Жаңалықтар

Қашықтықтан оқыту: тараптар пікірлері

Биылғы оқу жылының IV тоқсаны басталғанына да жиырма күннен асып барады. Бұл кезеңнің басқа тоқсандардан ерекшелігі – төтенше жағдайға байлынысты қашықтықтан оқыту жүйесіне көшкенімізде. Бұл біз бастапқыда ойлағандай, оңайға соғар іс емес екен. Өзіндік қиындықтарының бар екендігі оқудың алғашқы аптасында-ақ бой көрсетті. Аталған тақырып аясындағы жазбамыз біржақты болмауы үшін әр тараптың пікірін ұсынуды назардан тыс қалдырмадық…

«Бірінші күннің негізгі қорытындысына тоқталғым келеді. Оңай болмаса да, қашықтықтан оқу форматына толық көшіп, бастадық. 3,2 млн. Оқушы әртүрлі бағыт бойынша оқуын бастады. Кейбіреуі интернет арқылы, кейбіреуі теледидар арқылы оқуды бастады. Интернет бойынша бірнеше интернет-платформалар арқылы жұмыс жүргізілді», – деп жазды тоқсан басында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Осы орайда, ата-аналардың басым бөлігі сабақ кестесінің нақтыланбағанын, тіпті, оның атымен жоқ екендігіне көңіл аударған еді. Бұған қатысты министр былайша жауап берген болатын: «Қазіргі жүйе – онлайн оқыту емес, қашықтықтан оқыту. Мысалы, онлайн режимінде мұғалім барлық оқушыны бір жүйеге қосып, тікелей байланыспен сабақ өткізсе, онда нақты бір сабақ кестесі болатын еді. Бірақ, қазіргі формат басқаша, қашықтықтан оқыту интернет пен теледидар арқылы жүргізіледі. Ондайда нақты бір сабақ кестесінің қажеттілігі жоқ».

Демек, біз алдымен онлайн оқыту мен қашықтықтан оқытудың айырмашылығын пайымдап алуымыз керек. Онлайн оқыту үлгісінде ұстаз бір мезгілде белгілі бір платформада сыныптағы 25 баланың барлығымен сабақ өткізеді. Ал, біз үшін қазіргі оңтайлы мүмкіндік – қашықтықтан оқыту. бұл – мұғалім бір уақытта барлық балаға тапсырмаларды жібергенімен, оқушылар оны бір мезгілде орындамайтынын білдіреді.

– Бұл жүйенің өзіне тән артықшылығы мен кемшілігі бар. Артықшылығы – оқушы өздігімен жұмыс істеуді үйренеді. Тапсырманы орындауға уақыты жеткілікті болады. Интер неттегі түрлі платформаларда жұмыс жасау дағдысы қалыптасады», – дейді Қарағандыдағы Ә.бөкейхан атындағы №76 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Жібек Кәкімова.

– Ал, кемшілігі – көп тапсырмалардың игерілмеуі. Бала ағзасына интернетте шұқшиып көп отыруының кері әсерін де ұмытпауымыз керек. Сондай-ақ, біздегі интернет провайдерлерінің жылдамдығын да ескерген жөн.

Менің қызым Жанайым Мұхамедия – осы Жібек апайдың оқушысы. Тараптар көзқарасы ретінде оның да пікірін айналып өтпегеніміз дұрыс болар. «Мектепке барып оқыған жақсы. Мұғалімнің айтып тұрғанын көзбен көріп, құлақпен естігенде оны түсіну және қабылдау –  оңай. Достарыңмен ойнап жүріп, оқыған сабаққа жетері жоқ», – дейді ол. Енді, барынша бейтарап ұстаныммен ата-аналар пікіріне де кезек беріп көрелік. «Қашықтықтан білім беру басталғанда дүдәмал ойларға бой алдырғаным рас. Өз басыма осы тәсілмен 4 баланы  оқыту – тым қиындау. Мектепте, ұстаздың алдында оқудың өз басымдықтары бар, айталық, мұғалім баланың қателігін бірден түзей алады. Әр баланың қабілет-қарымы әртүрлі. Сол үшін оқушы мен мұғалім арасындағы тығыз байланыстың үзілмеуін қолдаймын». Бұл – төрт баласы облыс орталығындағы №36 орта мектепте оқитын Айжан Мәмбетназарованың жеке пікірі.

Міне, қашықтықтан оқыту жайлы тараптардың ой-пікірлері – осындай. Көпшілікті мектеп жасындағы балғындарға ноутбук пен гаджеттің жетіспеуі, бір-екі бөлмелі пәтерде тұратын көпбалалы отбасыларда балалардың бір-біріне кедергі келтіруі сынды қиыншылықтардың да кездесетінін де айтуымыз керек. Ал, бұл жайлы сіз не ойлайсыз, оқырман?

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button