Руханият

Қоңыр әуен иесі

Қорабай ЕСЕНОВ! Бұл есімді естіген кезде менің көз алдымнан тұтас бір дәуір сырғып өтеді. Осыдан қырық жыл бұрын, тіпті, одан әріректе қазақ ән өнерінде бір жұлдыз жарқ ете қалған болатын. Бұл жұлдыз – бүгін туып, ертеңіне ағып түсетін жұлдыз емес. Сол дәуірдегі қолына гитара ұстаған жандардың жол көрсетер темірқазығы еді. Тұтас бір дәуір деуімнің де себебі бар. Ол кісінің әндерін әр буын өкілі жатқа айтатын. Той-томалақта ағамыздың «Жас қалам», «Қоштасу», «Жылжиды аққу», «Досыңның көзін ұғарсың» сынды әндерін бастасаңыз, елдің қосыла кететіні де осы сөзіміздің айғағы.

Сонымен, қоңыр әннің иесі Қорабайдың ән өнеріндегі жолы қалай басталып еді?! Осыған тоқтала кетсек…

Қорабай ағамыздың әкесі Әбікен домбыра шертіп, ән салатын, күй тартатын кісі болған. Бір бойында ақындығы мен әншілігі бар Әбекең нағыз жеті өнерді меңгерген жігіт болыпты. Бірақ, ол кісі еш уақытта өнер жолын қумаған. Қарапайым теміржолшы, паровоз машинисі қызметін атқарған жан. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Қорабай да бала кезінен домбыра тартып өсті. Өмірін ауылмен байланыстырған жас жігіт сол кездегі Целиноград ауыл шаруашылығы институтына оқуға түседі.

Ол кездерде студенттерді ауыл шаруашылығы практикаларына жіберу деген болатын. I курста оқып жүрген кезінде Қорабай ағамыз осындай практика барысында Николай Литовченко деген украин жігітімен танысады. Николай әскерден кейін кешеуілдеп оқуға түскен, тіс қаққан жігіт екен. Жатақханада кешкі мезгілде серілік құрып, гитарасын сабалап, айқайлап әскери тақырыптағы және махаббат жайлы әндерді айтқанды ұнатады екен. Бәрібір ұйықтап жарытпайтынын білген Қорабай осы Коляға қолқа салып, гитара тартуды үйрене бастайды. Бас-аяғы екі-үш күн ішінде гитараны Колядан кем тартпайтын дәрежеге жетеді. Онысын ағамыздың өзі «Домбыра тарта білетін адамға гитара үйрену деген түк емес екен» дейді. Шәкіртінің гитараның құлағында тез ойнап кеткеніне Николай да қатты таңданса керек. Ақыры сол жылы күзде арман болған гитарасын сатып алып тыншыған екен.

Қорабай Есенов ағамыздың алғашқы әні – «Жас қалам». Бұл ән туған шақта Қорабай Есенов небары 17 жастағы бозбала екен. Әнді 1966 жылы Жаңа жыл мейрамы қарсаңында шығарған.

Бұл ән төңірегінде дау көп. Біреулер «Қорабай бұл әнді ұрлаған. Он жеті жасар боқмұрын бала осындай ән жаза ма?» деген сөздерді алға тартады. Мәнісін сұраған жандарға ағамыз «Бұл әннің сөзіне таласпаймын. Жанымдағы жолдастарымның әкеліп көрсеткен сөзі болатын. Ал, ән – менікі» деп жауап береді. Осы әнді қолы қалт еткенде, институт ішіндегі кештерде орындап ағамыздың аты шыға бастайды. II-ші курста оқып жүрген кезінде КВН ойынында Қорабай ағамыз орысша ән шырқайды. Осы ойынды тамашалауға келген облыстық телеарнада қызмет істейтін Иса Ғалиасқаров деген кісі жас жігіттің өнеріне тамсанып, оны өзіне шақырып «Таяу күндері Алматыда Целиноградтың он күндігі өтеді. Біз сені соған апарайық. Екі-үш ән дайында» дейді. Бірер ай дайындалып, облыстық телестудияда үш ән жаздырады. Оның бірі Нұрғиса Тілендиевтің «Әке туралы жыр» әні болса, «Жас қалам», «Қоштасу» деп аталатын қалған екі әннің авторы өзі еді. Бұл әндердің сәтті жазылғаны сонша, Қорабайдың орындауындағы әндер облыстық радиодан ғана емес, бірден «Қазақ радиосынан» беріле бастайды. Міне, осы сәттен бастап Қорабайдың ел арасына танылу сәті басталады. Ол кезде қазіргідей интернет деген жоқ. Араға 10-15 күн салып, деканатқа хаттар ағыла бастайды. Біреулер әннің сөзін сұрап жазса, біреулер жай ғана танысқысы келеді екен. Оның барлығына жауап жаза беру мүмкін емес болатын. Тіпті, кейбір қуақы жігіттер «Мен Қорабаймын. Танысайық» деп қыздарға өз суретін жіберген кездері де болыпты. Осындай жарқын сәттерінің бірін кейін ағамыз еске алады.

– Бір күні менің атыма сәлемдеме келіпті. Ішін ашып қарасам, екінің бірінің басынан табыла бермейтін қымбат құлақшын. Мұның мәнісін кейін білдім. Бір құрдасым «Целиноградтың суығында басым тоңып жүр» деп хат жазған екен. Соған жауап ретінде келген құлақшын болып тұр. Сөйтіп, ол құлақшынды жаураған бас иесінің өзіне бергенім бар, – дейді ағамыз.

Ол кезде қайнаған өнер ордасы Алматыда болатын. Ағамызды деканат арқылы Нұрғиса Тілендиевтің өзі шақыртқан екен. Бірақ, әкесімен кеңескен Қорабай бұл ұсыныстан бас тартады. Әкесі баласының «Қазақ радиосынан» ән шырқағанын естіп, қатты разы болған. «Ұлым менің атымды көкке көтерді. Осы да жеткілікті» дейді екен. Алматы жайлы ұсынысты естіген қария «Нар баласы бақырмас болар» деп бір ауыз сөзбен тоқтатқан. Баласының түпкілікті өнер жолына түсуіне қарсы болған. Қорабай да дала тәрбиесін көрген, әке сөзін аяқ асты ететін жігіт емес. Әке шешіміне көнеді.

Ағамыз өзін композитор санатына жатқызбайды. «Бар-жоғы екі-үш әнім бар. Қалайша өзімді композитормын деп айта аламын. Мен – ән орындаушымын» деп өзі талай жерде айтып жүр.

Сөз басында айтып өттік қой. Ағамыз «Қазақ гитарашыларының атасы» ретінде мойындалған адам. Жалпы, ағамыздың жеті әнмен елге танылғаны рас. Камал Смаилов ағамыздың заманында «Қазақ радиосына» он бес ән жаздырып, отыз жылға келісім-шарт жасасқан екен. Ол келісім-шарттың күшін жойғанына да төрт-бес жылдың жүзі өтіпті. Содан ба екен бұл күндері радиодан Қорабай ағамыздың орындауындағы әндердің берілуі сирек. Өнерде «шығармашылық одақ» деген түсінік бар. Ақын Кәкімбек Салықов, композитор Жағыпар Әлімжанов және әнші Қорабай Есенов құраған одақ тыңдарман жүрегіне жететін бірнеше әнді дүниеге әкелді. Жалпы, ағамыз атақ-даңққа құмар адам емес. Халық жүрегінің төрінен орын алған санаулы әншілердің бірі. Сірә, өнер адамы үшін осыдан үлкен бақыт жоқ шығар?..

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button