Қарағандыда республикалық «Бірлік жүгірісі – 2026» өтті
Қарағанды қаласында Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай дәстүрлі «Бірлік жүгірісі – 2026» республикалық жарысы өтті. Ауқымды спорттық шара Орталық мәдениет және демалыс саябағында ұйымдастырылып, сағат 09:30-да басталды.

Жыл сайын өткізілетін бұл жарыс қоғамдағы татулық пен ынтымақты нығайтуға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды. Биыл да оған жүздеген қатысушы – Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктер өкілдері, белгілі спортшылар, қоғам қайраткерлері және салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар қатысты.
– Тәуелсіздік алғаннан бері жыл сайын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай түрлі спорттық шаралар, соның ішінде жүгіру, марафон, эстафеталар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл да осы дәстүр жалғасын тауып, қалалық саябақта «Бірлік жүгірісі» өтті. Қатысушыларға арнайы естелік жейделер табысталып, барлығы ерекше көңіл күймен жарысқа қатысты. Мұндай шаралардың басты мақсаты – елдегі түрлі этнос өкілдерін біріктіру, халықтың бірлігін нығайту және достықты дәріптеу. Осындай жарыстарда адамдар арасындағы татулық пен өзара сыйластық айқын көрінеді. 1 мамыр – тек мереке ғана емес, бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін маңызды күн. Бұл күні тұрғындар бір-біріне құрмет көрсетіп, ортақ құндылықтарды дәріптейді. Әсіресе, осындай жылы әрі шуақты күні саябақтағы ерекше атмосфера халықтың мерекелік көңіл күйін айқын сездіреді. Барша қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз әрдайым бірлікте, татулықта болып, баршаңызға зор денсаулық, көтеріңкі көңіл күй тілеймін, – деді қытай этномәдени орталығының төрағасы Д-Си Ян.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Бірлік жүгірісі» тек спорттық жарыс қана емес, елдегі бейбітшілік, достық және бірлік құндылықтарын дәріптейтін маңызды алаңға айналды.

– Бүгін – жарқын күн, еліміз үшін ерекше мереке. Қазақстан халқының бірлігі күні – елімізде өмір сүріп жатқан барлық этностардың мәдениеті мен дәстүріне деген құрметке негізделген маңызды мереке. Осы айтулы күнмен барша қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын. Сонымен қатар, Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған дәстүрлі «Бірлік жүгірісіне» қатысып жатқан барлық қатысушыларға алғысымды білдіремін. Баршаңызға бейбітшілік, мықты денсаулық тілеймін. Жастарға да, орта буынға да, үлкендерге де табыс пен амандық тілеймін.Біздің этномәдени бірлестіктің өкілдері де бұл шарадан қалыс қалған жоқ. Биыл 5 қатысушы жүгіріске қатысып жатыр. Ал өзім ұйымдастыру жұмыстарына атсалысып, бағыт-бағдар беріп жүрмін, – деді Қарағанды облысындағы шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаев.
Қатысушылар 2 шақырым қашықтықты еңсеріп, өзара қолдау мен ынтымақтың үлгісін көрсетті.

– Қарағанды қаласының тұрғынымын. Барша қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын. Елімізге бейбіт аспан, әр отбасына амандық пен өркендеу тілеймін. Бүгін біз отбасымызбен бірге «Бірлік жүгірісіне» қатысып жатырмыз. Қызым Жасмин 6 жаста. Біз әрдайым салауатты өмір салтын ұстанамыз. Өзім балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеймін. Бұл жарысқа алғаш рет қатысып отырмыз, – деді қатысушы Аида Ақылбекова.
Шара барысында тұрғындар туған жерге деген сүйіспеншілігін, бірлікке деген құрметін нақты істерімен дәлелдеді. Сонымен қатар, жарыс салауатты өмір салтын насихаттауға және бұқаралық спортты дамытуға өз үлесін қосты.

– Қарқаралы ауданы Сарыобалы ауылының тұрғынымын. Өзімнің бағымды сынап көруге осы мерекелік марафонға қатысып көрдім. Мен 2 шақырымды 5 минут 52 секундта орташа темппен жүгіріп өттім. Бүгінгі бірлік күнімен құттықтаймын! Әр отбасына бақыт пен денсаулық тілеймін, – деді марафонға қатысушы Сағат Баубек.
Іс-шара соңында жеңімпаздар марапатталып, барлық қатысушыларға естелік медальдар табысталды. Осылайша, «Бірлік жүгірісі – 2026» ел бірлігін айшықтаған мазмұнды әрі жарқын мерекелік оқиға ретінде қорытындыланды.
Жамал АКПАРОВА
Ortalyq.kz



