Балқаш

Баламды қайда ойнатсам болады?

Алақандай Балқаштың аула, көшелерінде күрделі мәселелер көптеп кездеседі. Жолдарды жөндеу жұмыстарының өзі «жырға айналды», жауыр болды. Қаламыз көл жағасында орналасқанымен, тұрғын үйлердің алдындағы суарылмайтын тал-көшеттер туралы айту, тіпті, ұят.

Бұл – көптің көкейіндегі түйткілдердің жалпылама көрінісі. Менің айтпағым, біздің аулада балалар ойнайтын алаң жоқ. Жергілікті билік Сәтбаев атындағы шағын ауданға қарасты №№3,4,5,6 үйлерде тұратын балаларға тым болмаса, бір ойын алаңын (4 көпқабатты үйге ортақ) салу мәселесін оң шешіп берсе деген ойдамыз.

Аулада ойын алаңы жоқ болғандықтан, балалар өзге аулаларға сабылуға мәжбүр. Сол үшін көше бойына шығады, жолдан өтеді. Онысы қауіпті, әрине. Ата-ана қайтсін, жанын «шүберекке түйіп отырады».

Аталған ауланы абаттандыру мәселесі қала әкімінің есептік кездесуінде де көтерілген болатын. Бірақ, нәтиже шықпады. Шаһардағы шенеуніктердің біреуі де осы аулаға келіп, жағдайымен танысқанын көзіміз көрмеді, құлағымыз естімеді. «Қайда ойнатсам баламды?» деп ата-ана алаңды. Бір емес-ау, жүздеген ата-ана.

Әйгерім АХМЕТОВА.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button