ҚАНЫШ пен ҒАРЫШ

Аспан мен жердің тоғысар тұсын көкжиек деуші еді дана жұрт. Ендеше, аспанымыз – Ғарыш, жердегі бір киеміз Қаныш (Сәтбаев) болсын да, шың мен шыңырауды шендестірген көкжиегіміз – 12 сәуір болғай. Себебі, бүгін – қарагөз қазақтан шыққан алғашқы академик Қаныш СӘТБАЕВТЫҢ туған күні һәм Халықаралық авиация және ғарышкерлер күні болса сонымен қатар, ҚР ғылым саласы қызметкерлерінің де күні екен!

Есенғали Раушановтың «Планета боп Есенин айналып жүр, Есенғали ауылда қой бағып жүр» деп басталар өлеңін оқыған боларсыздар. Жоғарғы тұсында «Жаңа ашылған кіші планеталардың біріне орыстың ұлы ақыны Сергей Александрович Есенин есімі берілді» деген цитатасы бар.

Қанекең де Есенинге есе жіберген емес. Саналы ғұмырын минерология ғылымдарына арнаған геолог-ғалымның құрметіне орай Жоңғар Алатауының солтүстік беткейіндегі Лепсі өзені басталатын аңғарлық мұздыққа «Сәтбаев мұздығы» деген атау берілді. Бұдан бөлек, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Қ.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты, Сәтбаев қаласы, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Сәтбаев көшелері тағы бар. Осымен тәмам ба дерсіз. Жоқ. Әлгінде айтылғандарға Қаратаудағы ваннадий кен орнынан табылған «Сәтбаевит» минералы мен «Академик Сәтбаев» гладиолус гүлін қосыңыз. Апыр-ай, «атың шықпаса, жер өрте» деуші еді халқымыз. Әлдекімдер жер өртеп атын шығара алмай жүрсе, ғалым құрметіне берілген атаулар жетіп артылады екен. Қазақ елі құрмет деп осыны айтса керек.

Қара жерді қопарып, қойын-қонышынан қазба байлық іздеген ғалымның ғарышқа қандай қатысы бар деп топшылаған боларсыз. Айтайық. Жоғарыда жазғанымыздай, алғашқы академигіміздің Есенинге есе жібермеген бірден-бір тұсы – оның атында да ғаламшар болуы. Ендеше, бір абзац бұрын Қанекеңнің ту биігін түгендеп жатқанда айтпай қалған айрықша астероид – «Сәтбаев ғаламшары» деп біле беріңіз.

Бұл атауды Кеңес Одағының еңбек сіңірген астроном ғалымы Николай Черных қазақтың атақты геологы Қаныш Сәтбаевтың құрметіне 1979 жылы 31 шілдеде ашқан ғаламшарына берген болатын. Осы оқиғаға да келесі жылы қырық жыл болмақ!

Сонымын қатар, Черных тап осы жылы тағы бір кіші ғаламшарға «Қазақстания» деген атау қойған болатын. Бұл ғаламшар Күнді 3 жыл 3 ай 10 күнде айналып шығатын көрінеді.

Ендеше, көктен көз алмай өскен Көк Түріктің ұрпағын аспан әлемінен ада деп айтуға болмас. Тіпті, осыдан тура елу жеті жыл бұрын ең алғашқы ғарышкеріңіз де Алаш топырағынан аспанға аттанып еді ғой.

Ой түбіне саңылау салған – 12 сәуір!

Өркениетті оңға бастырған осы үш оқиға да өзімізге ортақ! Алашқа – игі, қазаққа – қажет! Ал, Қанекең болса ғаламшарға айналып, ғарышқа көшіп алды!

Қаныш пен ғарыш – ғалым мен ғаламшар!

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.