кейін бірнеше жыл ішінде Достық үйі бір шаңырақ астына ондаған этномәдени бірлестікті ұйыстырған маңызды алаңға айналып үлгерді. 2018 жылы деректерде мұнда 23 этнобірлестік жұмыс істегені айтылса, кейінгі мәліметтер бойынша, жалпы Қарағанды облысында 61 этномәдени бірлестік қызмет етеді. Олардың қатарында корей, неміс, шешен-ингуш, поляк, украин, татар-башқұрт, өзбек, әзербайжан, армян, грек, беларусь және басқа да этномәдени ұйымдар бар. Бұл бірлестіктер өз мәдениетін дәріптеп қана қоймай, ортақ қазақстандық бірегейлікті нығайтуға да үлес қосып келеді.
Бүгінде Достық үйі мереке күндері ғана еске түсетін ғимарат емес, жыл бойы тынысы үзілмейтін қоғамдық-мәдени кеңістікке айналған. Мұнда кездесулер, дөңгелек үстелдер, концерттер, көрмелер, тілдік және танымдық жобалар өткізіліп тұрады. Әсіресе, Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында бұл орталықтың маңызы айрықша сезіледі. Түрлі этнос өкілдері осы шаңырақ астында бас қосып, өнерін көрсетіп, дәстүрін таныстырып, ел ішіндегі татулықтың нақты көрінісін айшықтайды.
Таным мен тағылым
Өңірдің көпұлтты болмысы туралы сөз қозғағанда, осы ортаның тынысын сезініп, ыстық-суығына бірге төзіп жүрген тұлғалардың пайымы өте маңызды. Облыстық шешен-ингуш этномәдени бірлестігі «Вайнах» қауымдастығының төрағасы Увайс Джанаев бұл құндылықтың мәнін тереңнен толғайды:
– Біз үшін Қарағанды – барлық ұлт өкілдерінің маңдай терімен, адал еңбегімен тұрғызылған бірліктің символы іспетті. Сондықтан, біздің басты байлығымыз – осы көпұлтты ортадағы шынайы сыйластық. Қазіргі жастар барлығы дайын, жайлы ортада өсіп келеді. Бірақ, олар ата-бабаларымыздың ең ауыр кезеңдерде бір үзім нанды бөлісіп, бір-біріне қалай қол ұшын созғанын білуі тиіс. Бізге айтқан көнекөз ақсақалдардың ғибратты әңгімелерін жастардың да санасына сіңірсе ғой, шіркін. Тарихи жадыны жаңғыртудың таптырмас құралы болар еді, – дейді Увайс Хаважиевич.
Мерекенің мазмұнын тек салтанатты іс-шаралармен шектемей, оның тәрбиелік мәніне үңілу – бүгінгі күннің басты талабы. Облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» бөлімінің маманы Бақыт Елеукеннің пайымдауынша, 1 мамырдың астарында жатқан тарихи шындық мектеп партасындағы баладан бастап, аудиториядағы студенттің санасына дейін жетуі тиіс.
– Егер мереке тек концертпен басталып, концертпен аяқталса, оның рухани салмағы көмескіленіп қалуы мүмкін. Біздің басты мақсатымыз – сол қатпарлы тарихты жастарға жеткізу. Шындығында, бүгінгі міндет – жаңадан зәулім ескерткіштер іздеу емес, бар тарихи жадыны сақтап қалу. Достық үйі, «Қазақ еліне мың алғыс» монументі және Қарағандының еңбек пен қуғын-сүргін тарихымен сабақтас орындары біртұтас танымдық бағытқа айналуы қажет, – деді Бақыт Баянқызы.
Бірлік көзге көрінетін нысан емес. Бірлік – көңілге орнығатын шынайы ғибрат. Оның түп мәнінде қазақтың кең пейілі, түрлі этностардың ортақ еңбегі және қиын-қыстау күндерде үзілмеген адамдық байланыс жатыр. Біз сақтауға тиіс басты құндылық та – осы. Бүгінгі бейбіт күннің қадірі, ата-бабалар аманаты.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



