Бас тақырып

Қаржы бар жерде қарқын бар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет пен өңірлер ал­дына қойған келелі міндеті – ел экономикасына технология­лық дең­гейі жоғары, шынайы индустрия­ландыру қажеттігі. Отандық экономикадағы инвестицияның үлесін арттыру мәселесі де Президент белгілеген міндеттер мен талаптардың негізгі өзегіне айналып отыр.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Инвестиция игілігі

– Бірінші. Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар да бізге қажет. Бірақ, қазір алдымызда тұрған міндет – басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан, Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек. Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ, мемлекеттің инвестиция­сы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында.

– Мемлекет басшысының бұл сө­зі бүгінде еліміздегі әкімдіктер мен инвес­тиция­лық штабтардың жұмысын айқын­дайтын басты бағдарға айналды. Үкі­меттің кеңейтілген отырыстарында ел Пре­зиденті экономикалық өсім кәсіпкерлікке артық салмақ салу есебінен қамтамасыз етілмеуі тиіс екенін, ал, инвестиция тарту өндірісті әртараптандырумен және халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар жүруі қажет екенін бірнеше мәрте атап өтті. Инвестициялық ахуалға жауапты мемлекеттік органдарға қарата сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы міндетті барынша нақты қойды: жауапты тұлғалар бұрынғы қалыптасқан инерцияға сүйенбей, батыл шешім қабылдауы, инвесторларға ашық әрі түсінікті жағдай жасап, мем­лекет тарапынан берілген кепілдіктер­дің мызғымастығын қамтамасыз етуі тиіс.

Өзіндік индустриялық тарихы бар Қарағанды облысы үшін бұл – күнделікті жұмыстың нақты бағдары. Иә, облыс байтақ республиканың өнеркәсіптік жүрегі болып келген, әрі сол мәртебесін бүгін де лайықты қалпында сақтап отыр. Қазіргі таңда өңірде 940-тан астам өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді. Соның шамамен 800-і – мемлекеттік индустрияландыру саясатының басты бағыты саналатын өңдеуші өнеркәсіп саласына тиесілі. Өткен жылдың өзінде ғана өңірдің өңдеуші өнеркәсібі 3 триллион теңгеден астам өнім өндіріп, облыстың жалпы өңірлік өнімінің үштен бірінен астамын қамтамасыз ете білді. Ал, биылғы жылдың жеті айында өндіріс көлемі 2,7 триллион теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,3 пайызға артқан.

– Мемлекет басшысының инвесторларды тарту жөніндегі тапсырмасы аясында жаңа инвестициялық стратегия кешенді түрде әзірленуде. Онда арнайы экономикалық аймақ (АЭА) аумағын субаймақтармен кеңейту қарастырылған. Осыған байланыс­ты, қызмет түрлерін кеңейту қажет: әуежай қызметіне қатысты 12 жаңа бағыт қосу ұсынылып отыр. Көлік қызметтері, логистика, жүк тасымалы, қонақ үйлерді салу, авиациялық жанармай сату және тағы басқа. Екінші мәселе – АЭА құрылымын күшейту. Басқа экономикалық аймақтардағыдай, Түркістан, Астана, Алматыда инвес­тиция тарту бөлімшелері жұмыс істейді, – деді Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Молдакәрімов.

Не дегенімізбен, өңірдің келешегін айқындайтын ең маңыз­ды көрсеткіш – инвестициялық жобалар қоржыны. Қазіргі таңда аймақта жалпы құны 4,5 триллион теңгені құрайтын 120 инвестициялық жоба қалыптастырылуда. Олар толық жүзеге асқанда 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сайып келгенде, мұны тұтас бір шағын қаланың тұрғындарын еңбекпен қамтуға жететін көрсеткіш деп бағамдай аламыз. Өңірде Инвесторларға қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ, облыс әкімінің тікелей жетекшілігімен инвестициялық штаб қызмет атқарып, кәсіпкерлердің мәселелері бюрократиялық кедергілерсіз, «осы жерде және дәл қазір» қағидаты бойынша жедел шешімін табуда.

Өңір бүгінде елімізді кокстелетін көмірдің толық көлемімен, энергетикалық көмірдің үштен бірімен, түсті және бағалы металдардың елеулі үлесімен, жалпақ илек өнімдерінің жүз пайыздық өндірісімен қамтамасыз етіп отыр. Облыстың индустриялық картасы жыл сайын өрісті өндіріс орындарымен толығып келеді. Мәселен, Қазақстан мен Ресей арасындағы өнеркәсіптік кооперация аясындағы маңызды жобалардың бірі – аймақтағы шина шығаратын зауыт салу бастамасы. Биыл мамыр айында Астанада екі елдің өкілдеріне ұсынылған жаңартылған инвес­тициялық қоржынға енгізілген атаулы жоба қазақстандық-ресейлік өндірістік ынтымақтастықтың операциялық кезеңге өткен 122 жобасының қатарында. Жалпы құны шамамен 53 миллиард АҚШ долларын құрайтын 177 жобаның ішінен бұл бастамалар нақты іске асырыла бастаған өндірістер санатына енді.

Өндірісі өрлеген өңір

Ал, Балқаш көлінің жағасында мүлде жаңа ауқымдағы жоба жүзеге асырылмақ. Мұнда ВВЭР-1200 реакторларымен жабдықталатын атом электр станциясының құрылысы жоспарланып отыр. Бірқатар сарапшылар маңызды нысанды тұтас республиканың болашақ атом энергетикасының негізгі тірек жобасы ретінде бағалайды. Ғасырлар бойы көмір өндірумен танылған өндірісті өңір үшін атом энергетикасының іргесі қаланатын алаңмен көрші болу – ерекше тарихи бетбұрыс. Жер қойнауынан алынған көмір арқылы елге жылу сыйлап келген сайын дала енді жаңа буын энергиясының да қайнар көзіне айналуға қадам басып отыр.

Қарағанды облысында туризм де қарқын алып келеді. Өнеркәсіптік өңір үшін бұл тосын бағыт болып көрінгенімен, оның болашағы зор. Қарқаралы ауданындағы «Бұғылы» рекреация­лық аймағында облыстық бюджет есебінен 7,5 гектар аумақта инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салынуда. Құны 4,4 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба кейін жеке инвестиция тартуға берік негіз қалайды. Ал, Самарқанд су қоймасының жағалауында құны шамамен 17,4 миллион АҚШ долларын құрайтын көпфункциялы қонақүй және ойын-сауық кешені бой көтермек. Жоба жүзеге асқанда мұнда 180-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

«Аталған жобалардың жүзеге асырылуы өңірге 2 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тартуға соны мүмкіндік беріп, облыстың туристік саласының одан әрі дамуына серпін береді», – деп жазылған Қарағанды облысы әкімдігі баспасөз қызметінің анықтамасында.

Мұндағы ұстаным айқын әрі тиімді: мемлекет инженерлік инфрақұрылымды – жол, электр, су және басқа да коммуникацияларды әзірлейді. Өз кезегінде бизнес тарабы дайын алаңға инвестиция құйып, жаңа жобаларды іске асырады.

Индустрияландыру – өңір дамуының жалғыз бағыты емес. Қарағанды өңірі ежелден-ақ елдің сенімді астықты аймақтарының бірі саналады. Өткен жылдың қорытындысында облыс диқандары 1 миллион 125 мың тонна астық жинап, жалпы өнім көлемі бойынша республикада төртінші орынға шықты. Түп нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 453,5 миллиард теңгеге жетті. Инвестиция игілігі ауылдарға да бағытталуда. Бұқар жырау ауданы мен облыс­тың өзге де өңірлерінде әкімдік ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен меморандумдар жасап, мемлекеттік қолдау мен бизнестің мүмкіндігін біріктіру арқылы ауылдық әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға күш салып келеді.

***
Инвестиция – есеп-қисаптағы көзайым көрсеткіш те, триллиондап саналатын қомақты қаржы деп қана қарастырған болсақ, әбес пайым қыларымыз айғақ. Инвестиция – ертең жаңа жұмыс орнына келетін адам. Инвестиция – ғаламтор мен сапалы жолға қол жеткізетін ауыл. Инвестиция – көмірлі өңір деген тарихи болмысын сақтай отырып, жоғары технологиялы индустрияға нық қадам басқан аймақ болар асылында. Инвестиция – уақыттың тынысын дәл таныған елдің таңдауы. Экономиканың нақты күші де дәл осындай үнсіз еңбектен, ұзақ мерзімді сенімнен және батыл шешімдерден құралады. Инвестиция игілігінің шынайы өлшемі миллиардтар мен триллиондарда емес. Оның басты құны – туған жерінде тұрақты еңбек тапқан жас маманның үмітінде, ауылға жеткен жарық пен жолда, кәсіп бастаған азаматтың батыл қадамында, өңірдің ертеңіне деген сенімде. Ал, қазыналы Қарағандының жаңа даму кезеңі дәл осы сенім мен жасампаздыққа сүйеніп қалыптасып келеді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button