Өндірістің қуаты тек шығарылған өнімнің көлемімен өлшенбейді. Оның басты көрсеткіштерінің бірі – еңбек адамының амандығы мен жұмыс орнының қауіпсіздігі. Әсіресе, металлургия мен көмір өндірісі қатар дамыған кеншілер өлкесінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтау айрықша маңызға ие. Осы мәселе облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты қаралды. Жиында кәсіпорындарды тексеру қорытындылары сараланып, өндірістік тәуекелдерді азайту жолдары талқыланды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаевтың мәліметінше, жыл басынан бері мамандар 69 тексеру жүргізіп, үш мыңнан астам нысанның жағдайын зерделеген. Тексеру нәтижесінде анықталған олқылықтарды жою, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз ету және ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылданған.
Кеңесте ірі кәсіпорындар мен кеніштердің басшылары өндірісті жаңғырту, ескірген жабдықтарды ауыстыру және заманауи бақылау жүйелерін енгізу бағытындағы жұмыстары туралы баяндады.
Соның ішінде, «Qarmet» кәсіпорнында кешенді техникалық қайта жарақтандыру бағдарламасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Металлургиялық комбинатта вагон аударғыштар мен қож тасымалдайтын вагондар паркі жаңартылып, өндірістегі шаңды басуға арналған заманауи жүйелер енгізілуде. Сондай-ақ, жаңа кокс батареяларын, сұрыпты илемдеу кешенін, ыстықтай мырыштау және полимерлі жабындар цехын салу жұмыстары жүргізілуде.

Кәсіпорынды газдандыру да негізгі жобалардың біріне айналған. Өткен жылы домна пештері толықтай табиғи газға көшірілді. Бұл технологиялық үдерістердің тиімділігін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, өндірістік ғимараттар мен инженерлік желілер жаңғыртылып, қаңылтыр илемдеу цехының шатырына күрделі жөндеу жүргізілуде.
«Karaganda Komir» кеніштерінде де техникалық жарақтандыру жұмыстары қарқын алған. Жыл басынан бері кәсіпорын шамамен 500 бірлік жаңа техника сатып алған. Олардың қатарында қазу комбайндары, электровоздар мен конвейерлік жүйелер бар.
Көмір өндірісінде цифрлық бақылауға да басымдық берілуде. Тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік-талдау орталығы шахталардағы ахуалды, оның ішінде метан мөлшерін үздіксіз бақылауда ұстайды. Ал, кеншілерді төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылға даярлау үшін виртуалды шындық технологиясына негізделген VR-тренажерлар қолданылуда. Мұндай жаттығулар жұмысшылардың қауіпті жағдайда дұрыс әрі жедел шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі өнеркәсіптік қауіпсіздік тек есеп пен құжат жүзінде орындалатын талап болмауға тиіс екенін атап өтті. Бұл бағытта тұрақты профилактикалық жұмыс жүргізіліп, ықтимал қауіп-қатерлер дер кезінде анықталуы қажет.
– Ең алдымен, бұл – сіздердің жауапкершілік аймақтарыңыз! Өндірістегі қауіпсіздік талаптары формалды есеппен шектелмеуі тиіс. Әрбір анықталған кемшілік дер кезінде жойылып, тәуекелдің алдын алу нақты іс-шаралармен бекітілуге тиіс. Бұл ретте кәсіпорын басшылары жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына тікелей жауапты екенін естен шығармауы қажет. Өйткені, қауіпсіздікке салынған инвестиция – өндірістің тұрақтылығына және адам өмірін қорғауға бағытталған ең маңызды қадам, – деді Ермағанбет Бөлекпаев кәсіпорын басшыларына.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



