Бәсекелестік басылымға зардабын тигізбей ме?

Әуелден мемлекеттік тапсырысқа иек артқан газеттер, оның ішінде аудандық деңгейде шығатын басылымдар нарықтық қатынасқа ілесіп кете алды деп айта алмаймыз. Оның үстіне шағын аудан болғаннан кейін, «жарнама тартып, ақша тап» деу де қисынға келмесі анық. «Шығу үшін шыққан газеттерді» бертінге дейін жергілікті жердің билігі сүйреп келді де, кейінгі жылдары жекеменшік кәсіпкерге сатты да жіберді. Сатқанда, пайда табуды ғана көздеп, шығармашылықтан бейхабар, онсыз да күнін әзер көріп отырған газетті табыс көзі ретінде ғана қарайтын біреу келсе, газеттің «өлгені» сонда болмақ емес пе?! Құдай қаққанда, аймақтағы аудандық газеттердің әлі де көрер жарығы бар екен. «Ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында» кеткен жоқ. Тіпті, бұрынғыдан да түрленіп, заманға сай дизайны ғана емес, мазмұндық жағынан да өзгерді. Оған бағаны біз емес, газет шығып тұрған аудан тұрғындарының өзі берері анық. «Сатылғаннан газет не жамандық көрді?» дейміз ғой, баяғы. Бірақ, біз білмейтін тұстары да көп екен…


«МЕН БРЕНД САТЫП АЛДЫМ»

Қарқаралы, Осакаров және Абай аудандық газеттерінің бүгінгі иесі – Құрманғазы Өтебай осылай дейді. Сөзінің жаны бар. Себебі, үш газет те кеше ғана ашылған емес, ғасырға жуық тарихы бар. Іздеген жан аудан тарихы жайлы ақтарып берсе, осы газеттердің беттерінен табады. Демек, газеттің одан әрі түрленіп, заманға сай жұмыс жасауына кәсіпкердің өзі мүдделі. Жабылып қалса – өзіне сын. Сәйкесінше, баспасөз заманға сай түрленіп, жұмысы жанданып жүре берді. Тіпті, форматын өзгертіп, оқырманға оқуға ыңғайлы болуы үшін Д2 форматына ауысқан. Оның үстіне, бірқатар ақпараттық қана емес, тарихи дүниелер, сараптамалық материалдар басуды тәжірибеге енгізуде. Яғни, газеттің мазмұнына ден қойылды. Бірақ, қаражат – қолбайлау. Тағы да төтеден келіп қосылған «Новый Вестник» «Абай-ақиқатты» өкпеден қысты.

Әуелде мен де, «Новый Вестник» газеті де «Абай-ақиқатқа» қатысты шығармашылық жобамызды ұсынғанда, байқаудан алдымызға жан салмағанымыз рас. Бірақ, таралымы жағынан да, әлеуметтік желідегі жазылушылары жағынан да біз аталған басылыммен бәсекелесе алмадық. Сол себепті, мемлекеттік тапсырыс бойынша біраз қаражаттан қағылып қалдық, тіпті, бірнеше ай қатарынан өз қаражатыммен шығаруға тура келді. Соған қарамастан, газеттің бір де бір номері шықпай қалған емес, – дейді Құрманғазы Өтебай.

БІР АУДАНҒА – ЕКІ ГАЗЕТ

Бүгінде Осакаров ауданында «Сельский тружениктен» басқа Sarybel.kz атты жекеменшік газет болса, Нұра ауданында да осы жағдай. Бұрынғы «Нұра» газетімен қатар, «Нұра таңы» газеті да шығып тұр. Жыл басынан жұмысын бастаған газет редакторлары мемлекеттік тапсырысқа қарап қалмай, басқа да табыс көздерін қарастырудамыз дейді.

«Заманның талабына сай, табыс табудың жан-жақты көздерін қарастырдық. «Нұра» газетінің тоқсан жылдық тарихы болуына байланысты, әлбетте, мемлекеттік тапсырыс кезінде оларға басымдық беріледі. Бірақ, солай екен деп, біз де қарап қалып жатқан жоқпыз. Ауыл тақырыбына байланысты бірқатар айдарлар енгіздік. Негізінен, еңбек адамының келбетін көрсетуге тырысамыз. Біз аудандық деңгейдегі газет болғандықтан, Нұра ауданындағы жаңалықтарды қамтимыз» дейді «Нұра таңы» газетінің бас директоры Тазагүл Пішенбаева.

Ал, Sarybel.kz газетінің бас редакторы бір ауданда екі газеттің болуы – бәсекелестікті арттырады дейді.

Осакаров ауданы әкімдігі тарапынан «жаңадан ашылған газет» деп қысым көрсетіп отырған жоқ. Керісінше, екі газетке де бірдей басымдық беріп, бірлесе жұмыс істеуге шақыруда. Әрине, әр басылымның өзіндік ұстанымы болады. Біз, көбінесе сараптама немесе танымдық дүниелерге қарағанда, аудандағы жаңалықтарға басымдық беруге тырысамыз. Қалай болғанда да нарық заманы. Сондықтан, мемлекеттік тапсырыстан бөлек, өзге де қызмет түрлерін ұсынуға тырысып жатырмыз, – дейді Гүлбаршын Аманбаева.

Аталған екі ауданнан шығатын газеттерге төтеден келіп, килігетін ешкім болмаса да, ортақ қазанға салынатын қасық саны көбейген сайын, ауызға ілігетіні де азая түсетіні айтпаса да түсінікті.

АДАЛ БӘСЕКЕЛЕСТІК ҚАНА ДАМУҒА ӘКЕЛЕДІ

Осыдан біраз жыл бұрын аудандық газетке қатысты шу Қарқаралы ауданының 90 жылдық тарихы бар басылымында шыққан еді. Қарқаралы ауданы ішкі саясат бөлімінің ақпараттық саясатқа қатысты жариялаған ашық конкурсында жеңіліп қалып, тендер басқаға бұйырып кете барған. Бірнеше миллионды қалтасына басқан қарағандылық «Новый Вестникті» «Жосықсыз өнім беруші» деп танып, қаржы да қайтқан болатын. Бірақ, беті қайтпаған «Новый Вестник» әлі де аудандық газеттердің қазанына ортақтасудан тыйылар емес. Бұл басқа әңгіме…

Бірақ, қалай айналдырса да, мерзімдік басылымдардың жұмысын жетілдіріп, нарық жағдайында жұмыс істеуі – аса маңызды. Жалаң ұран, ескірген дизайндағы газеттер келмеске кетсе керек-ті. Солай десек те, ақша табамын деп, тарихты да ұмытпаған абзал. Қалай болғанда да, ғасырға жуық тарихы бар газеттердің сол аудан тұрғындарына еткен еңбегін жоққа шығару, бүкіл ауданды жоққа шығарумен пара-пар емес пе?! Аудан әкімдігі де осыны ескеріп, мемлекеттік саясатты жүргізіп отырған газеттерге оң көзбен қараса, тарихы бар қарт газеті де, жаңадан ашылғаны да өз миссиясын дұрыс орындамас па еді?! Бәсекелестіктің болғаны жақсы. Бірақ, бәсекелесеміз деп, бітіспес жауға айналып кетсе, газеттің халі не болмақ?!

Салтанат ІЛИЯШ.