Абайдың ақылымен аман қалған…
ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілуі жоспарланған ұлы Абайдың 175 жылдығына әлемді шарпыған мынау індет қабат келіп, бәрімізді тығырыққа тіреп жатқан жайы бар. Індет демекші, осы орайда Мұқағалидың өмірлік жары Лашын ӘЗІМЖАНОВА апамыздың тағылымға толы естелігін жариялағанды жөн көрдім. Данышпан Абайдың шарапаты кімдерге тимеген?! Осынау тамаша естелікті оқып отырып, Абай атамыздың қалың елі қазағына, тіпті, обаға қарсы күресте де аман қалудың тура жолын сілтегеніне куә боламыз. Жарықтық індет атаулының кез келгенімен күресіп бағыпты ғой…
Абай айтқан бұл қауіпсіздік шаралары тым қарапайым болғанымен, эфирден айтылып жатқан сақтану қағидаларымен үндес екенін аңғарамыз əрі осы күнге дейін маңызын жоймағанын көреміз. Егер бұл сақтандыру талабын бұлжытпай орындасақ, індеттен аман қаларымыз хақ. Лашынның нағашы атасы Қырманшы бір ауыл оба індетінен түгел қырылғанда, Абай айтқан сақтық шараларын мүлтіксіз орындағандықтан ғана отбасын аман алып қалады. Бір сұмдығы, Абай заманынан беріде Ұйғыр ауданындағы бір ауылды жалмаған оба індеті терісі бағалы су тышқаны – құндыздан тараған екен. Қытайда басталған мына індет те əу баста адамдарға жарқанаттан жұққан көрінеді. Екеуі де – тышқан. Таяуда Үкімет жабайы құстарды атуға рұқсат беретін аңшылық маусымын ашты. Ал жыл құстарының дені Қытай асып келетіні белгілі. Коронавирустің жабайы аңдар, əсіресе, ұшатын тышқан-жарқанат арқылы жұғатынын ескерсек, биыл аңшылыққа, əсіресе, құс атуға мүлдем тиым салу керек! Ендігі сөзді Лашын Əзімжанқызының естелігіне берейін: «Абай атамыздың аты, аруағы бұл күнде бүкіл əлемді дүр сілкіндіріп жатыр. Сол ұлы адам мені де тыныш отырғызбай қолыма қалам ұстатты. Бала күні əкем айтқан бір əңгіме естен кетпейді. Менің əкем – Əзімжан Сəлімбайұлы өте салмақты, оң-солын тани білетін, көп сөзі жоқ, жақсы-жаманды ажырата алатын, арабша сауатты, өте сергек адам еді. Ұлы ақынның өлеңдерін тұңғыш рет тəтемнің (əкемді «тəте» дейтінбіз) аузынан естідім. Ол кісі «Болыс болдым, мінеки» деген өлеңді жатқа айтып, «сол болыс қазіргі біздің бəленше ғой» деп күліп отыратын. Абайдың мұнан да басқа көп өлеңдерін жатқа айтатын. Біз Алматы облысы, Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданынанбыз. Ашып айтқанда, Ұлы жүздің бір баласы Албан деген ел боламыз. Көршілес Ұйғыр ауданында біздің нағашымыз Қырманшы деген алғыр, өжет адам болған. Кейінгі ұрпақ, біздер ол кісіні көрген жоқпыз. Оны тəтемнің əңгімесінен ғана білеміз. Сол атамыз патша заманында болыстыққа таласады. Осы сайлауда бір адам қаза болады. Оның бар кінəсін Қырманшы атамызға жабады. Сөйтіп, атамыз түрмеге түседі де, он жылға сотталып, Сібірге айдалып кетеді. Нағашымыз сол кеткеннен мол кетеді, хат-хабар болмайды. Ал, атамыз Сібірде айдауда жүргенде Петро есімді орыспен танысып, жан аямас дос болады. Қарағай кесіп, қиыншылыққа төзе жүріп, орыс тілін үйренеді. Кесімді мерзімі таяғанда Петромен ақылдасады.
– Петро, менің туған елім Қытайдың шекарасында. Ол жерге ұшқан құс, жүгірген аңнан басқа ештеңе бармайды. Ертең мені босатқанда ауылыма қалай жетемін? – деп сұрайды. Досы көп ойланып отырып:
– Сен, əрине, өз басың жете алмайсың. Ол жерге тек жараулы аттар болмаса, басқамен жету мүмкін емес. Сен былай істе. Семей деген қаланы естуің бар шығар. Сол жақта Абай Кұнанбаев деген атақты, ұлағатты, қайырымды ақын тұрады. Қазір ол кісі жайлауында болар. Семейге жетсең, ақынды табу оңай. Сол кісі ғана саған қолұшын беруі мүмкін. Оған мен сенімдімін, – дейді. Сөйтіп жүргенде, Қырманшы атамның кесімді мерзімі де бітеді. Жолға дайындалады. Петро атамды шығарып салады. Содан бірде жаяу, бірде ат жалдап, бір ай дегенде Семейге жетеді. «Сұрай-сұрай Меккеге де барасың» дегендей, сұрастыра жүріп, Абайдың қалаға келгенде түсетін үйлерін де тауып алады. Абай ауылынан келген бір жолаушыларға ілесіп, ақынның ауылына жетеді. Жолаушының біреуі Қырманшыны Абайдың үйіне ертіп барып, бар жағдайын айтып таныстырады. Еліне жетуге көмек сұрай келгенін мəлімдейді. Ұлы ақын Қырманшы атамызды жақсы қарсы алады.
– Жарайды, алыстан, айдаудан жүдеп-жадап келіпсің. Саған жөн сілтеген Петроң да бекер адам емес екен. Бірер ай тынық, мына түріңмен ұзақ жолға шыдамассың, – деп ақыл береді. Қырманшы атам сол ауылда қалып, біраз уақыт Абайдың төңірегінде болады. Ақынның жанында өткерген уақыт бүтін бір мектептен өткендей əсер етеді. Абай үнемі оқып немесе өлең жазып отырады. Төңірегіндегілерге сол оқыған кітаптарынан əңгіме айтады. Оқу-білім туралы, дін туралы сөз қозғайды. Кейде медицина туралы да əңгіме айтылады. «Қазақ халқы – көп оқымаған, бір-біріне жаны ашығыш, төзімді халық. Осындай мінезінен кейде өрескел қателер жіберіп алады. Мысалы, сүзек, оба, тырысқақ, шешек деген өте жұқпалы аурулар бар. Солардың жөнін білмей, бір-біріне жаны ашып жүріп, ауруды қалай жұқтырғанын сезбей қалады. Осындайдан бүкіл ауыл адамдары қырылған уақыттар болған. Сондықтан, əрбір ауруға өте сақтықпен, жайлап, ойлап араласу керек. Ауру тым қабынған жағдайда ол маңға аттап басуға тыйым салу қажет», – деп əңгіме арасында ескертіп отыратын көрінеді.
Біраз уақыт өткеннен кейін атамыз еліне қайтуды ойлайды. Абай да оны түсініп, бастан-аяқ жаңадан киіндіреді. Жанына екі жігіт қосып, екі атты бос айдатып, өзіне жүйрік, мықты ат сыйлап, еліне шығарып салады. Қосарлап ат мінген үш жігіт неше айлар жүріп, туған еліне келеді. Ұлан-асыр той болады. Бірнеше күннен соң Қырманшы ауылы қосшы жігіттердің иығына шапан жауып, астына ат мінгізіп ақ тілеуін тілеп, оларды жолға шығарып салады. Жылдар жылжып өтіп жатады. Қырманшы атамыз үнемі Абай ауылын, Абайдың данышпандығын, оның кедей-кепшікке көмегін айтып, аузынан тастамайды. Бір күні төсегінен тұрып жатқанда біреудің «бəленшенің үй-іші түгел қырылып қалыпты», – деп сырттан айқайлағанын естиді. Бір сұмдықтың болғанын сезе қояды да, тез киініп босағаға дейін барады. Бірақ, есікті ашпай, сырттағы сөзді бағып отырады. Содан «анау өлді, мынау да жан тапсырғалы жатыр» деген дауыстарды естиді. Осы сəтте Абай ақынның айтқандары есіне түседі. Үйінен ешкімді далаға жібермейді, сырттан ешкімді үйге кіргізбейді. Бір келіні ғана бірбеткей, өте өркөкірек екен. Сол келін бой бермей далаға шығып кетеді. Ол үйге қайтпайды. Сол ауру – оба ауруы екен. Ауылдан бір əйел отын алып келуге кетеді. Отын теріп жүріп, өліп жатқан кішкентай кұндызды көреді. Көреді де отынның арасына салып, үйіне əкеледі. Күйеуі оның терісін алмақ болып сояды. Міне, осыдан оба ауруы басталған. Кейбір сауаты бар адамдар тиісті жерге хабарлап, Алматыдан, Мəскеуден дəрігерлер, көмекші мамандар арнайы келеді. Олар жəрдем жасай бастайды, бірақ, тым кешіккендіктен, ауылды кеселден қорғай алмаған. Сол бүкіл ауылдан Қырманшы атамның отбасы ғана (бір келіннен басқасы) аман қалған. Бұл да болса, ұлы ақынның асқан білімпаздығы мен көрегендігінің арқасы деп ойлаймын. Əңгіме арасында айтылған бір ауыз сөзі бір шаңырақты апаттан аман алып қалғанын қалайша ұмытпақпыз?!».
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ.