Спорт

«Шахтер» көш басына шықты

Футболдан Қазақстан Бірінші-Лигасының ІІІ туры өз мәресіне жетті. Бұл кезеңде қарағандылық «Шахтер» сырт алаңда «Арыс» клубын 6:0 есебімен жеңіп, турнирлік кестенің көш басына көтерілді. Әрі команда шабуылшысы Артем Литош лига ойындары аясында үш гол және екі голдық пас беріп, сұрмергендер тізімінде көш бастады.

Суреттер клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Жерлестер сырт алаңда ойнағанына қарамастан, ойын тізгінін өз қолында ұстады. Шабуылда да, допқа иелік етуде де қарсыластан басым болды. Ұрымтал сәттерді де жиі ұйымдастырды. Дегенмен, ойынның алғашқы 30 минутында есеп ашылмай тұрды.

Кезекті шабуылдардың бірінде қарағандылықтар оң қапталмен шабуыл ұйымдастырып, қарсылас қақпасы маңында қысымды күшейтті. Осы сәтте алаң иелері «Шахтер» ойыншыларына қарсы ойын ережесін бұзып, төреші айып добын белгіледі. Бұл – есеп ашуға таптырмас мүмкіндік. Стандартты жағдайды Артем Литош орындап, қарсылас қақпашысын қапы қалдырды. Есеп – 1:0.

Кездесудің 40-шы минутында Артем шабуылды ұтымды өрбітіп, алға ұмтылған әріптесі Максим Галкинге дәл пас жеткізді. Максим болса өзіне келген мүмкіндікті мүлт жібермей, есепті еселей түсті. Осылайша, бірінші тайм 2:0 есебімен қарағандылықтардың пайдасына шешілді. 

Екінші таймды қарағандылықтар белсенді бастады. Доп ойынға қосылған сәттен-ақ бірден шабуылға көшті. Доп қорғаушы Александр Мигуновтың аяғына түскен бетте ол алға қарай әуелете асырған. Сол сәтте Артем Литош допқа қарсыластардан бұрын жетіп, небәрі 10 секундтың ішінде есепті өзгертті.

Ойынның 56-шы минутында Рифат Нұрмұғамет мергендігімен көзге түссе, 66-шы минутта Артем Литош өз есебіне тағы бір гол жазып, хет-трик авторы атанды. Ал, 81-ші минутта Арман Нүсіп қарсылас қақпасын тағы да дәл көздеп, алтыншы голдың авторы атанды.

Қазіргі уақытта турнир кестесінің ІІ және ІІІ орнында 6 ұпаймен «Оңтүстік академия» клубы мен «Жайық» тұр. Енді жерлестер 1 мамырда өз алаңында «Тобыл 2» клубын қабылдайды.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button