Поэзия

Қара өлең. Қара теңіз. Қара бағым…

Қара өлең. Қара теңіз. Қара бағым…

(Түрікнама)

Дүйсен Қасейіновке

Қасиетін Алланың терең ұғып,

білмеп ем,

Тазартатын кез жетті жан мен

тәнді кірлеген.

Жүніс Әміре (1238-1320 ж.ж.)

Адыра қалған заманның,

Мен жаратпаймын сүреңін…

Мұрат жырау (1843-1906)

1

Қарамай алағай мен бұлағайға,

Жеткізген жер иесі ұлы Абайға;

Түріктің түп тамыры Түркістан ғой,

(Хас Сақтың қанын құйып тұла бойға).

Алланың құйылады нұры кеп құр;

Аймалап Жерортадан* жылы леп бір,

Түркия!

Арқасына Аруақ қонған

Өзіңе Түркістанның ұлы кеп тұр!

Көшінің қонған жері жыр-аңыз деп,

Ат басын соған қашан бұрамыз деп,

Егіліп Мағжан өтті “Елім-ай”-лап,

Тарихтың көмбесінен Тұранды іздеп.

Ата жұрт

Жерін ойлап, елін ойлап,

Бекем бір ел болуға белін байлап,

Алаштың жыры атам заманыңнан

Келеді керуен тартып “Елім-ай”-лап!

Қырындап қызға, мейлі, сері болып,

Теңізге жырыңды төк тебіреніп;

Өлеңге “Елім-ай”-дың сарыны жоқ,

Өмірі егілмейді ел еміреніп.

Аларған ата жауға шегіп айбат,

Азалы жерін ойлап, елін ойлап,

Түркия!

Түркістаннан мен де келдім:

Түңілігі желбіреген елім-ай!”-лап…

Аластап Алашыңның алаң күнін,

Иыққа тік көтерген заман жүгін,

Бауырым, арып, аңсап дидарыңды,

Мен келдім Ата жұрттан саған бүгін.

Паш етіп ұлдарыңның дүр екенін,

Көтертпей қыздарыңның бір етегін;

Түркия!

Төрткүл мына дүниеге,

Түріктің Сен көрсеттің кім екенін!

Өзіңсің жылытатын тоңса қолым,

Сенде екен қанша іздесем, сонша –

жоғым,

Өріне Өркениет шықтың самғап,

(Өзгеше бір ниеті болса да оның…)

Әрі асқақ, әрі жұмбақ, әрі әдемі,

Қазақтың жан-жүйесі, бар әлемі,

Құрлықтан сүңгіп Қара теңізіңе,

Келіп тұр қазағыңның қара өлеңі…

Қараорман – қара жұртым!

Қаралы елім!

Халқыммен қоса туған қара өлеңім!

Сенімен арсы менен гүрсіге ұшып,

Аспаннан Алашыма қарап едім;

Сен менің көзімдегі қарам едің,

Мен қашан ақылы алтау араб едім?

Табынып жүрген кезде олар пұтқа,

Көз ілмей Көк Тәңірге қарап едім!

Тұлымын Көк Бөрінің қасиеттеп,

Бұрымын Қыз Жібектің тарап едім…

Түркімен,

Өзбек,

Оғыз –

Дара бәрі,

Қазағы –

Қайтпайтұғын қара нары;

Көрінен атып шығып “Көроғлы”*

Түріктің күллі жұртын аралады.

*”Көроғлы” – түрік ұлыстарының эпосы

Туғанда қазақ әнге салып келді,–

Халқымыз–Жырға,

Жыр да халыққа ерді.

Өлеңді –

Көроғлыдан” бастап Түрік,

Алашты Абайына алып келді!

Көненің көзі болған “Көроғлы”,

Не ұлы бұл жалғанда,

Өлең ұлы!

… Түріктің қай жерінде жүрсем-дағы,

Күңіреніп құлағыма келеді үні…

2

Іргесі бір-бірімен қатар қонған,

Гоморра-Содам* деген шаһар болған.

Адамның көріп сонан азғындығын,

Бір күні Алла қатты қаһарланған.

Алланың хикметін сезіп өлмей,

Не болды кісіліктен безінердей;

Албасты басқан мынау қандай ұлыс,

Алтыннан басқа түкті көзі көрмей?!

Байлықты кететіндей көріне алып,

Ит болды ертедегі бөрі халық:

Шенунік, шенділері шылқып алды,

Халықтың қазынасын бөліп алып!

Әлсізін күштілері алып соғып,

Қарақшы қазынаға қарық болып;

Ойнақтап ойнас шықты от басына,

Махаббат деген ұғым тәрк болып!

Көзін де салмай, тіпті, көшеліге,

Өр ұлын нысана ғып өсегіне;

Әйелмен әйел сонда әуейі боп,

Еркекті сүйрейді еркек төсегіне!

Аштықтан азалы елі далада ұшып,

Күптей боп көзі-басы барды ісіп;

Бай-бағлан мас боп жатты,

Саф алтыннан –

Құйылған саптаяқтан шарап ішіп!

Болмас-ау, адамзаттың қоры мұнан,

Сайтан да шошыйтұғын порымынан,

Бұл елді бір-ақ күнде жоқ қылды Алла!

(… Біз соның өсіп шықтық орынынан!).

О да бізше бүлініп, былығады,

Байлық пенен мансапқа құнығады.

Биттей өріп,

Иттейін ылығады;

Құтырады,

Құлайды құрып әлі;

Арам шөптей арамы қаулай түсіп,

Баудай түсіп… адалы қырылады;

Қаралы ұлттай қараша аштан қатып,

Қара құрттай қаптайды ұрылары…

Адамзат азған соң күннің күні,

Ашуына Алланың ұрынады:

«Нұх Пайғамбар!

Кел, маған бұр бетіңді?

Көрсетейін өзіңе құрметімді:

Күнәдан пәк – Сен ғана!

Топан судан

Аман алып қал – деді Ол – үмбетіңді!».

… Сол кемеге сыйған жұрт аз-ақ болған,

Қалғандары Тәңіріне мазақ болған!

Сол кемеде, меніңше, үш жүз емес,

Бары-жоғы екі-үш-ақ қазақ болған…

Орман болмай, қайдағы біреу болмай,

Қазақ болған,

О, қандай ғажап болған?!

Алла бізді жебеп-ақ келеді алдан,

Фәни – мәңгі!

Уақытша неге жалған?!

Атырау-Арқа-Алатау-Алтайыңа

Дейін бел мен белесі белең алған,

“Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол әулие болмаса неге қалған?!”

Сол кемеден жаһанға қарап еді,

Ғалам жатты тербеліп, қаралы өңі.

Қолында оның түгі жоқ болса дағы,

Керінеді кеудесін қара өлеңі!

Қасиетті қанынан танып текті ,

Тәңірінен оған бір шалық кепті;

Кеудесінен қара өлең ұшып шығып,

Қара аспанға көтеріп,

Алып кетті…

Сол қазақтан шыққан соң Түрік елі,

Қиясында Алтайдың жүріп еді!

… Тамырлары үзілген… күннің күні,

Алашымен қайтсе де кірігеді…

3

Жеткен түу замандардан құлаққа үні,

(Ұқпайды бізден басқа ел, бірақ, мұны):

Қазақтың өмірі мен өнерінің

Әлқисса” –

Әу бастағы құлақ күйі!

Хас Сақтан Үйсін, Арғын, Адай болған,

Алладан ақ жаныма арай қонған;

Алашым адамзаттан тумаса асып,

Алтайдан –

Атырауға қалай қонған?!

Дүниең көмескі боп менен қалған,

Көзімнің алдында ылғи көнем болған;

Көңілім көкжиектей түпсіз, шексіз,

Өмірім – өмір емес…

Өлең болған!

Жүргем жоқ соқа тартып, үйді айналып,

Қанатым Хан-Тәңірге тимей қалып,

Ұштым мен Алатаудан Атырауға,

Кеттім мен әнге айналып,

Күйге айналып!

Жеткен түу замандардан құлаққа үні,

(Ұқпайды бізден басқа ел, бірақ, мұны):

Қазақтың өмірі мен өнерінің

Әлқисса” –

Әу бастағы құлақ күйі!

Қанатты Күннен шалдым,

Айдан шалдым,

Біржан сал

Құшағымды жайған салмын;

Базарың құтты болсын, ардақты елім!”-

Дедім де аспаныңда сайран салдым!

Жетектеп елдің қамын жейтін ерге,

Күлтегін, Хан Кене мен Кейкілерге,

Әлқисса”,

Сенсің Мені алып келген,

Эпостан

Эпопея Дейтін Елге!

Алла да алдына ылғи алды-ау, мені,

Дүние

Тұрандайын самғау ма еді?

Әлқисса”

Қазағымның құлақ күйі,

Нұрғиса

Базарымның бал дәурені!

4

Алатаудың өрінде қырғыз-қазақ,

Құралайды иіріп, құндыз қамап;

Бір-бірінің Айдай ақ маңдайына,

Жырыменен күн сайын жұлдыз тағады.

Қара өлеңі қара бір құйындай боп,

Алашына Алланың сыйындай боп,

(Маңдайында «Манастай» эпосы бар,

Қырғыз қарық болып тұр —

Сүйінбай кеп…)

Кеу-кеулеген қалың бір бай-манап кеп,

Қатағанды шығарды қаумалап кеп;

Осы жолы қазақ бір омақа асып,

Қырғыз озып, қайтсе де бәйгі алад деп.

Бай мен манап –

Малымен аты шығар,

Мойынында халқының қаһысы бар;

(Меніңше, осы Қатаған шәйіріңнің

Осыларман бірдеңе шатысы бар?!).

Байды мақтап, мыңғырған малды мақтап,

Жөнелгенде Қатаған сандырақтап;

Кесіп алып Сүйінбай оның басын,

Манасының отына алды қақтап!

Ақын сонда қарамай бай мен малға,

Бес қаруын бекем бір сайланғанда;

Төмен қарап, теңселді қырғыз халқы,

Алатауды қырандай айналғанда!

Сүйінбайым аспанда арындайды,

Арындайды,

Жоқты іздеп, сарылмайды.

Сұраншыдай сұрапыл батыры бар,

Қайдағы бір қайтеді Қарынбайды?!

Адам ит пе жемтік деп өтер ұлып?!

Алаш-Ақын аузынан от өріліп,

Төмен қарап бай-манап төменшіктеп,

Кедейінің кеудесі көтеріліп!

… Содан қырғыз дүниеге қайта келді,

Ғаламатын халқының қайта көрді;

Мағұмұрланып мына бір жалғанға кеп,

«Манас» Жырын күн-түні айта берді…

Айтқан сайын сол Жырды марқайып бір,

Һәм естіген сайын да шалқайып құр;

Дидарына Тәңірінің тіке қарап,

Жер бетінде бұ халық талтайып тұр!

Тізе қосып жақсының баласымен,

Сұм мен қудың өттік қой арасымен.

Сүйінбаймен мен елден биік тұрмын!

Қырғызың да асқақ тұр «Манасымен»!!!

Менің дағы біреумен шатысым көп,

Кетсе-дағы Шығысым Батысым боп;

Түбім қырғыз болғанмен, құдайақы

Қатағанға түк, тіпті, қатысым жоқ…

5

Муза-Ару аршынына ұшып еді,

Кеудесі ақша бұлтты құшып еді.

Алланың құдіретін адамзатта,

Молда емес,

Ақын ғана түсінеді!

Құлжада — алып жүрген жанын зорға,

Әсетті қоршап алып қалың молда:

«Сәждеге жығылмаған кәпір!»-дейді!

… Не десін мына тұрған залымдарға?!

Өлімді жерде молда семіреді,

Шағылды шыдамы, (ол бір темір еді);

Күледі қалың молда сық-сық етіп:

«Бұл шәйір шариғаттан не біледі?!»

«Ғұлама» дей ме мұны қара халық,

Намазға жығылған соң нар атанып?

… Құранды оқып, тоқып алған ақын,

Жасынан мұсылманша қара танып.

Жанына қойса да жұрт жара салып,

Түспейді биігінен аласарып:

Шымырлап кетті арқасы…

Ақын сонда

Шырқады домбырасын ала салып!

Жыр-Сұңқар көзін кермек жасқа малып,

Арсы мен гүрсіден де асты-ау, арып;

Қазақша сонда Құран сайрап кетті,

«Фатиха» сүресінен бастау алып.

Аршыға қарай қанат қақты қыран,

Құлжадан аспанына ақты қыран,

Хафиздей!

Алласының ғажайыбы

Алдында парақталып жатты Құран…

Қалың жұрт үйге сыймай, алқалаған,

Сығалап, жабықтан кеп анталаған:

… Алаштан кетті арабқа, есіл боздақ,

Алланың аманатын арқалаған!

Тер кетті самайынан тарамдалып,

Ел кетті Тәңірді іздеп,

Ғалам – қалып;

Талтүсте басталған жыр, ертеңіне

Таң ата тамылжып кеп,

Тәмамдалып…

Сол өлең Құлжадағы қырда қалған,

Эпоста –

Ел аузында,

Жырда қалған;

Қалықтап Тәңіріне қарай кетті,

… Қалғанын дүмше молда ұрлап алған!

Құлжада қалды сол жыр,

Жерде қалды,

Құлақта,

Белде қалды,

Елде қалды.

Айналып соққан дауыл, желде қалды,

Алланы танып Алаш –

Шерде қалды…

Дауысы өр Әсеттің сайға барды,

Сайдан да өтіп,

Тауға,

Айға барды.

Пушкиннен аударғаны жұртқа мәшхүр,

…Алладан аударғаны қайда қалды…

6

Алланың құйылады нұры кеп құр;

Аймалап Жерортадан* жылы леп бір,

Түркия!

Арқасына Аруақ қонған,

Өзіңе Түркістанның ұлы кеп тұр!

Сен –

Бүгін жүректегі қара дағым,

Ғаламға шырқап айтар қаралы әнім!

Қайтейін, басы – жауда, бағы – дауда,

Қап қойған қасіретті Қара Бағым*?!.

*Таулы Қарабах

Қазақтың Хакім Абай қара нары,

Бір қарыс Низамимен аралары;

Қараорман болса егер қалың түрік,

Сен –

Соның қалып қойған Қара Бағы!

Арқадан Қарабаққа шапқылап кеп,

Шашаңа қарақаттан қақ тұрад деп,

Жотаңа қанша қазақ із тастады,

“”Беріш”* деп,

Қашаған”* деп,

Ақ бұлақ”* деп?

***Таулы Қара Бақтағы

қазақша атаулар.

Түрікке “Көроғлы” боп тарай-тарай,

Көшіп ең қалған жұртқа қарайламай.

Сен –

Менің көзімдегі қарам ең ғой,

Талды ғой саған көзім қарай-қарай?

Атыңды Түрік деген халық қойған,*

Кәпір кеп саған талай салыпты ойран;

Алладан саған сауға сұрап тұрмын,

… Адамнан көңіл әбден қалып қойған…

Тұранның жері қайда, елі қайда,

Алтайы, асыр салған белі қайда?!

Төгіліп көзден жасым омырауға,

Егіліп салып келем “Елім-ай!”-ға…

7

Бекежандар жол тосқан Қособада,

Қоныс тойын жасады осы арада.

Секс келіп төсектен айдап шыққан

Махаббат тұр…

Боздап тұр босағада!

Базар болар бар ма құт мекен бізге?

Поэзия!

Дүние тар екен бізге.

Жүр ұшайық аспанға қол ұстасып,

Мына жақта орын жоқ екеумізге

Күн түспей тұр гүлге де, ағашқа – нұр,

Кел де пәле-жаладан аласта бір:

Кел ұшайық аспанға Алладан бір,

Қуат алып қайтайық Алашқа бұл.

Кел, ағызып құрғаған өзендерді,

Көрсетейік кезіне гөзелдерді.

Ана сүтін емгендей, Алашқа бұл

Абай рухын емізер кезең келді…

Өмір сүріп келеміз, өмір сүріп,

Бас та быт-шыт, жүректе, көңіл – сынық.

Өзімізді-өзіміз өлімші қып,

Өмір сүріп келеміз өмір сүріп.

Алдымыздан жарқ етіп, көрінші үміт….

8

Атырау-Арқа-Алатау, қайран, Алтай,

Жаһанды жалғыз өзі жайнатардай;

Тауы мен көлі, сайы, көк құрағы,

Тасты да, (ақын түгіл!) сайратардай;

… Біреу кеп осы жерге жатып алды.

Бауырына алтын басқан айдаһардай!

Бір жақтан бұ құбыжық қаңғып кепті,

Бір күні осындағы таң ғып көпті,–

Бауырына Алтын басқан Сол Айдаһар,

Манаурап жатты-дағы,

Қалғып кетті…

Кезі жоқ Аляскаға, Айға барған,

Бай да жоқ оған құшақ жайған алдан;

Құдай-ау, ел де, бел де менікі еді,

Алтынды мынау сонда қайдан алған?!

Кім бұған ерке ұлындай қарап еді,

Құлпырып күннен күнге барады өңі?

Айтсаңшы дүниенің маған жөнін,

Қазақтың қалың сауал – қара өлеңі?!

Алтынды ол Күннен алған,

Айдан алған,

Ауадан,

Не демінен пайда болған…

Ауадан, не демінен пайда болса,

Топырақ сонда біздің қайда қалған?!

9

Қазақтың қазынасы ең, қара мұнай,

Жолыңа көзім талып қарадым-ай;

Ағасың қалай қарай,

Мені тастап,

Барасың қандай елге, қарағым-ай?!

Шығыста –

Аран ашқан кәрі жылан.

Батыста –

Жыны буған сары жылан,

Қара жер қара буға тұншығып тұр,

Атқылап қара мұнай қарынынан;

Құбырға тесік салып, құйып қойды,

Алаштың алпыс екі тамырынан!

Апырм-ай, аттап өтіп, қайда бармақ,

Аруақты ата-баба қабырынан?!

Бетке алып Алашаңқай асқан кезде,

Сары Арқа – Жаңаарқаның бауырынан;

Ағысы қандай мұның жойқын еді,

Арыстан шошыйтындай арынынан!

Айырма, Алла, Алашты сабырынан,

Сақтай гөр зар заманның сарынынан!

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөлдің»,

Жанымыз қалған жұртпыз тамұғынан;

Біз түгіл, шүршіт өткен, бұ заманның

Найқалып мен де өтермін нарығынан;

… Үзілген тамшы қаным болмаса осы,

Алаштың алпыс екі тамырынан…

Қытайда бір ұлымыз Қажықұмар,

Жұртына қағып кеткен қазығы бар.

Бір-бірін іздемесесе Алаш ұлы,

Аз ұлттың Құдай қандай назын ұғар?

Абайы…

Жазға жетер азығы бар,-

Ол енді кімді өзіне қазы қылар?

… Қасқыр да бөлтірігін іздеуші еді,

Қазаға қазақтың да жазығы бар!

Әрине, қазақтың да жазығы бар,

Жебірей болса,

Жаһан назын ұғар;

Алаңсыз ішсе жұрты қара суын,

Ұлтының уын ішті Қажығұмар!

Қазақта қағып кеткен қазығы бар,

Қытайда шәйіт болды Қажығұмар.

Құл болып жүре алмады демесеңіз,

Құдайға оның қандай жазығы бар?!

Боздаған…

Хош,

Боздағым,

Қажығұмар!

… Көненің көзі болған “Көроғлы”,

Не ұлы бұл жалғанда –

Өлең ұлы!

Түріктің қай жерінде жүрсем-дағы,

Күңіреніп құлағыма келеді үні…

10

Қазағым – көзімдегі қарашық-ты,

Адасса о да көппен адасыпты.

Люмпен жоқ, кедей-кепшік, жәлеп те жоқ,

Ол шықса,

Құрттай қаптап жаңа шықты…

Сұмдықтан қаным суып, жаным шығад,

Төгіліп өзегімнен зарым шұбап;

Ғаламнан бір жауабын ала алмаған,

Қазақтың қара өлеңі – қалың сұрақ…

Сайтанға тізгін келіп тигелі бір,

Дүние неге бөлек күйге еніп жүр;

Әйелмен әйел неге әуейі боп,

Еркек пен еркек қалай үйленіп жүр?!

Алтынды көрсе тұрмас алабұртпай,

Теңізді тамшы көрмей – салады ұрттай;

Кедейлік етінен де өтіп кетіп,

Сүйегін кеміріп тұр –

Қара құрттай!

Пендеден сайтанда жоқ айла қалмай,

Жаһанды жалмап жеп бір, жайратардай.

Жұтады неге жұрттың несібесін,

Бауырына алтын басқан Айдаһардай?!

Қараусыз қазынама салып қолды,

Төбеме, төріме де сарып болды;

Тұқымы уызына жарымаған

Тексіз жұрт нарық келіп, –

Қарық болды…

Қайтейін, қайран, жұртым, Алаштайын,

Алдыма бақсыдайын бал ашпайын;

Қасымның аруағына тәу етіп бір,

Мен сені қара өлеңмен аластайын!

Алла да Алаштың бір назын ұғар,

Ел болып жерге қаққан қазығы бар;

Бір ұлы – Тоқтар болса аспанға ұшқан,

Бір ұлы – Қытайда өлген Қажықұмар;

Өзінің несібесін өзі алмастай,

Құдайға қандай оның жазығы бар?!

11

Қарасам шежіре мен аңызға өткен,

Алды-артын ойламайтын жанбыз неткен?

Қазанды жау шапқанда Шора батыр,

Бізді ертпей қалай сонда жалғыз кеткен?!.

Оралдан жылқымды елге айдап келдім,

Бос келмей, бес қаруды сайлап келдім.

Бердің де Қазанымды қалың жауға,

Қоса оған қазағыңды байлап бердің!

Қазаным, қайран, алтын босағам-ды,

Сенімен менің шашым қоса ағарды.

Барасың бордай тозып, қайда, жұртым,

Босатып беріп жауға босағамды?

Бұ не жау жан-жағымнан қаптап кетті,

Көкорай жайлауымды таптап кепті;

Қазанның ашылған сол қақпасымен,

Қазақтың қазанынан қақпақ кетті…

Дүние оны көрсе дір етеді,

Белгілі қазағыңа кім екені;

Келіп тұр қазаныма, маған емес, –

Шұбырып аузындағы сілекейі…

Сол Шора неге асықты, келіп-кетпей,

Бойынан қойды ғой бір желік кетпей?

Алғанда Қазанды мен қайда жүргем,

Соңынан Ноғайлының еріп кетпей?!.

Туғаным, келсең – төрле: “Жан ағам!-деп,

Мен сенің кіндігіңнен тарағам!”- деп.

Туғалы екі көзім Қырымда еді,

Жырымға жылан құсап қарағам жоқ!

12

Жамала!*

Жамала-Ару!

Жамала-Жан!

Үніңнен айналайын “Аға!”-лаған;

Мен тұрмын тілеуіңді тілеп сенің, –

Алла Тағаладан!

*Суса́нна Алимовна Джамалади́нова (известная как Джама́ла—украинская певица и актриса крымско татарско происхождения, народная артистка Украины, выпускница Национальной музыкальной академии Украины)

Қырымның Ай-Аруы Жамала қыз,

Баһадүр – әкең сенің, анаң – аңыз.

Алла алқап, Аруақ жебеп асқақ тұрсың,

Зақһарын шашса-дағы заманаңыз.

Сен жүрсең Қырымда күн ашық болған,

Арнадан Қара теңіз асып-толған;

Татардың аруына, мен түгілі,

Мағжан көкем-дағы ғашық болған!

Алдыңнан Жаһан шығып жайқалып ап,

Құшағын ашып тұр ғой айқарып-ақ;

Қырықтың Қыдыры боп тұрсың, міне,

Қырымды әніңменен қайтарып ап!

Шерлі еді бұл екі егіз халық* неткен,

Аңырап азалы әнге салып кеткен?

Қобыздың зарлы даусы естіледі,

Кобзардың көзден жасы тамып кеткен…

*Украина-Қырым.

Жамала!

Жамала-Ару!

Жамала-Жан,

Түрікке – жан-жағын жау қамалаған,

Бір жылы хабар келе жатқан сынды

Ақжолтай болып Алла Тағаладан…

Түркімен,

Өзбек,

Оғыз –

Дара бәрі,

Қазағы –

Қайтпайтұғын қара нары;

Көрінен атып шығып “Көроғлы”*

Түріктің күллі жұртын аралады.

Қара өлең қалды қашан қатып…бұғып,

Жата ма жер астында жақұт тынып?

Жетпіс жыл Шах-Кәрім де* жерде жатып,

Ілескен “Көроғлыға” атып тұрып!!!

*Ш.Құдайбердіұлы.

Қара өлең жан ұшырып тартады елге,

Ақсораң, Маңғыстау мен Марқакөлге.

Ағады желге ілесіп, (қалып қоймай, –

Ақтабан Шұбырынды-Алқакөлде!”).

Ауысып асылдардан – асылдарға,

Қауышып жасындардан – жасындарға;

Кетеді ол ғасырлардан – ғасырларға,

Жетеді Қасымдардан – Қасымдарға…

13

Мылқауда үн болады,

Таста тіл жоқ,

Дүние кетер сенсіз тас-тақыр боп?

Ғаламда жалғызымсың, Поэзия!

Жалғыздың жары – құдай!

Басқа түк жоқ…

Кезде бір пенделікті бастап кеткен…

Тәңірі тұрар бізді жасқап көктен.

Өлең бар дүр осы бір Дүниеде,

Өмірдің өзінен де асқақ та, өктем.

Арсыға самғап барып от құшқанда,

Кептерім кеудемдегі көкке ұшқанда;

Тәубеме келіп бір сәт егілейін,

Тәңірдің тезі мені кеп қысқанда.

Айтқанмен жерге мұны, желге мұны,

Жетпеді желге, жерге, елге мұңы.

Қайтейін, қара өлең-ай, сен болмасаң,

Пендеңнің іші қуыс мен де бірі…

Түк болмай доллар, күллі ақша құны,

Бастағы ойы басқа,

Басқа – мұңы;

Қарсы алды қарсы алдымнан

қазағымның,

Қара Өлең Дейтін Ұлы Патшалығы!

Бұл қазақ туа әнге салып келді,

Халқымыз Жырға,

Жыр да халыққа ерді.

Өлеңді

Көроғлыдан” бастап Түрік,

Алашты Абайына алып келді!

Құдай-ау, қандай еді кешегі ақын,

Жауынан еңіреп кеп, есе алатын, –

…Бес ғасыр боздап өткен қара өлеңнен,

Қалғаны қазір тірі бес-ақ ақын…

Әулие көрсе де жұрт есімін де,

Жақпайды мына жұртқа несі, мүлде?

Жүрген-ді отырса – опақ, тұрса – сопақ,

Жүргендей кісі – үйінің есігінде?!

Қыран боп туғанымен ол-дағы – адам,

Кезі жоқ дауылдардан қорғалаған;

Бес қыран…

Сорғалаған көктен жасы,

Астында бес жүз қарға жорғалаған…

Бұ заман – қандай заман?

Алтын заман?!

Жаманнан бақ пен дәулет артылмаған.

Бес қыран саңқылдаса көкке самғап,

Төменде – бес жүз қарға қарқылдаған…

14

Азия, Еуропаны араладым,

Қара өлең,

Қара теңіз,

Қара бағым!

Қара өлең,

Қара теңіз,

Қара бақтан –

Басқаға көз тоқтатып қарамадым!

Сағаттың екі тілі зырылдап бір,

Біздерге қандай заман қырындап тұр?!

Рух бір –

Жетім бала,

Адамзаттың

Астында аяғының шырылдап тұр!

Дүниеде құрт-құмырсқа жыбырлаған,

Бөліп ап жаһананы, жырымдаған.

Сен, қайда ұмтыласың, қара өлеңім,

Жүрек жоқ!

Ішек-қарын тұр жыбырлаған…

Орын жоқ саған енді осы арада,

Төлеген жоқ қой?!

Қалған Қособада!

Төрде, әне, Сайтан отыр сақ-сақ күліп,

Періште бүріседі босағада!

Қарасаң, әрі ғажап, әрі әдемі,

Теңізі, көпір, нөпір бар әлемі;

Жұмақ қой Анталия, бірақ, оған,

Жетпей тұр Алашымның қара өлеңі?

Қара өлең!

Тылсым ғалам,

Керім әлем!

Көзімді ашсам ылғи сені көрем.

Көзіне көрінетін қара таппай,

Әсет те хош айтысқан сеніменен.

Ойында күдік те жоқ, сезік те, түк,

Арқасы анда-санда қозып кетіп,

Қазақ та көшкен жұртта қалып қойды,

Өзінен қара өлеңі озып кетіп!

Қара өлең Күнге кетті, Айға кетті,

Қалай ол көзімізді байлап…өтті?

Жұртында соның көшкен біздер қалдық,

Құдай-ау, қас-қағымда қайда кетті?!

Түрік те, өзбек, қырғыз, түрікпен боп,

Жете алмай жүгіріп те, жініккен кеп;

Ол барған Жерұйыққа, біз түгілі,

Ордалы отыз ел де іліккен жоқ…

Өзі жоқ Шалкиіздің,

Сөзі қалған,

(Көкейін алмай елдің, көзін алған?).

Жалғанда біздей сорлы жұрт бар ма екен,

Рухы озып кетіп…

Өзі қалған?!

О, Муза, – қасиетті!

Өзіне асық етті, ғашық етті!

Зілмауыр қанды ғасыр қаншама рет,

Кеудеңнен кергіп сенің басып өтті?!

Кемпірбай ұшып кетті кептерге еріп,

Дауылдар сан жауһарды кеткен көміп;

Құдай-ау, біз ғана ма, адамзаттың

Аяғы тұр ғой қазір көктен келіп?!

Атағы тұрған күнде түріп көкті,

Толстой көрмей…

Ерте жүріп кетті:

Қалай бұл “Соғыс және бейбітшілік”**,

Кітаптан

Көк жәшікке кіріп кетті?!

**Л. Толстойдың дәуірнамасы

Егілтті, өзіне елді сүйікті етті,

Құдай-ау, неге бізді қиып кетті?

Ақылға сыймайтұғын асқақ әлем,

Қалай бір экранға сыйып кетті…

О, Муза!

Жөнедің бе кетіп алға,

Аулақ қып жамандықтың бетін Алла, –

Адамзат Саған қайтып келеді бір,

Немесе

Өледі бұл…

Экранда…

Бетінде Нобельдің* де қара таңба,

Салып ап үлестірді салафанға!

Абайдың бір шумағын тауып алып,

Аялар заман келді алақанға…

*Нобель сыйлығы.

Қарағанды-Астана-Стамбул-Анкара-Ескишехир-Анкара-Амассия-Болу-Стамбул-Астана-Қарағанды.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button