АймақБалқаш

Саяқта өрт сөндіру бекеті ашылды

Саяқ кентінде тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды нысан – 210-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы салтанатты түрде ашылды. Бұл – ауылдық елдімекендердегі өрт қауіпсіздігін күшейтіп, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету жүйесін жетілдіруге арналған кезекті маңызды қадам.

Сурет автордан

Жаңа өрт сөндіру бекеті 2 мың 300-ден астам тұрғыны бар Саяқ кенті мен оған жақын орналасқан елдімекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұған дейін өрт оқиғалары кезінде арнайы бөлімшелердің жетуі көп уақыт алатын болса, енді жаңа бекеттің іске қосылуы шақыртуларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп, тілсіз жаудың кең таралуының алдын алуға ықпал етеді.

Заманауи талаптарға сай жабдықталған нысанда өрт сөндіру техникасы, арнайы байланыс құралдары, өрт-техникалық жарақтар және жауынгерлік киім-кешек толық қарас­тырылған. Қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне барлық қажетті жағдай жасалған. Бұл өз кезегінде өрт пен өзге де төтенше жағдайларға қысқа мерзімде ден қойып, олардың зардабын азайтуға мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, жаңа бекеттің ашылуы ең алдымен, адам өмірі мен мүлкін сақтауға бағытталған. Сонымен қатар, ерікті өртке қарсы құралым тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі ережелерін насихаттап, алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізуге де ерекше көңіл бөлмек.

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек құтқару қызметтерінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әсіресе, ауылдық жерлерде төтенше жағдайларға жедел ден қою тұрғындардың өмірі мен денсаулығын, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды сақтап қалуда шешуші рөл атқарады. Сондықтан, мұндай өрт сөндіру бекеттерінің ашылуы қауіпсіздік жүйесін нығайтып қана қоймай, төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button