«Қара орамал»– қойылым өзегi

    Қазақ поэзиясында ҚарЛаг қасіретіне қойылған бірден-бір ескерткіш – Алаштың ардакүрең ақыны Ғалым ЖАЙЛЫБАЙДЫҢ «Қара орамал» поэма-реквиемі десек, қателесе қоймаспыз. Оны осыдан 3-4 жыл бұрын айдай әлемге әйгілеп, алғаш жариялаған – өз газеттеріңіз «Орталық Қазақстан» болатын. Алашқа ғана емес, адамзатқа көңіл айтқан шығарма бүгінде Қазақстан театрларын шарлап кетті. Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында премьерасы өткен «Қыз жылаған – Қара орамал» қойылымы – соның дәлелі.

Алаштағы айтулы ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэма-реквиемін көзге жас алмай оқу мүмкін емес. Қарағанды топырағында болған ҚарЛагтың ғана емес, күллі қазақтың, қалаберді, әлем жұртшылығының қасіретке толы азалы тағдыры. Жантүршігерлік «Мамочкина моласын» арқау еткен шығарманың шындығы уақыт өткен сайын шиыршық атып, ұрпақ үшін тарихтағы ұлы сабаққа айналары сөзсіз. Осыдан 4 жыл бұрын шыққан автор шығармасының көп ұзамай сахналанып жатқаны да біраз жайды аңғартса керек.

Осындай шығарма желісінде сахналанған поэтикалық қойылымды Талдықорғанда «Жас актер» театры қойыпты. Режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбайұлы. Қазақстан Республикасының Халық әртісі Алмахан Кенжебекованың көркемдік жетекшілігімен сахналанған қойылымның сәтті шыққанын ұзынқұлақтан естігенде, жерлес ақынның жетістігіне біз сүйсінбегенде, кім сүйсінбек?!

Көріп, пікір жазушылардың айтуынша, жерлес ақын ағамыздың туындысы желісінде сахналанған қойылым жазықсыз жала салдарынан жазаланған ана мен одан туғанынан жырақтаған бала тағдырын көз алдыңа алып келеді екен. «Небір жан төзгісіз зорлық-зомбылықтарды бастан өткерген, ауыр еңбекке жегілген қайран аналардың өмірі жанарға жас үйіреді. Поэма-реквием сахналауға келмейтін, иірімі бөлек дүние секілді көрінеді. Алайда, сахна майталмандарының табанды еңбегінің нәтижесінде әрі оқушылардың таланты мен ізденімпаздығының арқасында ойдағыдай сахналанып, көрерменнің көңілін толқытты. Бұл ретте, қойылымның суретшісі Саят Жұмаділ мен дыбыс режиссері Қарлығаш Исаеваның еңбегін де атап өткен жөн» дейді Асыл Сұлтанғазы.

Тарихтағы ҚарЛаг, ГуЛАГ, СтепЛаг, АЛЖИР қасіретін айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Алайда, осындай соқталы туындылардың арқасында кейінгі ұрпақ тарихтан үлкен сабақ алса керек. Ақын Ғалым Жайлыбайдың тілімен айтсақ:

Қарағанды, Қазақтың қара нары,

Самал әні сарнайды саған әлі.

Жұмыр жерде жұдырығын ішке түйіп

Сталиннің өріп жүр балалары.

Арғымағым, арда едім, арыдым де.

Қадірлімнің таба алмай қабірін де.

Сталиннің вагоны музейде тұр –

Қаңқасынан қан саулап әлі күнге.

Жәнібек ӘЛИМАН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.