Достықты тіл арқылы дәріптеген…
Тіл – халықтың жаны, достықтың алтын арқауы. Бүгінде қазақ тілін мемлекеттік деңгейде ұлықтап, ұлтаралық татулықтың ұйытқысы болып жүрген азаматтардың қатары артып келеді. Солардың бірегейі – ұлты неміс болса да, жүрегі «қазақ» деп соққан ұлағатты ұстаз Ольга Тим. Он сегіз жасынан шәкірт тәрбиелеп, тіл жанашырына айналған кейіпкеріміздің ғибратты ғұмыры мен еңбек жолы көбімізге үлгі.

Көпшілік үшін өзге ұлт өкілінің қазақ тілінде еркін сөйлеуі әлі де таңсық көрінуі мүмкін. Сол себепті де, Ольга Тимнен «Тілді қалай үйрендіңіз?» деп сұрайтындар көп. Осакаров ауданы, Шұңқыркөл ауылында өмірге келген кейіпкеріміз қарадомалақ қазақ балаларымен ойнап өскендіктен, тілді еркін меңгергенін айтады. Бала Ольганың мектептегі ең сүйікті пәні – қазақ тілі болыпты. Ал, бесінші сыныптан бастап, «Мұғалім боламын!» деген асыл арман оны алға жетеледі.
Орыс мектебін бітірсе де, Ольга Германовна болашақ мамандығын таңдауда еш мүдірген жоқ. Сенімді түрде қазақ тілі пәнінің мұғалімі болуға бел буды. Қарағандыдағы «Болашақ» колледжінің бірінші курсын аяқтаған соң, алғашқы педагогикалық тәжірибеден өтуді «Пионерское» ауылындағы мектепте бастайды. Ол жерде әпкесі мен жездесі (алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі) қызмет ететін. Дәл осы жерде жас маманның өмірі күрт өзгереді.
Мектептің сол кездегі басшылығы екі тілді де жетік білетін, бала тілін таба алатын дарынды, талапты қызды бірден байқайды. Мектеп директоры Ольгаға сырттай бөлімге ауысып, бірден жұмысқа қалуды ұсынады. Осылайша, небәрі 18 жасында Ольга Германовна өзінің ұстаздық жолын қазақ тілі мұғалімі ретінде бастайды.
Колледжді аяқтаған соң, білімін «Bolashaq» академиясында жалғастырады. Оның ізденімпаздығы мен қоғамдық белсенділігі елеусіз қалған жоқ. 2012 жылы Қарағанды облысы әкімінің дәстүрлі «Қайнар» жастар сыйлығының «Жыл студенті» номинациясын жеңіп алды. Осы жетістігінен кейін оған магистратураға грант ұсынылса да, Ольга «Менің орным – жоғары оқу орнында емес, мектептегі шәкірттерімнің жанында» деп, ғылым жолынан гөрі жанына жақын ұстаздық жолды таңдайды.
Сегіз жыл бойы ауыл мектебінде шыңдалған ұстаз, тұрмыс құрғаннан кейін облыс орталығына қоныс аударады. Қарағанды қаласындағы №21 орта мектепте мұғалім және аға тәлімгер болып қызмет етіп, кейіннен біліктілігінің арқасында Қ.Сәтбаев атындағы гимназияда директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтеріледі. Бұл жылдар ішінде ол облыстық және республикалық деңгейдегі көптеген байқаулардың шыңын бағындырды. Әсіресе, «Тіл жанашырлары» байқауының «Тіл білгірі» аталымында үздік шығуы оның көпжылдық еңбегінің лайықты бағасы еді.
Бір қызығы, Ольга Германовнаның отбасы да – көпұлтты. Анасы – украин, әкесі – неміс. Ал, өмірлік серігі – қазақ азаматы. Тіпті, енесі де – неміс ұлтынан.
– Шаңырағымызда қазақтың барлық салт-дәстүрін ұстанамыз. Наурыз көже әзірлеп, жеті шелпек пісіреміз. Қазақ отбасына келін болған соң, мұнымыз – үйреншікті үрдіс. Балаларымызға барынша неміс дәстүрлерін де үйретеміз. Біліп өскеннің артықшылығы жоқ, – дейді ол.
Ольга Тимнің қоғамдағы қызметі мектеп қабырғасымен шектелмейді. 2019 жылдан бастап, ол Достық үйі жанындағы «Мәміле» клубының жұмысына белсене араласып, мемлекеттік тілді үйренуге құштар жандарға дәріс береді. Клубтың ерекшелігі – тілді ереже, емлелер арқылы емес, халқымыздың тарихы мен мәдениеті арқылы меңгертуінде.
Бүгінде клубқа келушілердің қатары күн сайын көбейіп келеді. Олардың арасында балабақша тәрбиешілерінен бастап, зейнеткерлерге, танымал әртістер мен қарапайым такси жүргізушілеріне дейін бар. Ольганың пайымынша, Қазақстанда тұратын әрбір азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті. Өйткені, тіл – халықтың жаны, достықтың дәнекері.
Түйіндей келгенде, Ольга Германовнаның өмір жолы мемлекеттік тілді меңгеру тек қажеттілік қана емес, ол Отанға деген шексіз құрметтің белгісі екенін ұқтырады. Оның әрбір шәкірті мен әрбір шәкіртіне берген тәлімі – еліміздің жарқын болашағы мен мызғымас бірлігіне қосылған қомақты үлес.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



