Жаңалықтар

Мұрат ТЛЕУБЕРДИЕВ: Заң мен тәртіп – қоғамның өркендеуін айқындайтын өмірлік бағдар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын мемлекеттік саясаттың басты басымдығы ретінде айқындап, құқық үстемдігін Әділетті Қазақстанды құрудың негізгі шарты деп белгіледі. Бұл талап құқық қорғау органдары жұмысының мазмұнын жаңартып, азаматтардың құқықтарын қорғауға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамдағы қауіпсіздікті нығайтуға басымдық беруге жол ашты. Ал, Қарағанды облысының прокуратурасы өңірдегі заңдылықтың бұзылмай, ортақ тәртіпті сақтауда қандай іс-шаралар атқарып отыр? Заң үстемдігін нығайтудағы прокуратураның рөлі қандай? Прокуратураның жаңа жобалары мен бастамалары халық көңілінен шығып отыр ма? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін Қарағанды облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев­пен сұхбаттасқан едік…

Сурет Мұрат Тлеубердиевтің жеке мұрағатынан

– Мұрат Әжінұрұлы, Мемлекет басшысы барлық деңгейде «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға басымдық беріп келеді. Бұл ұстаным прокуратура жұмысына қандай өзгеріс әкелді?

– Үнді елінің айтулы перзенті Махатма Гандидің: «Көшбасшы болудың мәні – қызмет етуде. Нағыз көшбасшы өзгелерге үстемдік етуді емес, оларға көмектесуді көздейді», – деген тағылымды сөзі бар. Елді бір мақсатқа ұйытудың әлем мойындаған формуласы да осы болса керек. Мұны «Заң мен тәртіп» кағидатының бүгінгі көрінісіне қарап та бағамдауға болады.
Мемлекет басшысы заңды сақтап, тәртіпке ұйыстырудың үлгісін көрсету арқылы бұл қағидаттың халық арасында кең қолдауға ие болуына ықпал етті.
Бүгінде барлық сала, барлық азамат осы қағидатты басшылыққа алып, «Заң мен тәртіпті» тұғыр ету арқылы қауіпсіз, зайырлы, құқықтық қоғам құруға бірігіп атсалысуда. «Күш – бірлікте» демекші, бұл биік қағидаттың мақсатына жетуі халықтың ынтымағы мен ауызбіршілігіне байланысты екені рас.
Негізгі қызметі заңның орындалуын қадағалап, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталғандықтан, прокуратурада атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Қоғамда заң үстемдігін орнықтыра отырып, халықтың заңның пәрменіне, құзырлы органдардың құзыретіне деген сенімін нығайтуда «Заң мен тәртіп» аясында қолға алынған бастамалар мен тың жобалардың көмегі көп. Әсіресе, іс-шараларды жүзеге асыруда цифрлық технологияларды мейлінше тиімді қолданып, азаматтармен арада ортақ диалог орнатудың, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді дер кезінде шешіп, заңсыз схемалардың жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізудің пайдасы орасан.

– Қоғам үшін ең маңызды мә­селенің бірі – қауіпсіздік. Би­ыл өңірдегі криминогендік ахуал қалай өзгерді? 

– Қауіпсіз қоғамда даму бар, ертеңгі күнге деген сенім жоғары. Сондықтан, халықаралық рейтингтерде қауіпсіздік мемлекет дамуының басты өлшемі ретінде айқындалған. Мықты инвесторлар да өз қаржысын қауіпсіз мемлекеттегі бизнеске салғысы келеді. Қауіп-қатері мол, қылмыс дендеген елде кәсіп те ақсайды, қаржыдан пайда табу мүмкіндігі де төмендейді.
Осыны ескере келе, біздің елі­мізде заң үстемдігін нығайтуға, барлық құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік танытуға, қоғамның құқықтық мәдениетін дамы­туға күш салынуда. Ел мен халықтың қауіпсіздігі әр қадамды аңдап басу­ға, заңнан аттамауға үндейді. Себебі, мемлекеттің қауіпсіздігі­не қатысты мәселенің үлкен-кі­шісі болмайды. Қоғамдағы тұ­рақ­ты­лық пен қауіпсіздіктің бас­ты көрсеткішінің бірі – қылмыс деңгейі. Соңғы жылдары біз құқық бұзушылықтың алдын алу­ға басымдық беріп келеміз. Оның нәтижесі де жаман емес. Айталық, биылғы бес айда облыс­та тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 27,4 пайызға төмендеп, 3719-дан 2701-ге дейін азайды. Және мұндай көрсеткіш қылмыстың барлық санатынан байқалады. Мәселен алғашқы бес айда аса ауыр қылмыстар 29,2 пайызға азайса, ауыр қылмыстар 33,5 пайызға, орташа ауырлықтағы қылмыстар 27,3 пайызға, ал, онша ауыр емес қылмыстар 18,8 пайыз­ға төмендеген.

Әлеуметтік маңызы жоғары қылмыс­тар бойынша да оң динамика байқалады. Соның ішінде биыл адам өлтіру 20 пайыз­ға, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 28,6 пайызға, тонау 50 пайызға, бопсалау 40 пайызға азайған. Сонымен қатар, ұрлық 27,5 пайызға, алаяқтық 31,2 пайыз­ға, оның ішінде интернет-алаяқтық 32,1 пайызға төмендеді. Бұл да құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысы мен профилактикалық шаралардың нәтижесі болса керек.

– Алдын алу шаралары туралы айтып қалдыңыз. Бүгінде нақты нәтиже берген қандай жобаларды атар едіңіз?

– «Кішкентай оттан үлкен өрт шығады» деген тәмсіл бар. Шындығында кез келген қылмыс ұсақ бұзақылықты елемеу­ден басталады. Қоғамдағы қауіпсіздікті сақтағымыз келсе, қылмыстың алдын алуға, құқықтық сананы биіктетуге ұмтылуымыз керек. Бұл жұмысты үйлестіру прокуратураның міндеті болғанымен, қылмыстың алдын алудың әліппесі отбасындағы тәрбиеден басталып, білім ордаларындағы тәліммен түйінделгені жөн.
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін» ұмытпайық. Аймақта бір қылмыс орын алса, ол тек құзырлы органдардың ғана жұмысы емес, бұл – соған жол берген, кемшілікті дер кезінде байқап, түзетуге талап қылмаған қоғамның қателігі. Ендеше, қылмыстың алдын алудағы бірінші фактор – халықтың құқық бұзушылыққа бейжай қарамауымен өзектес. Әрбір тұрғын заңға өзі ғана бағынып қоймай, заңнан тыс жасалған әрекеттердің бәріне көз жұма қарамаса, біз қауіпсіз қоғамға бір табан жақындаймыз.
Екінші фактор – құқық қорғау, қадағалау органдарының жұмысын дұрыс үйлестіріп, салаға білікті, еңбекқор, табанды кадрларды тартуға байланысты. Кадрлық әлеуеті мықты құрылымда кез келген жоба аяқсыз, нәтижесіз қалмайды. Мысалы прокуратураның бастамасымен «Салауатты қоғам» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында маскүнемдік, есірткі тұтыну, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық және көшедегі қылмыстың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілді. Осы жоба шеңберінде атқарылған шаралар нәтижесінде алкогольдік масаң күйде жасалған қылмыс 5 пайызға, есірткі қылмысы 8 пайызға, тұрмыстық зорлық-зомбылық 25 пайызға, ал көшедегі қылмыс 20 пайызға төмендеді.

Инфографиканы жасаған Айбек Рахымжан

– Қарағанды облысы цифрлық даму көрсеткіштері бойынша көшбасшы өңірлердің қатарында. Бұл мүмкіндік прокуратура қызметінде қалай пайдаланылып жатыр?

– Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында: «Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі, бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады» деген болатын.
Бүгінде қай сала болмасын жаңа технологияның көмегімен жұмысын жандандыруға басымдық беруде. Прокуратураның да жұмысын цифрлық технологиясыз елестету мүмкін емес. Жаңа технология прокуратура жұмысындағы ашықтықты арттырды, азаматтардың құзырлы органдарға жүгінуін жеңілдетті, өзара байланысты нығайтты.
Сондай тиімді құралдың бірі – Қылмыс картасы. Бұрын біз негізінен статис­тикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде осы цифрлық жобаның көмегімен нақты уақытта қылмыс жиі жасалатынын, қай аумақта жасалатынын, кімдердің мұндай теріс әрекетке бейім екенін көріп, бейнебақылау жеткіліксіз жерлерді анықтаймыз. Соның негізінде полиция мен жергілікті атқарушы органдарға нақты ұсыныстар беріліп, алдын алу шаралары жедел ұйымдастырылады.
Осы тәжірибенің негізінде Жол-көлік оқиғаларының картасы да әзірленді. Талдау нәтижесінде Қарағанды қаласындағы апат қаупі жоғары учаскелер анықталып, сол жерлерге 18 аппараттық-бақылау кешені орнатылды. Нәтижесінде, көшелерде апат саны айтарлықтай азайды.
Қазір осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, Әкімшілік құқық бұзушылықтар картасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жүйе құқық бұзушылық жиі жасалатын аумақтарды анықтап, профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

– Байқасақ, құқықтық сауатты арттыруда жаңа форматтағы ақпараттық жобалар да қолға алынуда. Бұл бағыттағы жаңашылдықтар туралы айтып өтсеңіз.

– Халықтың құқықтық санасы жетілген сайын, қоғамдағы заңға қайшы әрекеттердің аясы тарыла береді. Өркениетті елдердің құқықтық сауаттылық сабақтарын мектеп табалдырығынан оқытатыны сондықтан. Біздің елімізде де қазір осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқаны қуантады. Әр азамат бала күнінен өз құқығын біліп қоймай, өзгенің де шекарасына өтпеудің маңызды екенін түсініп өскенде, мемлекеттің құқықтық деңгейі өседі. Ал, құқықтық мәдениеті қалыптасқан елде қылмыс аз. Сонымен қатар, заңдық сауатты көтерудің де маңызы зор. Халық осы ақпараттарды күнделікті көріп, оқу арқылы ненің заңды, ненің заңсыз екенін білуі керек. Қазір біз азаматтардың ақпараттарды қалай қабылдайтынын зерделей отырып құқықтық кеңестер мен заңдық түсіндірмелердің форматын айқындаймыз. Құқықтық танымды көтеретін ақпараттар қысқа, ықшам, түсінікті, қызықтыратындай формада болуы шарт. Цифрлық технологияның тиімділігі де осында.
Мәселен, бізде QR-код арқылы жұмыс істейтін цифрлық профилактикалық платформа бар. Онда интернет-алаяқтықтан сақтану, жол қауіпсіздігі, есірткі қылмыстарының алдын алу және басқа да құқықтық тақырыптар бойынша қарапайым әрі түсінікті ақпарат пен анимациялық бейнероликтер орналастырылған. Мұны халықтың қабылдауы жеңіл.

– Интернет-алаяқтық қоғамға үлкен қауіп төндіріп отыр. Азаматтарды жаңа сипаттағы қылмыстардан қорғау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Интернет-алаяқтық – бүгінгі заманның кеселі. Қазір цифрлық қызметсіз өміріңізді елестету қиын. Азаматтар ең көп жүгінетін де, ең көп ақпарат алатын да бірегей алаң – интернет. Алайда, алысты жақын, қиындықты жеңіл еткен осы интернет-алаяқтардың да ақша табу нысанына айналғаны рас. Ең күрделісі – интернет-алаяқтардың мүмкіндігі шексіз, олардың қылмыс орбитасының шекарасы жоқ. Цифрлық технологияны жетік меңгерген интернет-­алаяқтар әлем әр түпкірінде отырып қазақстандықтарды қақпанына түсіруде. Алаяқтықтың түрі әртүрлі, және олар күн сайын дамып, күрделеніп келеді. Қылмысты жедел ашып, қылмыскерді тез табудың қиын болатыны сондықтан. Интернет-алаяқтықтың өріс алуына жол бермеу үшін халық цифрлық сауатты болуы керек. Осы мақсатта облыста «Ақпарат тосқауылы» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында азаматтарды интернет-алаяқтықтан қорғаудың заманауи тетіктері енгізіліп, банктермен бірлескен жұмыстар жолға қойылды. Күдікті операциялар анықталған жағдайда азаматтарға жедел хабар беру, күмәнді әрекеттердің алдын алу бойынша жүйелі шаралар қабылдануда.
Сонымен қатар, «Қазақтелеком» АҚ мамандарының қатысуымен арнайы колл-орталық құрылды. Оның жұмысы нәтижесінде 10 мыңнан астам халықаралық алаяқтық қоңыраудың жолы кесілді. Қашықтан жасалатын қылмыстар кезінде телефон нөмірлерін ауыстыру үшін пайдаланылған 9 Simbox құрылғысы анықталды. Бұл фактілер бойынша күдіктілер жауапкершілікке тартылып, қылмыстық істер сотқа жолданды.
Осындай ұйымдасқан шаралардың нәтижесінде интернет-алаяқтық фактілері 868-ден 657-ге дейін, яғни 24 пайызға азайды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Себебі, цифрлық мүмкіндіктер артқан сайын жаңа қауіптердің де пайда болатыны анық. Өкініштісі сол, азаматтар тек қаржылық, құқықтық сауатының төмендігінен ғана зардап шегіп жатқан жоқ. Көпшілігі тез байысам, көлденең табысқа ие болсам деп жүріп алаяқтар торына түсіп қалғанын білмейді. Қаншама ескертулер жасалып, ақпараттар күнделікті таратылғанымен, қаржы пирамидаларына алданатындар қатарының кемімеуіне де себеп – осы.
Мысалы, облыс прокуратурасының үйлестіруімен Экономикалық тергеп-тексеру департаменті биыл қаржы пирамидаларын құру және оларға басшылық жасау фактілері бойынша бірқатар қылмыстық іс тіркеді. Дерекке сүйенсек, заңсыз схемаларға 400-ден астам салымшы тартылған.
Солардың бірі – облыс аумағында әрекет еткен «Takorp» қаржы пирамидасы. Тергеу барысында күдіктілердің криптовалютасына 32 мың АҚШ долларынан астам көлемде тыйым салынды. Сот шешімімен «М» деген азамат Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

– Азаматтардың құқықтарын қорғау прокуратура қызметінің негізгі бағытының бірі. Осы саладағы ең маңызды нәтижелерге тоқталсаңыз…

– Әр арыздың артында адам тағдыры тұрады. Ал, тағдырдың үлкен-кішісі болмайды. Сондықтан, әр іске жауапкершілікпен қарап, нақты нәтижеге жұмыс істеу – біздің міндетіміз. Десек те, күрделі істерді қадағалау күнделікті жұмыс дағдысына айналған прокурорлардың араласуымен қаралған – «Э-Ф» микроқаржы ұйымына қатысты жағдайды айта кетейік.
Тексеру барысында аталған ұйымның қарыз алушылардың берешегін ұлғайту үшін заңсыз әрекеттер жасағаны анықталды. Ұйым қызметкерлері несие шарттарын рәсімдеу кезінде несиенің мақсатты тағайындалуын әдейі өзгертіп көрсеткен. Осыны негізге алып, азаматтарға қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны үшін негізсіз айыппұл есептеген. Соның салдарынан азаматтардың қарызы бірнеше есе өсіп, берешекті өндіріп алу талаптары аффилиирленген арбитраждарға жолданған. Бұл заңсыз жүйеден 4 мыңнан астам азамат зардап шегіп, оларға шамамен 5 млрд теңге көлемінде негізсіз берешек есептелген. Осы қылмыс­тық іс бойынша 596 адам жәбірленуші деп танылды. Үш күдікті анықталды. Оның біреуі қамауда, екі адамға іздеу жарияланды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, іс материалдары заң талаптарына сәйкес әрі қарай процессуалдық шешім қабылдау үшін дайындалуда.

– Соңғы жылдары ауыл тұрғындарын алаңдатқан мәселенің бірі – жайылым тапшылығы. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан «Қолжетімді жер» жобасының нәтижесі қандай?

– Жер – халықтың жаны. Тарих беттерін парақтасаңыз, тыныш жатқан елдегі талас пен тартыстың көбі осы жерге байланысты туындаған. Сондықтан, жерге байланысты түсінбеушіліктерге жол бермеу, жерді күтуді, жерді қадірлеуді басты назарда ұстау керек. Ауыл тұрғындары үшін жайылымның жеткілікті болуы – тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін мәселе. Осыған байланысты, прокуратура тарапынан қолға алынған «Қолжетімді жер» жобасы аясында ұзақ уақыт пайдаланылмаған және заң талаптарына сай игерілмеген жер учаскелері анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылуда. Соның арқасында өңірде жайылым тапшылығы шамамен он есеге дейін қысқарды. Бұл тұрғындардың малын ауыл маңында жаюға мүмкіндік беріп, олардың күнделікті мәселесін шешуге ықпал етті.

– Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті экономиканың негізгі қозғаушы күші ретінде атап келеді. Бизнестің заңды құқықтарын қорғау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Расында тек қазба байлыққа сеніп, күн кешудің ауылы келмеске кетті.
Өркениетті елдердің бәрі шағын және орта кәсіпке арқа сүйейді. Себебі, отандық өндіріс, кәсіпкерлік дамымайынша, экономикада тұрақтылық та, өсім де болмайды. Сондықтан, бизнестің заңды мүддесін қорғау – прокуратура қызметіндегі маңызды бағыттың біріне айналған. Прокуратура кәсіпкерге кедергі келтіретін заңсыз әрекеттердің жолын кесу, мемлекеттік органдар тарапынан заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Тек биылғы жылдың өзінде прокуратураның араласуымен 6 мыңға жуық кәсіпкердің құқығы қорғалған.
Мысалы, мораторий кезеңінде ауыз су тарифтерін негізсіз көтеруге жол берілмеді. Мұндай шешім қабылданған жағдайда оның салмағы ең алдымен кәсіпкерлерге және түпкі нәтижесінде тұтынушыларға түсетін еді. Сонымен қатар, тұрғын үй сертификатын алуға құқығы бар азаматтардың тізімін кеңейту бойынша қадағалау шаралары қабылданды. Нәтижесінде 4 мыңнан астам азаматтың тұрғын үй құқықтарын қорғауға мүмкіндік туды.

– Мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуы – қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Осы бағытта қандай нәтижелерге қол жеткізілді?

– Бюджеттің әр теңгесі – халықтың қаржысы. Ал халыққа бөлінген қаржы мақсатсыз жұмсалмауы керек. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деп, заңды белден басуға жол берілмейді. «Бюджеттік сүзгі» жобасының да негізгі көздегені – осы. Оның ерекшелігі – заң бұзушылық орын алмай тұрып, тиімсіз шығындардың жолын кесуге бағытталған. Жоба іске қосылғалы прокуратура 28 млрд теңгеге жуық қазына қаржысының негізсіз жұмсалуына жол бермеді. Бұл қаражат халыққа қажетті әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бағытталуы тиіс. Бүгінде мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына бақылау күшейтілді.

– Табиғи ресурстарды қорғау да маңыз­ды бағыттың бірі. Бұл салада қандай заң бұзушылықтар анықталды?

– Прокуратура табиғатты қорғау заңнамасының сақталуына тұрақты талдау жүргізіп, заң бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу бойынша шаралар қабылдап келеді. Айталық, Қарағанды облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактілерін анықтап, құқық бұзушылыққа жол бермеді.
Облыста кәсіпорындардың бірі төрт жыл бойы темір рудасын лицензиясыз өндіріп, оны шетелге шығарғаны анықталды. Нәтижесінде мемлекетке 2 млрд теңгеден астам шығын келтірілген. Осы заңсыз әрекетімен табиғатқа да, елге де орасан шығын келтірген үш күдікті қамауға алынып, 360 млн теңгеден астам мүлікке тыйым салынды. Істі қараған Қарағанды облысының Шет аудандық соты үш сотталушыны жер қойнауын заңсыз пайдаланғаны үшін кінәлі деп тауып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Табиғат – біздің келер ұрпаққа аманат етер байлығымыз. Сондықтан, оны жеке мүддесі үшін пайдаланатындарға тегеурінді тосқауыл қойылуы керек.

– Балалардың қауіпсіздігі – кез келген қоғамның басты көрсеткіші. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Балалар – біздің болашағымыз. Мемлекеттегі ең игілікті, ең ізгі істің барлығы балалар үшін жасалады. Прокуратураның жұмысы да балаларға қарсы іс-әрекеттердің алдын алып, ұл-қызымыздың қауіпсіздігін сақтауға бағытталған. Әсіресе, жасөспірімдердің өмірдің қызығын көрмей жатып, өз-өзіне қол жұмсауға, өз еркімен өмірден қоштасуға ұмтылуы үлкен қасірет.
Осыған орай, облыста «Суицидсіз балалық шақ» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның басты ерекшелігі – мәселені салдарымен емес, себебімен күресуінде. Біз баланың психологиялық жағдайын ерте анықтауға, қиын жағдайға тап болған жасөспірімдерге уақытылы көмек көрсетуге басымдық беріп отырмыз. Бұл жұмыс «Мектеп – ата-ана – прокуратура» үштігі негізінде жүргізіледі.
Жоба аясында психологтар, конфликтологтар және медиаторлар бірлесіп, балалармен жеке жұмыстар ұйымдастырады. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде облыста кәмелетке толмағандар арасындағы суицид жағдайлары 50 пайыз­ға, ал, суицид жасау әрекеттері 55 пайызға төмендеді.
Бүгінде балаларды интернет тәрбиелеп жатқаны өтірік емес. Жасөспірімнің көпшілігі өзіне қажетті ақпаратты да, жылылықты да, ақыл-кеңесті де осы интернеттен алады. Интернетке байланған балалар шынайы өмірден сырт қалған. Олардың көпшілігіне жақындарынан гөрі әлеуметтік желі қымбат. Ал, бұл кеңістікте қауіп аз емес. Сондықтан, жасөспірімдерге кері әсер ететін зиянды контенттерді анықтау және олардың таралуына жол бермеу бағытындағы жұмыс тоқтамауы керек.

– Денсаулық сақтау саласында азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Әр азаматтың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуға құқығы бар. Осы мақсатта облыста «Қолжетімді медицина» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар шара қабылданды.
Соның бірі – емханаларда енгізілген «Онлайн-кезек» цифрлық жүйесі. Бұл механизм азаматтарға алдын ала қашықтан кезекке тұруға, қабылдау уақытын жоспарлауға және медициналық қызметті тиімді алуға мүмкіндік береді. Қазір бұл жүйе Қарағанды қаласындағы №15, №2, №4 емханаларда және Студенттік емханада пилоттық режимде жұмыс істеуде. Азаматтар DamuMed қосымшасы арқылы онлайн кезекке тұра алады. Қазіргі уақытта аталған тетікті қаланың басқа емханаларында енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі заңдылықтың сақталуы да тұрақты бақылауда. Прокуратура тексеруі барысында МӘМС аясында тегін көрсетілуі тиіс медициналық қызметтер үшін азаматтардан заңсыз қаражат алу фактілері анықталды. Атап айтқанда, жүктілікті жасанды үзу қызметі бойынша үш жыл ішінде прокуратураның ықпалымен 7 млн теңге азаматтарға қайтарылды. Әр адам үшін денсаулығынан бағалы ештеңе жоқ. Соны пайдаланып, табыс тапқысы келетіндер аз емес. Прокуратураның араласуымен көптеген заңсыздықтардың жолы кесілді. Бұл халықтың денсаулық сақтау саласына ғана емес, ертеңіне деген сенімін нығайту үшін керек.

– Қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қауіп төндіретін бағыттардың бірі – есірткі қылмысы. Бұл мәселе бойынша қандай шаралар қабылдануда?

– Есірткі – әлеуметтік мәселе. Оның зардабы тұтас отбасының өміріне әсер етеді. Бұл бағыттағы күрес кешенді түрде жүргізілуі қажет. Биыл облыста екі жасырын есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды. Бұл есірткі заттарын дайындау және тарату арналарына тосқауыл қоюға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, есірткінің таралуына қарсы цифрлық кеңістіктегі жұмыстар күшейтілді. Есірткіні насихаттайтын немесе таратуға бағытталған интернет-ресурстар анықталып, бұғатталып келеді.
Бүгінде есірткі тасумен, сатумен айналысып, істі болғандардың көпшілігі – өрімдей жастар. Өз өміріне өшпес таңба салған осы жастардың бәрі заңды білмедік, жаңылдық, жаздық деп ақталуға тырысып жатады. Заңды білмеу жазадан құтқармайды. Біз осыны білім ордаларында өткен кездесулерде балалардың санасына жеткізуге тырысамыз. Өте жоғары табыстың артында теріс пиғылдың, заңсыз­дықтың тұратыны талассыз. Жастар соны түсінсе, оң мен солды таразылауға үйренсе дейміз.
Жастардың құқықтық сауаты жоғары болса, қоғамдағы заңдылық та нығая түседі. Сондықтан, жас буынмен жұмыс – біздің ұзақ мерзімді басымдықтарымыздың бірі. Осы мақсатта мектеп оқушылары мен студенттердің қатысуымен көшпелі сот отырыстары, құқықтық дәрістер және түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып келеді. Мұндай іс-шаралар жастарға заңның қалай жұмыс істейтінін, құқық бұзушылықтың салдары қандай болатынын түсінуге мүмкіндік береді. Біз жастарға тек тыйым салу арқылы емес, құқықтық мәдениетін қалыптастыру арқылы әсер етуіміз керек. Осы ретте «Құқықтық тәртіп әліппесі» жобасының көмегі көп.

– Әңгімеміздің соңында облыс тұрғындарына айтар тілегіңізді білсек…

– «Заң қатал, бірақ бұл – заң» деген ежелгі римдік тәмсіл бар. Заңды құрметтеу, өз құқығыңды білу, қоғамдық тәртіпті сақтау – қауіпсіз әрі әділетті мемлекет қалыптастырудың негізгі шарты. «Заң мен тәртіп» қағидаты құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамға ортақ құндылық. Сондықтан, өңіріміздің барлық азаматтарын «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстануға шақырамыз.
Прокуратура өз тарапынан азаматтардың құқығын қорғау, заңсыздықтың алдын алу және қоғамның сенімін нығайту бағытындағы жұмысын жалғастыра береді. Тұрақты әрі қауіпсіз болашақ тек мемлекеттік органдар мен азаматтардың бірлескен әрекеті арқылы қалыптасатынын ұмытпаған жөн.
– Уақыт бөліп, тұшымды әңгіме өрбіткеніңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button